Ерлігі – аңыз, еңбегі – тағылым
Кейбір адамдардың өмір жолына бүтін бір дәуірдің тарихы сыйып кетеді. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт күннің еңбеккері Абдул Ералиев. Оның ғұмыры – қиындыққа мойымаған қайсарлықтың, Отанға адал қызмет етудің, адамгершілік пен бауырмалдықтың жарқын үлгісі.Абдул Қадірұлы 1921 жылы Сыр бойында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Қадір Ералиев еңбекпен күн көрген қарапайым жан болса, анасы Күләш отбасының берекесін кіргізген дана адам еді. Балалық шағы жоқшылық пен ауыр тұрмыс кезеңіне тап келгенімен, талапты жас білімге ұмтылды. 1936 жылы Қорғантөбедегі педагогикалық училищеге оқуға түсіп, 1940 жылы тәмамдайды. Жас маман еңбек жолын аудандық халық ағарту бөлімінің инспекторы ретінде бастап, кейін мұғалім болып қызмет атқарды. Бірақ оның ұстаздық жолын тағдыр басқа арнаға бұрды.
Сұрапыл соғысқа аттанған боздақ
1941 жылдың ақпан айында Абдул Қадірұлы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Сол кезде оның жасы небәрі жиырмада еді. Арманы көп жас жігіттің өмірі енді майдан тағдырымен байланысып кетті.
1941 жылдың ақпан айында Абдул Қадірұлы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Сол кезде оның жасы небәрі жиырмада еді. Арманы көп жас жігіттің өмірі енді майдан тағдырымен байланысып кетті.
Соғыс… Бұл сөздің өзінде қаншама қасірет жатыр. Кеше ғана ауыл көшесінде асыр салып жүрген бозбалалар бір күнде қолына қару алды. Аналардың көз жасы көл болды. Қара қағаздан қорыққан ел әр күнді үреймен қарсы алды. Елдің ертеңі үшін мыңдаған қазақ жастары секілді Абдул Қадірұлы да қолына қару алып, Отан қорғауға аттанды.
Әуелі авиациялық бөлімдерде қызмет атқарған жас жауынгер кейін майданның ең ауыр шептеріне жіберілді. Краснодар өлкесі мен Солтүстік Кавказ бағытындағы кескілескен шайқастарға қатысты. 1942 жылы оқ пен оттың арасындағы ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, госпитальда ем алады. Алайда ол жарақаттан кейін елге қайтуды емес, қайтадан сапқа тұруды таңдады.
1943 жылы танк әскері құрамындағы арнайы курсты аяқтап, механик-жүргізуші мамандығын меңгерді. Болат сауытты танктің ішінде жүріп, талай қауіп пен қатерді бастан өткерді. Днепрдің оң жағалауындағы шайқастарға, Кировоград операциясына қатысып, Украина жерін азат ету жолында ерлік көрсетті. Кейін жауынгерлік жолы Венгрияға дейін жалғасып, Будапешт түбіндегі ауыр ұрыстарға ұласты. Архив деректерінде оның гвардия сержанты, танкист болғаны және 1940-1947 жылдары әскери қызмет атқарғаны көрсетілген.
Жанкешті жауынгер үшін танк ішіндегі өмірдің өзі бір майдан еді. Қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығы, снаряд жарылыстарының дүмпуі, өлім мен өмірдің арасындағы арпалыс – мұның бәрі оның күнделікті өміріне айналды. Кейде бірнеше тәулік бойы көз ілмей, алға жылжуға тура келетін. Қасында жүрген қаруластарының бірі ертеңіне оралмай қалатын. Соғыс даласының осындай ауыр сынақтары оның рухын жасыта алмады. 1944 жылы жауға қарсы жойқын шабуылдардың бірінде тағы да жараланып, бірнеше ай госпитальда емделді. Бірақ жауынгерлік рухы мұқалмады. Сауыға салысымен қайта сапқа қосылып, шайқас жолын жалғастырды.
1945 жылы мамырда көптен күткен Жеңіс таңы атты. Алайда айбынды Абдул жауынгердің әскери қызметі мұнымен аяқталған жоқ. Ол 1947 жылға дейін Кеңес Армиясы қатарында болып, әскери борышын өтеді. Майдангердің елді жаудан азат ету жолындағы көзсіз ерлігін ұлы Сайд Ералиев те ерекше тебіреніспен еске алады.
«Әкем соғыстың алғашқы кезеңінде мерген әрі минометші болды. Ұрыс барысында көптеген фашист басқыншыларын жойған. 1942 жылы Батыс майданда Пермь атқыштар полкінде минометші ретінде қызмет атқарды. Солтүстік Донец өзені маңында жау қорғанысын бұзу кезінде 22 маусым күні бес жау солдатының көзін жойып, асқан ерлік көрсеткен. Осы шайқаста өзі де ауыр жарақат алған болатын. Кейін 2-Украина майданында 233-мотоатқыштар полкінің құрамындағы 73-атқыштар дивизиясында қызмет етті. Яссы тобының қорғанысын бұзу кезінде мотоатқыштар бөлімшесінің құрамында ерлік көрсетіп, жаудың шабуылын тойтаруға қатысты. Осы шайқастарда батылдығымен көзге түскен екен.
280-ші жеке оқу танк полкінде болған кезінде өзін жауапты жауынгер ретінде көрсетті, оқу-жаттығуларға адал қатысып отырды. Курск доғасындағы шайқастарға қатысып, танк жүргізуші-механигі ретінде Румынияны, Венгрияны және Чехословакияны азат етуге атсалысты. 83-гвардиялық танк полкінің құрамында танк жүргізуші-механигі ретінде 1945-1946 жылдары Қиыр Шығыстағы жапон милитаристеріне қарсы соғыс қимылдарына қатысты.
Әкем соғыс туралы көп айта бермейтін. Бірақ оның кеудесіндегі орден-медальдар мен майдандас достарының естеліктері бізге оның қандай ержүрек жауынгер болғанын аңғартатын. Оқ пен оттың ортасында жүріп, бірнеше рет жараланса да, жауға қарсы күресін тоқтатпаған. Біз үшін ол тек әке ғана емес, Отан үшін от кешкен нағыз батыр еді. Оның өмір жолына қарап, төзімділікті, елге адал қызмет етуді және қандай қиындық болса да мойымауды үйрендік. Әкемнің ерлігі – біздің ғана емес, кейінгі ұрпақтың да мақтанышы.
Ол 1946 жылғы 12 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1946 жылғы 20 наурыздағы Жарлығы негізінде әскер қатарынан демобилизацияланды. Соғыс аяқталғаннан кейін де бірнеше жыл бойы халық шаруашылығы саласында еңбек етті. 1950 жылдан бастап КОКП мүшесі болды.
Менің әкем, орынды жерде артық сөйлемейтін, адал әрі еңбекқор адам еді. Ол өте қарапайым, әділ мінезді жан болды. Біз, оның балалары мен немерелері, оны әрдайым мақтан тұтамыз және жарқын бейнесін жүрегімізде мәңгі сақтаймыз», – дейді ұрпағы.
Елге оралған еңбек майталманы
Майданнан оралғаннан кейін Абдул Қадірұлы тыныш өмірдің де өзіндік майданы бар екенін жақсы түсінді. Соғыстан кейінгі жылдары ел қираған шаруашылықты қалпына келтіруге кірісті. Аштық пен тапшылық халықтың еңсесін басып тұрған ауыр кезең еді.
Майданнан оралғаннан кейін Абдул Қадірұлы тыныш өмірдің де өзіндік майданы бар екенін жақсы түсінді. Соғыстан кейінгі жылдары ел қираған шаруашылықты қалпына келтіруге кірісті. Аштық пен тапшылық халықтың еңсесін басып тұрған ауыр кезең еді.
Ол аудандық білім бөлімінде инспектор болып қызмет атқарды. Балалар үйінің меңгерушісі болды. Мектептерде мұғалімдік етті. Жас ұрпақтың білім мен тәрбие алуына бар күш-жігерін жұмсады. 1950 жылдардан бастап ауыл шаруашылығы саласында жауапты қызметтер атқарды. Колхоздар мен ауыл шаруашылығы ұйымдарында инспектор-ұйымдастырушы, аға инспектор болып еңбек етті. Кейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларында басшылық қызметтерге көтерілді. 1961 жылы Қалабад аудандық инспекциясының бас инспекторы қызметіне тағайындалды. 1962-1965 жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру және басқару саласында еңбек етті. Қай қызметте жүрсе де ел игілігін бірінші орынға қойып, адал еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленді.
Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары түрлі марапаттарға ие болды. 1981 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек майданынан қол үзген жоқ. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірдің әрбір жетістігінде оның да маңдай тері жатты.
Әулеттің алтын қазығы
Абдул Ералиев тек майдангер ғана емес, үлкен әулеттің берік тірегі болды. Жары Сұлухан анамызбен тату ғұмыр кешіп, 4 ұл мен 1 қыз және қарындасының ұлын бауырына басып, тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан тараған 16 немере мен 7 шөбере ата аманатына адал болып, әулеттің өнегелі жолын жалғастырып келеді.
Абдул Ералиев тек майдангер ғана емес, үлкен әулеттің берік тірегі болды. Жары Сұлухан анамызбен тату ғұмыр кешіп, 4 ұл мен 1 қыз және қарындасының ұлын бауырына басып, тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан тараған 16 немере мен 7 шөбере ата аманатына адал болып, әулеттің өнегелі жолын жалғастырып келеді.
Балаларына адалдықты, еңбекқорлықты, үлкенді құрметтеуді, кішіге қамқор болуды үйретті. Оның тәрбиесін көрген ұрпақтары бүгінде қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Оның адамгершілік болмысы бір ғана отбасымен шектелмеді. Тағдыр тауқыметін көрген қарындасына көмек қолын созып, ұлын өз перзенттерінен кем көрмей өсірді. Балаларының білім алуы үшін тынбай еңбек етті. Бұл – оның кең жүректі, бауырмал азамат болғанының айқын дәлелі.
Қан майданда қасқайып тұрып қайсарлық көрсеткен Абдул Қадірұлының өмір жолы – оқ пен оттың арасынан өтіп, кейін елдің еңсесін көтеруге атсалысқан тұтас бір буынның тағдыры. Ол майданда Отан үшін жанын шүберекке түйіп шайқасты. Бейбіт күнде халық үшін маңдай терін төкті. Ұстаз болды, ұйымдастырушы болды, басшы болды. Бірақ қай қызметте жүрсе де адамдық болмысынан айныған жоқ. Соғыс даласынан келіп еңбек майданына енген жауынгердің есімі ел жадында мәңгі сақталсын деген ниетпен Шиелі кентіндегі бір көшеге Абдул Ералиевтің аты берілді. Бұл – қос майданның қаһарманына көрсетілген халық құрметі.
Бүгінде оның ерлігі мен еңбегі ұрпақ жадында сақталып келеді. Соғыс даласында көрсеткен батылдығы мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі кейінгі буынға үлгі болып қала береді. Өйткені мұндай адамдардың ғұмыры уақыт өткен сайын алыстамайды. Керісінше, ұрпақ санасында асқақтай түседі.
Абдул Ералиевтің өмірі – елге қызмет етудің, Отанды сүюдің, адамдық биіктіктің мәңгілік шежіресі. Оның ерлігі – тарихтың төрінде, еңбегі – халықтың жүрегінде.
Гүлнәр Дүйсебай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі







