Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлесіміз «Айтыстың ақтаңгері»

Жерлесіміз «Айтыстың ақтаңгері»

Астана қаласында «Amanat» партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті. «Еңбек – ел ырысы» тақырыбындағы дәстүрлі жыр аламаны биыл қарапайым еңбек адамдарына арналды.
Республикалық айтыстың ашылу салтанатында сөз алған Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек адамының мәртебесін көтеруді тапсырып, Рес­публика күні қарсаңында Президент 700-ден астам қарапайым еңбек адамын мемлекеттік наградамен марапаттағанын атап өтті.
«Биылғы «Алтын домбыра» ақындар айтысының өзіндік мәні бар. Бүгінгі айтыс қарапайым еңбек адамдарына арналады. «Еңбек – ел ырысы» деп отырмыз. Себебі, берекенің бастауы – еңбекте. Ал, оның иесі де, киесі де – қарапайым еңбек адамдары. Осы ретте Мемлекет басшысы «Адал азамат» ұғымын қоғам санасына сіңіруді ұсынды. Айналып келгенде, мемлекетті мемлекет, елді ел қылып отырған бай-бағландар емес, қатардағы жұмысшылар, малшылар, диқандар, ұстаздар мен дәрігерлер. Қазір оларға деген қоғамның шынайы құрметі оянып келеді», деді Е.Қошанов.
«Алтын домбыра» республикалық айтысты жүргізу тізгінін Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ұстады. Әр аймақтан келген 16 ақын сөзден тосылмай, айтыстың шырайын кіргізе білді. Қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көрсетіп жүрген азулы ақын Мақсат Ақанов бас жүлдені қанжығалап, алтын домбыраны иеленді. Ал жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан І орыннан табылып, «Айтыстың ақтаңгері» атанды. ІІ орынды Аспанбек Шұғатаев иеленсе, ІІІ орын Жансая Мусина мен Төлеген Жамановқа бұйырды.

«Өскен өңір» ақпарат
14 қараша 2023 ж. 127 0