ВЕТЕРИНАРИЯ – ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Ежелден мал бағуды кәсіп еткен қазақ халқы сәлемдескенде, ең алдымен, «мал-жаның аман ба?» деп сұраған. Бұл «Малы саудың – жаны сау» дегенді білдірсе керек. Осындай қағиданы ұстаным еткен атабабаларымыздың кәсібі әлі күнге дейін жалғасын табуда. Біз бүгінгі мақаламызды төрт түліктің саулығына жауап беретін ветеринария саласына арнамақпыз.
Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Аудан, қала халқын ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтар, әуелі, малдың қауіпті ауруға ұшырамауын ветеринар мамандармен бірге қадағалап отырады.
Осы тұста біз де Шиелі аудандық ветеринария бөлімінің бүгінгі жұмысының жай-жапсарын жазуға бекіндік. Олар 3 айда атқарылған ветеринариялық жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.
– Аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау жұмыстарының 3 айлық қорытындысы бойынша құтыруға қарсы 10 000 МІҚ, 3 450 түйе, 1500 ит, аусылға қарсы 40 000 бас МІҚ, лептоспирозға қарсы 40 000 бас уақ мал, Сібір жарасына қарсы 22 000 бас МІҚ, 16 500 бас уақ мал, 4 500 бас жылқы, 600 бас түйе, эхинококкозға қарсы 3 000 бас ит, қарасанға қарсы 20 000 бас МІҚ, нодулярлы дерматитке қарсы 30 000 бас МІҚ, жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 27 000 үй құсына алдын ала егу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар ауылшаруашылық жануарларының диагностикасы бойынша сарып (бруцеллез) ауруына қан сынамаларының үлгілері 30 339 бас МІҚ, 32 110 бас уақ мал, 410 бас түйе зерттеліп, 1 бас МІҚ Сарып ауруына «оң нәтиже» берді, – деді «Шиелі аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК директоры Бекжан Бекхожаев.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (таңбалау, сырғалау, чиптеу) мақсатында бекітілген жылдық жоспар – МІҚ 18 600 бас, уақ мал 37 000 бас, шошқа 20 бас, жылқы 2 800 бас, түйе 250 бас, тақ тұяқтылар (есек, қашыр) 2 бас. Орындалғаны – МІҚ 5042 бас, уақ мал 5655 бас, жылқы 277 бас, түйе 53 бас бірдейлендіріліп, АШЖБ (ИСЖ) дерекқоры базасына енгізілді.
Тағы бір айта кететін жайт, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы республикалық бюджеттен препараттар (яғни вакцина, прививка) бөлінеді. Ал облыстық бюджеттен 6 түрлі энзоотиялық ауруларға қарсы вакцина қарастырылған.
Қазіргі таңда ауданда ауыл шаруашылық жануарларының аса қауіпіті аурулары бойынша өлімжітім тіркелген жоқ. Эпизоотиялық ахуал тұрақты.
Мінекей, аудандағы ветеринария саласының халі осындай. Шынтуайында, асырап отырған малының саулығы – отбасының ғана емес, бүкіл халықтың саулығының негізі. «Ауру – астан» дегендей, адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сонымен бірге мал шаруашылығы – экономиканы алға сүйрейтін салалардың бірі. Ветеринар мамандар осы саланың ақсамауына, қауіпті ауру түрлерінің тарамауына, мал өнімдерінің таза болуына күнделікті жұмыс жүргізеді. Ендеше, академик К.Скрябиннің «Медицина адамды емдесе, ветеринария бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөзін әрдайым жадымызда ұстауға тиіспіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ