Татулық тұғырындағы тағылым
Қазақ халқы үшін отбасы – ұлттың ұясы, тәрбиенің бастауы, рухани құндылықтардың алтын қазығы. Адам бойындағы ізгі қасиеттердің қалыптасуы, ұлттық салт-дәстүр мен мәдени мұраның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы ең алдымен отбасынан бастау алады. Сондықтан отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өнегелі отбасыларды қоғамға үлгі ету – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі.Осы мақсатта 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күніне орай аудандық «Руханият» орталығында «Отбасы – ұлттық құндылық ұясы» атты мемлекеттік қызметшілер отбасылары арасында аудандық байқау ұйымдастырылды.
Тағылымды шараның ашылу салтанатында Шиелі ауданы әкімінің аппарат басшысы Ғалымжан Каримов сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерексімен құттықтады. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігімен қатар, отбасындағы тәрбиелік рөлі де ерекше екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталды.
Байқауға Мырзахановтар, Қаппаровтар, Мұханбетқалиевтар, Тұрмановтар және Қасымовтар отбасы қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар төрт кезең бойынша өнер көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін, ұлттық дәстүрге деген құрметін және отбасы мүшелері арасындағы сыйластық пен татулықты көпшілік назарына ұсынды.
Байқаудың алғашқы «Отбасым – бақыт мекенім, өзіңді мақтан етемін» атты таныстыру кезеңінде әр отбасы өз шаңырағының ерекшелігін шығармашылық тұрғыда таныстырды. Ән айтып, көркемсөз оқып, түрлі сахналық қойылымдар көрсеткен қатысушылар отбасының қоғамдағы орны мен маңызын әсерлі жеткізе білді.
«Қазақтың салт-дәстүрі – ұлттық құндылық» атты екінші кезеңде халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері сахналанып, ұлттық мұрамыздың терең мазмұны көрермен қауымға кеңінен насихаттады. Қатысушылар ұмыт бола бастаған дәстүрлерді жаңғыртып, қазақы тәрбиенің мәнін айшықтай түсті.
Үшінші кезең – «Ұлттық тағам – ұлт бренді, қолөнер – өнер үйлесімі» бөлімінде отбасылар ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырды. Қазақы дастарқанның ерекшеліктері таныстырылып, ұлттық тағамдардың жасалу жолдары мен қолөнердің қыр-сыры көпшілікке түсіндірілді.
Ал соңғы «Ұшқыр ой – ұтымды жауап» кезеңінде қатысушылар отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтар және бала тәрбиесіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар жас өнерпаздар өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Мұханбетқалиевтар отбасы жүлделі ІІІ орынға, Тұрмановтар отбасы ІІ орынға, ал Қасымовтар отбасы І орынға ие болды. Ал Мырзахановтар мен Қаппаровтар отбасы байқауға белсене қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Шара барысында отбасылық татулықтың, бірліктің және ұлттық құндылықтардың жарқын үлгісі көрініс тапты. Қатысушылардың өнері мен ұйымшылдығы, ұлттық мұраға деген құрметі көпшілік көңілінен шығып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
«Отбасы – ұлттық құндылық ұясы» атты байқау ұлттық тәрбиені дәріптеп қана қоймай, мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы және отбасындағы өнегелі орнын айқындаған маңызды шараға айналды. Мұндай тағылымды іс-шаралар ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасы институтын нығайтуға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
Айнұр ИБРАШЕВА







