Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқ пен оттың ортасынан оралған

Оқ пен оттың ортасынан оралған

Өз жөнімен, қарттық жолымен жүрген, әдемі қартая білген, елі, жері, туған ­ауылына адал еңбек еткен қарияларымыздың қатары сиреп жатқаны өкінішті.

Сондай абыз ақсақалдардың бірегейі – Н.Бекежанов ауылының  тұрғыны Нақып Тыныбеков көкеміз болатын. Ол кісінің дүниеден озғанына отыз бір жыл болса да, оны танитын ауыл тұрғындары «Нәкең жарықтық болғанда ғой» деп отырады. Оның адамгершілік қасиеттері, ел үшін жасаған ерен еңбектері, жақсы сөздері, әдемі айтылған ақылдары халық санасында жатталып қалғандай. Өзінің іскерлігімен, ұқыптылығымен, адал еңбегімен ауыл, аудан тұрғындарының назарына ілігу екенің біріне бұйырмаған бақыт болса керек. Нақып Тыныбеков – 1913 жылы Керделі ауылдық округіне қарасты өңірде шаруа отбасында дүниеге келген. Түркістан жанындағы Қарнақ елді мекеніндегі діни -медреседе білім алып, балалық шағын бос өткізбеген талантты бала Нақып жас кезінен-ақ бойына имандылық нұрын құйып өседі. 1929 жылы он алты жасар Нақып еңбек жолын колхозшылықтан бастайды. Бейбіт өмір ұзаққа созылмай, 1942 жылдың 26 маусымында Ұлы Отан соғысына ол да иығына қару асынып аттанады.

1942 жылдың маусым айынан 1943 жылдың сәуір айы аралығында Калинин майданында 114-ші атқыштар бригадасында старшина шенінде соғысады. Бірде неміс фашистері тосыннан шабуыл жасап, қырғын атыс басталады. Қайсар старшина Нақып ерлікпен соғысып, алғы шепке ұмытылып жүріп осы айқаста ауыр жараланып, госпитальда емделіп, соңында соғысқа жарамсыз деп табылып, елге оралады. Соғыс майданынан еңбек майданына қайта оралған Нақып Тыныбеков 1945-1949 жылдары Ақтөбе колхозының басқарма төрағасы, 1949 жылы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің агрономы қызметтерін атқарады. 1950-1953 жылдары аралығында Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының агрономия бөлімінде оқып білім алады. Бітірген соң Н.Тыныбеков Шиелі МТС-да агроном, 1954-1957 жылдары Молотов және Сталин атындағы колхоздардың бастығы және 1957-1972 жылдары зейнетке шыққанға дейін Коммунизм колхозының бас агрономы болып салиқалы қызмет атқарған. Сондай-ақ ол Коммунизм ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы ретінде көп жыл қоғамдық жұмыс атқарып, ауыл тұрғындарының  қошеметіне бөленеді.

Аудан және колхоз ауыл шаруашылығын дамытуға  қосқан үлесі, сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін Н.Тыныбеков 1966 жылы 23 маусымда «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Оның кеудесіндегі бірінші дәрежелі «Отан Соғысы» ордені, «Жеңіске – 20 жыл» және «Еңбек ардагері» медальдары жарқырап тұратын. Н.Тыныбеков халыққа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Өмірден Н.Бекежанов ауылының қазыналы қарты, абыз қариясы болып өтті.

Ол ауылдың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне айрықша еңбек еткен беделді, сыйлы кісі болған. Үнемі абырой биігінен көрініп, ар-намысын кірлетпеген, ел үшін еңбек етуден жалықпаған қайраткер жан Нақып Тыныбек 1992 жылы 16 қыркүйекте дүниеден озады. Оның есімі Н.Бекежанов ауылының «Даңқ тақтасына» жазылған. 

Ол ана жаққа ештеңе алып кеткен жоқ. Еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагері Н.Тыныбектің ауылға сіңірген өлшеусіз еңбегі ескеріліп, ең болмаса ауылдан бір көше атауы беріліп жатса несі айып? Оның өнегелі өмір жолы бүгінгі жастарға, келешек ұрпаққа таптырмас тәрбие үлгісі болып қалар еді. Алда Ұлы Жеңістің 78 жылдығы келе жатыр. Нақып көкеміздің туғанына 110 жыл толыпты. Есімін мәңгі есте қалдыруға лайықты осындай жандар ұмыт болып қалмаса екен. Ауыл тұрғындарының тілегіде осындай көрінеді. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ деген.
04 мамыр 2023 ж. 352 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930