Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ АЛДЫНДАҒЫ АМАНАТ: ТӘРТІП САҚШЫСЫНЫҢ МИССИЯСЫ

ЕЛ АЛДЫНДАҒЫ АМАНАТ: ТӘРТІП САҚШЫСЫНЫҢ МИССИЯСЫ

Қоғамның ең қымбат қазынасы – тыныштық. Ал сол тыныштықтың әр сәтін күзетіп, заң үстемдігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі көзге көрінбегенімен, қоғам тіршілігінің өзегіне айналған. Шиелі ауданы үшін де қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау – күн тәртібінен түспейтін маңызды міндет.
Жыл сайын 23 маусым – Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтеді. Бұл – құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларының қажырлы еңбегіне құрмет көрсетілетін ерекше күн. Осы мереке қарсаңында Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметіне тоқталу – ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің бір көрінісі.
Бүгінде бөлімнің штаттық саны 113 бірлікті құраса, оның 12-сі ваканттық орын болып есептеледі. Соған қарамастан, полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Шиелі аудандық полиция бөліміне 2024 жылдың қараша айынан бастап полиция подполковнигі Болатхан Мұханов басшылық жасайды. Қызмет жолында мол тәжірибе жинаған басшы ұжым жұмысының жүйелі ұйымдастырылуына, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді.
2025 жылдың қорытынды деректеріне сәйкес, Шиелі ауданында барлығы 160 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға артқан. Дегенмен, бұл өсім қылмыстық ахуалдың нашарлауынан емес, керісінше құқық бұзушылықтарды тіркеу мен ашықтық деңгейінің артуынан, сондай-ақ заңнамалық өзгерістердің әсерінен қалыптасқан. Атап айтқанда, тіркелген қылмыстардың 81,9 пайызы ашылған, бұл аудан полициясының жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарының тиімділігін көрсетеді.

ҚЫЛМЫС ҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР
Мереке қарсаңында аудан полицейлерінің 1 жылдық жұмысын сараптап, өткен жылға көз тастаған болатынбыз. Қылмыстың санаттарына тоқталсақ, онша ауыр емес және орташа деңгейдегі қылмыстар саны 73 деректі құрап, 4,3 пайызға өскен. Бұл санаттағы қылмыстардың ашылу деңгейі 75 пайыз болды.
Ал қоғам қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретін ауыр және аса ауыр қылмыстар, керісінше, 9,8 пайызға азайып, 46 дерек тіркелген. Бұл санаттағы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 77,4 пайызды құрады. Бұл деректер Шиелі ауданында қылмыстың құрылымы өзгеріп, ауыр қылмыстардың азаю тенденциясы байқалатынын көрсетеді.

Себеп пен салдар
Жалпы қылмыс санының артуына бірнеше объективті себептер әсер еткен. Соның ішінде: интернет-алаяқтық фактілерінің көбеюі, заңнамадағы өзгерістерге байланысты ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілерінің қылмыс ретінде тіркелуі. Осы аталған құқық бұзушылықтар жалпы қылмыс құрылымының 37 пайызын құрап отыр. Бұл қазіргі заманғы қауіптердің жаңа сипатын, әсіресе цифрлық кеңістіктегі тәуекелдердің артқанын айқын көрсетеді.
– Жүргізілген талдау нәтижесінде ауданның криминогендік жағдайына әсер ететін негізгі бес бағыт анықталған. Олар: мал ұрлығы, алаяқтық, оның ішінде интернет-алаяқтық, есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, жол-көлік оқиғалары. Осы бағыттар бойынша полиция бөлімінде алдын алу шараларын күшейту, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу және халықпен түсіндіру жұмыстарын кеңейту жоспарланып отыр, – деді бөлім басшысы Б.Ниязханұлы.

ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдердің қауіпсіздігі. Өткен жылы аудан аумағында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда жүруінің 651 дерегі анықталған.
Бұл – тек тәртіп бұзушылық емес, баланың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан полиция тарапынан бұл бағытта рейдтік шаралар мен түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған 65 ата-анаға әкімшілік шара қолданылған. Алдын алу барысында 5 қолайсыз отбасы, 11 жасөспірім ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынған. Олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізілуде.
Шиелі ауданындағы құқықтық ахуал – динамикалық өзгерістер үстіндегі жүйе. Бір жағынан қылмыстың жалпы саны артқанымен, екінші жағынан ауыр қылмыстардың азаюы және ашылу деңгейінің жоғары болуы полиция жұмысының нәтижелілігін көрсетеді. Бүгінгі таңда құқық қорғау саласының алдында тұрған басты міндет – тек қылмысты ашу емес, оның алдын алу. Интернет-алаяқтықтан бастап жасөспірімдер қауіпсіздігіне дейінгі мәселелер қоғаммен бірлесе шешуді талап етеді.
Шиелі аудандық полиция бөлімі осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, құқықтық тәртіпті нығайтуға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға қызмет етіп келеді. Өйткені тыныштық – өздігінен келмейтін құндылық. Ол – күн сайын, сағат сайын, тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
23 маусым 2026 ж. 25 0