Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауынгер Ұстаз

Жауынгер Ұстаз

Баршамызға белгілі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы - Ұлы Жеңіс күніне 80 жыл толатынын атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, бұл мереке Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы халқымыздың табандылығы мен батылдығын айшықтайды.
Осы орайда, жерлесіміз, соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз – Сарман Әбдіхалықовтың ерен ерлігі мен аудан тарихында қалдырған қолтаңбасы, өзі тәрбиелеген шәкірттерінің мақтанышы бола білген парасат иесі жайлы кейінгі жас ұрпаққа мағлұмат қалдырғанды жөн көрдік. «Жауынгер-авиатор», «әскери дәрігер», «әскери байланысшы» дегенді үнемі естіп аға-аталарымыздың ерен ерліктерін дәріптеп жүрсек, енді біздің кейіпкеріміз «жауынгер-топограф» болды.
«Өмірдің өзі – ұлы ұстаз» деген қағиданы өмірлік бағдары еткен Сарман Әбдіхалықов (Нұрбеков) 1906 жылы 1 қаңтарда Иіркөл ауылдық советінде дүниеге келген.
1922-1930 жылдары 7 жылдық мектепті бітіріп, 1937 жылы бір жылдық мұғалімдік курсты оқыған. 1938-1940 оқу жылдарында «Жаңатұрмыс» елді мекенінде, 1940-1942 оқу жылдарында «Ортақшыл» елді мекенінде мұғалім болып қызмет атқарған. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Осы уақытта кеңес әскерін топографиялық тұрғыдан қамтамасыз етуге арналған қарулы күштер қатарында қызмет атқарды. Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президумының жарлығы бойынша 1945 жылдың қыркүйегінде әскер қатарынан қайтарылды.
Майдандағы ерлігі үшін «Германияны жеңгені үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 50 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Елге келген соң 1946-1953 оқу жылдарында «Қызылту» 7 жылдық мектебінде тарих және бастауыш пәні мұғалімі, 1953-1954 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, химия-биология пәні мұғалімі, «Қызылту» колхозында 1953-1954 жылдары бастауыш партия ұйымының секретары, 1954-1960 жылдары тарих-география пәні мұғалімі болып еңбек етіп, 1960 жылы зейнетке шықты. Майдангер өз ауылында өмірінің соңғы күндеріне дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
Отбасында жары, Еңбек ардагері, Күміс алқалы Бибігүл Әбдіхалықова екеуі 6 ұл, 3 қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді.
Сұрапыл соғыста өз елінің болашағы үшін қан майданда күрескен, кейіннен елді сауаттандыру жұмыстарын атқарған ұлы ұстаздың ерлігін ұрпаққа үлгі етіп көрсету – біздің парызымыз.

Ерұлан ДАТКЕНОВ
12 қаңтар 2025 ж. 14 0