Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТКЕН АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТ

ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТКЕН АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТ

Елдің ішкі тыныштығы мен халықтың қауіпсіз өмір сүруі – қоғамның тұрақтылығының негізі. Осы маңызды міндетті орындауда Ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Күні-түні тыныштық сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға атсалысқан полиция қызметкерлері қоғамның қауіпсіздігі мен бейбіт өмірін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Олар – тек бір отбасының ғана емес, тұтас елдің қорғаны. 
Негізінен полиция қызметкерлерінің барлығын да бір мақсат, бір қызмет, бір арман біріктіреді. Ол – халықтың сеніміне селкеу түсірмеу, еліміздің тыныштығын күзету, әрқашан қорған болу, құқықтарының мұқалмауын басты назарда ұстау. Жуырда Шиелі ауданында полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Елге қызмет – абыройлы міндет» атты салтанатты шара өтті. Аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков полиция ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, ізгі ниетін жеткізді. – Құрметті Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді 23 маусым – Қазақстан Республикасының Полициясы күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Азаматтардың Конституциялық құқығын қорғауға елеулі үлес қосып, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және елдің бейбіт өмірі мен тыныштығын орнықтыруда уақытпен санаспай еңбек етесіздер. Қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды да жауапкершілігі мол қызметте біліктіліктеріңізді әрқашанда тәжірибемен ұштастырып, абыроймен атқарып келесіздер. Өздеріңіздің қызметтік міндеттеріңізді атқаруға адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, халық арасында сақтық жұмысын жүргізетін, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғайтын білікті мамандарыңыздың қатары көбейе берсін. Бүгінгі кәсіби мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, еліміздің кемел келешегін нығайту жолындағы еңбектеріңізге зор табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Әрқашан еліміз тыныш, халқымыз аман, полиция қызметкерлерінің мәртебесі биік болсын! – деді аудан әкімі. Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта береді. Олар мемлекет мүддесін бәрінен биік қойып, қиналғанға медеу, жабырқағанға демеу, әлсізге қорған бола білген, «Қазақстан Республикасына қызмет етемін» деген төрт ауыз сөзді өмірлік ұраны, басты қағидасы етіп елдің тыныштығын күзетіп келеді. Салтанатты жиында аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы полиция саласында абыройлы қызмет етіп жүрген бірқатар қызметкерді облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сонан соң сөз алған аудандық полиция бөлімінің бастығы Болатхан Мұханов құқық қорғау органы қызметкерлерін құттықтап, арнаулы атақ тапсырды. Сондай-ақ Ішкі істер органдарының ардагерлері Құрмет грамотасымен марапатталды. Расында, ірге сөгілмей күн кешуіміз сақшылардың тынымсыз жасаған еселі еңбегінде жатыр. Ел тыныштығын сақтау жолында қиындықтан да, қатерденде қаймықпайтын қоғамдық тәртіптің қырағы сақшылары – полицейлердің еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайық. Шара соңында аудан өнерпаздары сахна төрінде сала қызметкерлерінің құрметіне әуелете ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл күні полиция қызметкерлері өздерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте сезініп, кәсіби парызын абыроймен атқаруға деген ынта-ықыласын арттырды.

Мейіржан ИБРАГИМОВ,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
01 шілде 2025 ж. 49 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

№47 (9314)

28 маусым 2025 ж.

№46 (9313)

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031