БЕРЛИНДІ АЛҒАН ЖАУЫНГЕР

Ол 1912 жылы дүниеге келген. 1924-1928 жылдары ауылдағы бастауыш мектепті, 1928-1932 жылдары Ташкент қаласындағы қазақ педагогикалық техникумын бітірген соң, Орта Азия саяси бюросының шешімімен Бұқара облысы Канемых ауданындағы жаңадан ұйымдасқан колхозға барып, сауатсыздықпен күресу ісіне атсалысады. 1934-1936 жылдары Қызыл Армия қатарында қызмет етіп, үздік еңбегі үшін Тәжік ССР Жоғарғы бұйрығымен алғыс хат және бағалы сыйлық алады. 1936- 1942 жылдары Жаңақорған, Шиелі аудандарында мектепте директор, мұғалімдік қызметтер атқарады. 1942-1946 жылдары кеңес армиясы қатарына шақырылып, Ташкенттегі әскери училищені бітіріп, офицер атағын алып, соғысқа аттанады. Варшаваны азат етіп, Одер өзенінен өтіп Берлинде алдыңғы шепте жаумен шайқасқан қайсар жауынгер 1946 жылы елге оралған. Қиян-кескі соғыстарда жасаған ерліктері үшін «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Тəжік ССР жоғарғы кеңесі» наградасы және «Богдан Хмельницкии» орденімен, көптеген медальмен марапатталған. Сағынбай Дәулетов елге оралғаннан кейін зейнетке шыққанша мектепте ұстаздық қызмет атқарған. Еңбегі еленіп, «Оқу ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталған. Білімге үлес қосқан білікті маман, қадірменді ел ағасы жұрттың ыстық ықыласы мен сый-құрметіне бөленді. Ұлсара апамен отбасын құрып, 4 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Оларды оқытып, қызды – қияға, ұлды ұяға қондырып, олардан немере-шөбере сүйді. «Ер есімі – ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге мәңгі шуағын шашпақ.
Ш.ТІЛЕУБАЕВ