Төрт түліктің саулығы – елдің байлығы
Қазақтың ұлы даласында төрт түлік – ұлттың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан қасиетті ұғым. «Мал баққанға бітеді», «Мал – жан аманаты» деген аталы сөздер халқымыздың табиғатпен үндескен өмір салтын, еңбекке деген құрметін аңғартады. Сондықтан малдың амандығы – елдің берекесі, ал сол берекенің баянды болуы ветеринария саласының жауапкершілігіне тікелей байланысты.Көзге көп көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін маңызы өлшеусіз осы саланың мамандары күн сайын елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жұқпалы аурулардың алдын алуға, халық денсаулығын қорғауға қызмет етіп келеді. Сондықтан да «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөздің мәні уақыт өткен сайын тереңдей түсуде.
Биыл үшінші мәрте Қазақстанда 10 шілде – Ветеринариялық қызметкерлер күні ретінде ресми түрде аталып өтпек. Осы атаулы күн арқылы мыңдаған еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетіле бастады.
Бүгінгі таңда ветеринария ұлттық қауіпсіздіктің маңызды салаларының бірі. Әлемде жануарлардан адамға жұғатын қауіпті індеттердің көбеюі, азық-түлік қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың күшеюі, халықаралық саудадағы ветеринариялық бақылаудың маңызы бұл саланың жауапкершілігін бұрынғыдан бірнеше есе арттырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ветеринария саласын дамыту мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Соның нәтижесінде 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Құжатта материалдық-техникалық базаны нығайту, мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту, аса қауіпті аурулардың алдын алу бағытындағы нақты міндеттер айқындалған.
Бұл оң өзгерістер ауданда да өз жалғасын табуда. Өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Алдағы екі жылда 17 мал қорымының салынуы – соның дәлелі. Мұндай инфрақұрылым ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, санитариялық талаптардың толық сақталуына мүмкіндік береді.
Бүгінде аудандағы ветеринариялық қызметтің жұмысын бірнеше мекеме үйлесімді атқаруда. Аумақтық инспекция мемлекеттік бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізсе, ветеринариялық станция жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу іс-шараларын жүзеге асырады. Ветеринариялық зертхана ауруларды дер кезінде анықтап, олардың таралуына жол бермеуде маңызды міндет қызмет келеді.
Аудандағы ветеринариялық бақылау мен қадағалау жұмыстарының жүйелі жүргізілуінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шиелі аудандық аумақтық инспекциясының еңбегі ерекше. Инспекция басшысы Жандос Сәрсенбаевтың жетекшілігімен саладағы мемлекеттік бақылау талаптары қатаң сақталып, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Мал шаруашылығы нысандарын бақылау, ветеринариялық заңнаманың орындалуын қадағалау, жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз мал тасымалының алдын алу және рейдтік іс-шараларды ұйымдастыру – инспекция жұмысының негізгі бағыттары. Жыл басынан бері ветеринария саласындағы заң талаптарын бұзған 42 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 миллион 838 мың 125 теңге көлемінде айыппұл салынуы – мемлекеттік бақылаудың нәтижелі жүргізіліп отырғанының көрінісі.
Одан бөлек жыл сайын аудан көлемінде мемлекеттік жоспарға сәйкес құтыру, сібір жарасы, аусыл, нодулярлы дерматит, лептоспироз, пастереллез, қарасан, туберкулез, эхинококкоз және басқа да аса қауіпті ауруларға қарсы профилактикалық жұмыстар толық көлемде орындалады. Сонымен бірге, адам мен малға ортақ бруцеллез ауруының алдын алу үшін зертханалық тексерулер тұрақты жүргізілуде. Ветеринариялық қызметтің ауқымы мұнымен шектелмейді. Мал өнімдерін өндіру, сақтау, тасымалдау, өңдеу және өткізу орындарының санитариялық талаптарға сәйкестігі үнемі бақылауда болады. Өйткені сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік – халық денсаулығының басты кепілі.
Өңірде бұл саласының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Каналбек Тәжіков, Тілеубек Бабасов, Әріпхан Жақыпов, Кеңескүл Тұргенова, Жаңаберген Шағыров, Бауыржан Ділімбетов, Нұрзия Дәулетова, Бибігүл Таубаева, Мария Төлегенова, Базарбек Сахов, Шара Жұманова, Құттыбай Жағыпбаров, Жұпарбек Әбен сынды сала ардагерлері өздерінің адал еңбегімен кейінгі буынға өнеге қалыптастырды.
Қандай кезеңде болмасын елдің тыныштығы еңбек адамдарының маңдай терімен өлшенеді. Ветеринар мамандарының еңбегі де дәл сондай бағалы. Олар мереке мен демалысқа қарамай, аптап ыстық пен ақтүтек боранда ел аралап, төрт түліктің саулығын күзетеді. Олардың жанкешті еңбегінің арқасында ауыл шаруашылығы өркендеп, халықтың дастарханына қауіпсіз өнім жетіп отыр.
Президент қазіргі таңда адал еңбек иелерін ұлықтауды қоғамдағы негізгі идеяның бірі ретінде қарастырып жүрміз. Сол қадірлі мамандықтардың алдыңғы легінде ветеринарлар да тұр. Өйткені олар тек малдың ғана емес, тұтас елдің амандығы үшін қызмет етеді.
Кәсіби мереке қарсаңында осы жауапты саланың ардагерлері мен бүгінгі мамандарына шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толайым табыс тілейміз. Өйткені елдің саулығы – малдың саулығынан, ал малдың саулығы – ветеринар маманның білімі мен адал еңбегінен басталады.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ






