Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызмет: сабақтастық, сапа және сенім

Мемлекеттік қызмет: сабақтастық, сапа және сенім

23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні. Осы кәсіби мереке қарсаңында мемлекеттік қызмет саласының бүгінгі ахуалы, кадрлық саясаттағы өзгерістер мен салаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтар жөнінде Шиелі ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Құттықыз Ратовамен сұхбаттасқан едік.

– Аудандағы мемлекеттік қызметтің бүгінгі деңгейі мен даму бағыттары туралы не айтар едіңіз?..
– Мемлекеттік қызмет – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір. Елдің тұрақты дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы және мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуы ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне байланысты.
Бүгінде Шиелі ауданында кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру, кадрлық әлеуетті нығайту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Аудан әкімінің аппараты, кент және ауылдық округ әкімдерінің аппараттары мен дербес бөлімдерде еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.
Сонымен қатар меритократия қағидаттарын орнықтыруға, цифрландыру үдерістерін енгізуге, қызметшілердің біліктілігін арттыруға және халықпен тиімді кері байланысты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
– Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын негізгі талаптар қандай?
– Мемлекеттік қызметші – ең алдымен халықтың сеніміне ие тұлға. Сондықтан кәсібилік, адалдық, жауапкершілік, әділдік және ашықтық оның басты қағидаттары болуы тиіс.
Қазіргі заман мемлекеттік қызметкерден сапалы біліммен қатар бастамашылдық, стратегиялық ойлау, цифрлық сауаттылық, өзгерістерге бейімделу және азаматтармен тиімді қарым-қатынас орната білуді талап етеді. Сондай-ақ қызметтік әдепті сақтау, заң талаптарын мүлтіксіз орындау және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.
– Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық өзгерістерге тоқталсаңыз...
– Жаңа редакциядағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Онда кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, меритократияны күшейту, кадрлық процестерді жетілдіру және мемлекеттік қызметтің беделін арттыру мәселелеріне басымдық берілген.
Заңдағы жаңашылдықтар талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, қызметкерлердің кәсіби дамуына жағдай жасауға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Кадр даярлау және жас мамандарды қолдау бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Мемлекеттік қызметтің сапасы ең алдымен адами капиталға байланысты. Сондықтан ауданда жас мамандарды қолдау, кәсіби кадрлар даярлау және қызметкерлердің біліктілігін үздіксіз арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалар аясында Шиелі кенті әкімі аппаратына екі жас маман конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке қабылданды. Бұл – білімді әрі бәсекеге қабілетті жастарға көрсетілген сенімнің нақты көрінісі.
Сонымен бірге Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алу мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуының маңызды тетігіне айналып отыр. Академияны тәмамдаған түлектердің жетістіктері аудан жастары үшін үлгі болуда. Мәселен, Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінде білім алып, оқуын үздік аяқтаған жерлесіміз Абай Алмасұлы бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратында жауапты қызмет атқаруда.
Қазіргі таңда аудан әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов та Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алуда. Сонымен қатар биыл да бірнеше мемлекеттік қызметші академияға оқуға түсуге ниет білдіріп отыр. Бұл – кәсіби білім алуға және мемлекеттік басқару саласында үздіксіз дамуға деген ұмтылыстың айқын дәлелі.
Біздің мақсатымыз – халыққа адал қызмет ететін, білімді, жаңашыл және жауапкершілігі жоғары мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыру.
– Мемлекеттік қызметтегі сабақтастықты нығайтуда ардагерлердің рөлі қандай және олардың тәжірибесі қалай дәріптелуде?
– Ардагерлердің өмірлік және кәсіби тәжірибесі – жас буын үшін үлкен мектеп. Осы мақсатта ауданда мемлекеттік қызметтегі сабақтастықты сақтау, жастарға бағыт-бағдар беру және тәжірибе алмасу мақсатында «Тәжірибе мен тағылым» форматындағы кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
– Мемлекеттік қызметшілер күніне орай қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?
– Биыл кәсіби мереке аясында аудан көлемінде мәдени, спорттық және рухани-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер арасында спорттық жарыс­тар, шығармашылық көрмелер, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын байқаулар өткізіледі. Сонымен бірге 40 мемлекеттік қызметшіге Түркістан қаласына мәдени-танымдық саяхат ұйымдастырылып, «Халыққа қызмет – абыройлы міндет» атты салтанатты шарада үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталады.
Көрмеде сурет және қолөнер туындылары, ұлттық тағамдар, кесте және тоқу бұйымдары, ұлттық нақыштағы әшекейлер, ағаш пен темірден жасалған бұйымдар, гүл композициялары, ауыл шаруашылығы өнімдері мен робот техникасы бағытындағы жұмыстар ұсынылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұсынған кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, «Отбасы – ұлттық құндылық ұясы» атты отбасылық байқау өткізіледі.
Бұл іс-шаралардың барлығы мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, ұжымдық бірлікті нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ­буынды ынталандыруға бағытталған.
– Әңгімеңізге рақмет!
– Барша әріптестерімді Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы жауапты қызметтеріңізге толағай табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Халық сенімін ақтап, мемлекетіміздің өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Г.СӘБИТҚЫЗЫ
22 маусым 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№46 (9413).

20 маусым 2026 ж.

№45 (9412).

16 маусым 2026 ж.

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930