Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы жеңіс – ерлік жемісі

Ұлы жеңіс – ерлік жемісі

«Ерлік – елге мұра» дейді халық даналығы. Иә, ата – бабамыздың қасиетті қанымен келген Ұлы Жеңіс жолындағы әрбір ерлік іс бізге даңқты, ұмытылмас мұра. Сол соғыста белуардан қан кешіп, Отанымызды қорғап қалу үшін әкелер мен аналар жан аямай соғысты. Соның бірі – Нақып Тыныбеков.
Ол 1913 жылы Керделі ауылындағы шаруаның отбасында дүниеге келген.Жасынан зерек, алғыр бала діни сауатын ашу үшін Түркістан маңындағы Қарнақ елді мекеніндегі медреседе білім алады. Алғаш еңбек жолын 1929 жылы колхозда әртүрлі жұмыс істеп бастайды. 1941 жылы фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталды. Ол кезде ауылдағы барлық жігіттер майданға аттанып жатқанда, Нақып та ел қорғауға бекініп, соғысқа барады. Қан майданның қақ ортасында жүріп, қатты жарақат алып, 1942 жылдың наурызында елге оралды. Елге оралған соң, колхозда еңбек етті. Атамыздың жастық шағы қазіргідей бейбіт кезеңде емес, сұрапыл соғыс жылдарында, одан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру кезеңінде өтті.
Кейіпкеріміз 1945-1949 жылдары «Ақтөбе» колхозында басқарма төрағасы қызметінде жұмыс істеді. 1949 жылы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің агрономы қызметін абыроймен атқарды. Ол кісі осындай жұмыстарды атқара жүріп, оқуын еңбекпен ұштастыруды ұмытпаған. 1950-1953 жылдары Орал қаласындағы ауыл шаруашығы техникумының агрономия бөлімінде білім алды. Техникумды бітіргеннен кейін Шиелі МТС-ында агроном қызметіне кіріседі. Ал, 1954-1957 жылдар аралығында Молотов және Сталин атындағы колхоздардың басқарма төрағасы болып ауысады. 1957-1972 жылдары зейнетке шыққанға дейін «Коммунизм» колхозының бас агрономы болып елге еңбек сіңірді. Сондай-ақ, «Коммунизм» колхозының ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Жарақат та алды, алғыс­, мадаққа да қол жеткізді. Атап айтсақ, 1966 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен наградталды. 1985 жылы «Ұлы Отан соғысының» 1-дәрежелі төсбелгісі мен «Еңбек ардагері» орденін кеудесіне тақты. Одан соң, «Жеңістің 20 жылдығы», сондай-ақ көптеген медальдармен марапатталған. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аудан және ауылдың әлуметтік-экономикалық дамуына үлесін қоса білді. Партия мүшелігі мен басшылық қызметтерді жоғары дәрежеде атқарған ақсақалдың аузы дуалы, сөзі уәлі еді. Нақып ­Тыныбеков өзінің бекзат болмысымен дараланып, іскерлігімен танылды. Атамыз әрдайым шүкіршілік етіп, «осы күнге тәубе» деп отыратын. Соғыс пен еңбектің майданында шынығып, бейбіт күнді де көрді. Содан 1992 жылы 16 қыркүйекте дүниден озды. Есімі Н.Бекежанов ауылының «Даңқ» тақтасына жазылды.

Нұрдәулет Досболұлы,
музей қор сақтаушысы
12 қараша 2021 ж. 572 0