Әдеп кодексі – әдептілік негізі
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің жұмысына, іс-әрекеті мен қызметтік әдебіне үнемі бақылау жасалып отырады. Олардың әдеп кодексінің талаптарын сақтап, тәртіптік теріс қылықтарға бармауын Әдеп жөніндегі кеңес қадағалайды. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстар легін аудан әкімінің орынбасары, Шиелі ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілі Т.Жағыпбаров БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында хабарлады.
Бұл кеңестердің бұрынғы таратылған тәртіптік комиссиялардан ерекшеліктері бар. Олар мемлекеттік қызметшілердің теріс қылықтарын теруден гөрі қызметтік әдеп нормасын бұзушылықтардың алдын алуға басымдық береді. Сонда тәртіп бұзылмайды. Ал, аталған әдеп жөніндегі кеңес әдеп кодексінің талаптарына сүйенеді. Сонда, мемлекеттік қызметтің оң бейнесі қалыптасып, ұжымда жағымды ахуал пайда болады. Жалпы, 82 мыңға жуық тұрғыны бар Шиелі ауданында бүгінгі күні 209 мемлекеттік қызметші мемлекеттік міндеттерді атқаруға өз үлестерін қосуда. Осы орайда, олардың тарапынан мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және қызметтік әдеп нормалары талаптарының сақталуына профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады.
Шиелі ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдардың штаттық саны – 214, оның ішінде аудан әкімі аппараты – 23, кент әкімі аппараты – 14, ауылдық округ әкімі аппараттарында – 104, дербес бөлімдерде – 73. Аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілердің – 74-і әйел, ол барлық мемлекеттік қызметшілердің 37 пайызын құрап отыр. Брифинг барысында әдеп жөніндегі уәкіл Т.Жағыпбаров жыл басынан бүгінгі күнге дейін 11 мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан, 21 қызметкер біліктілік арттырудан өткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында көрілген жазалар саны 31, оның 25 ескерту, 4 сөгіс, 2 қатаң сөгіс болса, оның ішінде 18-басшы лауазымдарға, ал қалғаны 13 атқарушы лауазымдарға көрілді. Әдеп кодексінің талаптарын сақтамай, тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 2 мемлекеттік қызметшіге «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қаралғанын айтып өтті.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.