Сәрсенбек Байжановтың батылдығы мен ерлігі
Сұрапыл соғыста қаншама солдаттарымыз отан үшін жандарын пида етті. Бәрі де Жеңіс үшін, Отан үшін, Болашақ үшін емес пе? Мәселен, менің атам Ыбраш 1910 жылы Шиелі ауданы, Жуантөбе ауылдық округінде дүниеге келген. Пулеметші болған. Сұм соғысқа қатысып ерлік көрсеткен батыр азамат . І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені марапатына ие. Мен бүгінде атамның майдандағы естеліктерін жазып алмағаныма қатты өкінемін.
Естеліктер демекші, Жеңіс күні қарсаңында біз «Қарамұрын» кенішінің директоры Азамат Пірмағанбетов пен РУ-6 «ЖШС» - ның кадр бөлімінің бас менеджері Серік Мүліковпен бірге соғыс ардагері Сәрсенбек Байжановты құттықтап қайтқан едік. Сұрапыл соғыс жылдарындағы естеліктеріне қанық болып, қызықты деректерді білдік.
Кәсіпорын басшылығы мен ұжымының атынан ардагерге 200 мың теңге көлемінде алғыс хат пен гүлдер табыстадық. Содан кейін, ол кісі Шиелі уран өндірушілерінің өкілдеріне алғысын білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Соғыстың жылдарында Шиелі ауданынан майданға 5909 адам жіберіледі. Оның 1862 cарбазы үйлеріне оралады. Солардың қатарында біздің жерлесіміз 97 жастағы Сәрсенбек Байжановта бар. Небәрі 19 жасында қан майданға аттанған. 1942-1944 жылдары Сталинградтың Солтүстік батысындағы «Магеллан» деген елді мекенде шайқасып, ерлік көрсеткен.
–Жарақат алған кезде мен ештеңе түсінбедім. Сөйлей алдым,бірақ қозғала алмадым. Минаға жарылғанда үш жерімнен қолымнан, көзімнен және аяғымнан жарақат алдым. Әскери топта маған көмектесе алмады. Оларға алға жылжу туралы бұйрық беріліп, мен сол жерде жалғыз қалып қойдым », - деді Сәрсенбек ата.
Ол Сталинград шайқасындағы ерлігі мен батылдығы үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Үнемі алдыңғы қатарда болып, көпке үлгі бола алды. Майданалаңындаауыр жарақаттар алып, соғыс госпиталінде, сонсоң Сталинград қаласында емделіп шығады. Ержүрек жауынгер бір жылдан соң елге оралып, мектепке мұғалім болып орналасады. Бүгінгі таңда жан - жары Жәмила Сейтжановамен 5 ұл, 6 қыз, олардан 35 немере, 15 шөбере сүйіп отырған өнегелі отбасы.
Айта кетейік, Сәрсенбек ата шығармашылыққа жақын адам екен. Жыраудың еңбектерін тереңнен біледі. Белгілі ақын,сазгер,әнші Нартай Бекежановтың жақын досы болған екен. Осымен, кейіпкерімізбен сырлы әңгіме айтып, ақ батасын алып қайтқан жөніміз бар. Батыр да, батыл ардагерлеріміздің осындай өжеттілігі мен қайсар мінезі, қасық қаны қалғанша жаумен шайқасқаны мәңгі жадымызда қалары сөзсіз. Ал, біз оларды әрдайым құрметтеп, аялауымыз қажет. Бейтбітшілік заманда өмір сүріп жатқанымыз осы ата - бабаларымыздың арқасында екенін ұмытпайық.
Мақсұт КЕҢЕСҰЛЫ
Шиелі ауданы