ЖЕҢІС ЖОЛЫНАН – ЕҢБЕК ДАҢҒЫЛЫНА
Тарихтың қатпарлы беттерінде уақыт өшіре алмайтын есімдер болады. Олар – ел басына күн туған шақта Отан үшін от кешкен, бейбіт күнде туған жердің гүлденуі үшін аянбай еңбек еткен тұлғалар. Сондай арда азаматтардың бірі – Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Нақып Тыныбеков.Сұрапыл соғыс адамзатқа өлшеусіз қайғы-қасірет әкелді. Миллиондаған тағдырларды тәлкекке салған сол бір зұлмат жылдары қазақ даласынан да талай боздақ майданға аттанды. Олар туған жердің топырағын жауға таптатпау үшін жанын шүберекке түйіп, ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. Солардың қатарында Нақып Тыныбеков те бар еді.
Нақып Тыныбеков 1913 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі өңірінде дүниеге келді. Жастайынан еңбекке араласып, Қарнақ медресесінде білім алып, діни сауатын ашты. Балалық шағы ел басынан өткен қиын кезеңдермен тұспа-тұс келгенімен, ол қайсарлық пен еңбекқорлықты серік етіп өсті.
1942 жылдың маусымында қолына қару алып, майданға аттанды. Калинин майданындағы 114-атқыштар бригадасы құрамында старшина болып қызмет атқарды. Қанды шайқастардың бел ортасында жүріп, жауға қарсы ерлікпен күресті. 1943 жылы ауыр жарақат алып, елге оралғанымен, оның жүрегіндегі Отанға деген адалдық пен жауапкершілік сезімі ешқашан әлсіреген жоқ.
Соғыс аяқталғаннан кейін Нақып атамыз қолына қарудың орнына еңбек құралын алды. Майдан даласындағы ерлігін бейбіт еңбектегі табандылығымен жалғастырды. Ел экономикасын қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын дамыту жолында аянбай тер төкті.
1945 жылдан бастап әртүрлі жауапты қызметтер атқарып, «Ақтөбе» колхозының басқарма төрағасы болды. Кейін агрономдық қызметке ауысып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосты. Білімін жетілдіру мақсатында Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқып, кәсіби маман ретінде қалыптасты.
Ұзақ жылдар бойы колхоз басқармаларын басқарып, бас агроном қызметін атқарған Нақып Тыныбеков туған жердің өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсады. Ол басқарған шаруашылықтарда еңбек өнімділігі артып, ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Ел мүддесін жеке басының қамынан жоғары қойған азамат ретінде халықтың зор құрметіне бөленді.
Майдандағы ерлігі мен бейбіт еңбектегі жетістіктері елеусіз қалған жоқ. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше мерейтойлық медальдармен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Алайда оның ең үлкен марапаты – елдің ықыласы мен халықтың алғысы еді.
Нақып атамыздың болмысы тек еңбекпен ғана өлшенбейтін. Ол имандылықты өмірінің темірқазығы еткен, адамгершілік пен парасатты жоғары қойған жан болды. Ауыл ақсақалы ретінде кейінгі буынға өнеге айтып, ағайынның бірлігі мен ынтымағын сақтауға қызмет етті. Оның әрбір сөзі мен ісі көпшілікке үлгі болды.
1992 жылдың қыркүйегінде өмірден озғанымен, Нақып Тыныбековтің жарқын бейнесі халық жадында сақталып қалды. Оның есімі туған ауылындағы «Даңқ» тақтасына жазылып, кейінгі ұрпаққа аманат ретінде қалдырылды.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Нартай Бекежанов ауылында ардагердің есімі көшеге берілді. Бұл – ел үшін еткен еңбектің, майдандағы ерліктің лайықты бағалануы. Көшеге берілген атау – жай ғана жазу емес, ол ұрпақ санасына ерлік пен адалдықтың мәнін сіңіретін тағылым мектебі.
Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі майдангерлердің қаны мен жанқиярлығының жемісі. Сондықтан олардың есімін ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік. Нақып Тыныбековтің өнегелі ғұмыры – елге қызмет етудің, Отанды сүюдің, адал еңбек пен азаматтықтың жарқын үлгісі.
Уақыт өткен сайын тұлғаның қадірі арта түседі. Ерлік ұмытылмайды, еңбек ескерусіз қалмайды. Нақып Тыныбеков сынды арда азаматтардың есімі ел жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.
Нұрдәулет Нақыпов,
Н.Бекежанов мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы








