Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ынтымақ пен тағылымның белгісі

Ынтымақ пен тағылымның белгісі

Шежірелі өлкеміздің тарихында тағы бір тағылымды да ғибратты шара алтын әріптермен жазылды. Мектеп қабырғасын тәмәмдағандарына 20 жыл толған 1988 жылғы туылған мектеп түлектері туған жерге деген перзенттік махаббаттары мен шынайы құрметінің белгісі ретінде ауыл орталығынан еңселі «Сүйікті 1 Мамыр ауылым» атты монументін тұрғызып, салтанатты түрде ашылу рәсімін өткізді.
Бұл шара тек бір буынның кездесуі ғана емес, тұтас ауылды ұйыстырған, жас ұрпаққа үлгі боларлық үлкен рухани мерекеге айналды. Шараның шымылдығы зәулім монументтің алдында, ауыл тұрғындары мен ақсақалдардың, жан-жақтан келген қонақтардың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Лента қию рәсімінен кейін сөз алған ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері жиырма жылдық түлектердің бұл қадамын жоғары бағалап, алғыстарын жаудырды. Көпшіліктің назарына ұсынылған концерттік бағдарлама шараның көркін қыздыра түсті. Патриоттық әндер мен күмбірлеген күй туған жердің қадір-қасиетін асқақтатты. Түлектердің мектеп кезіндегі қызықты сәттерінен естеліктер айтылып, қимас сезімдер жаңғырды. Өнерлі ауыл жастары мен мектеп оқушылары өздерінің арнау өлеңдері мен билерін тарту етті.
«Туған жерге туыңды тік» деген бабалар сөзін ту еткен түлектердің бұл тартуы – ауылдың көркіне көрік қосып қана қоймай, бірлік пен берекенің символына айналмақ. Мерекелік шараның екінші бөлімі терең тағылымды бағытта, ауылдық мешітте жалғасын тапты. Түлектердің ұйымдастыруымен ауыл үлкендері мен тұрғындарына кең жайылған дастархан басында ас берілді. Бұл басқосудың басты мақсаты — өмірден өткен ұстаздарды, сыныптастарды және ауыл қарияларын еске алып, рухтарына Құран бағыштау еді. Мешіт имамы Құран аяттарын оқып, ауылдың көпті көрген қариялары мен ақ жаулықты аналары түлектердің алдағы жолдарына, отбасыларына ақ батасын берді.
Шараның соңы жастардың белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған ауқымды спорттық бағдарламаға ұласты. Ауыл жастары мен қонақтар түрлі спорттық сайыстарда бақ сынасып, бозкілем мен алаңда нағыз тартысты ойын көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге түлектер атынан арнайы дипломдар, кубоктар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
1988 жылғы түлектердің 20 жылдық кездесуі шеңберінде өткен бұл шара – туған жерге тағзымның, өткенге құрмет пен болашаққа деген сенімнің жарқын үлгісі. «1 Мамыр ауылым» монументі ауыл келбетін ажарландырып қана қоймай, келер ұрпақты отансүйгіштікке, ауызбіршілікке тәрбиелейтін қасиетті орынға айналары сөзсіз. Туған жерін ұлықтаған түлектердің ісі оң, қадамдары сәтті болғай!

Мақпал Жусанбаева,
№40 А.Қыраубаева атындағы орта мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі
28 мамыр 2026 ж. 93 0