Береке бастауы – абысын бірлігі

Шараның ашылуында Қызылорда облыстық «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Мырқықызы мен Шиелі аудандық филиалының төрайымы Рауза Бәйділдаева ханымдар сөз сөйлеп, келіндерге жылы лебіздерін білдірді.
Алтынай Мырқықызы өз сөзінде:
– Қазақ анасы – ұлттың ұйытқысы, отбасының тірегі. Осы байқау арқылы келіндеріміздің ұлттық құндылықтарды құрметтеп, салт-дәстүрді сақтауға деген ұмтылысын көріп, шын жүректен қуаныштымын. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деп атап өтті.
Рауза Байсалбайқызы да:
– Бұл шара қазақтың асыл қасиеттерін дәріптеп, келіндердің ұлттық рухын арттыратын мереке. Қазақ келіні – отбасының, қоғамның мәртебесі екенін дәлелдеп, байқау келешекке үлкен үлгі болсын деген тілегімді айтамын, – деді.
Байқауға Шиелі ауданының бес ауылынан келіндер қатысып, төрт кезең бойынша өз өнерлерін көрсетті. Мәселен, сәлемдесу кезеңінде қатысушылар қазақы әдеп пен ізеттілікті паш етті. Ал өнер көрсету бөлімінде ұлттық ән, би, қолөнер мен дәстүрлі тағамдар арқылы қазақ келінінің шеберлігі мен әсемдігін танытты. Сондай-ақ келіндер коғам мен әлеуметтік желілер тақырыбындағы көрініс қойып, заманауи өмірдің оң және теріс жақтарын бейнеледі. Дәстүр мен заманның үндестігі кезеңінде ұлттық салт-дәстүрдің маңызын терең түсіндіріп, ұрпаққа жеткізудің жолдарын көрсетті. Қазылар алқасы мен көрермендер байқау барысында қазақ келіндерінің ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі маңызын ерекше атап өтті. Жеңімпаз атанған Жиделі елді мекенінің «Есабыз ата» әулеті республикалық байқауға жолдама алды.
Қазақ қоғамында абысындар – отбасының негізі, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Сондықтан осындай байқаулар келіндердің бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды сақтауда ерекше рөл атқарады.
Шара соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосқан аналарға алғыс білдіріп, марапаттарды ауыл әкімдері өз қолдарымен табыстады. Айта кету керек, бүгінде Шиелі ауданында «Қазақ анасы – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрамында 20 елді мекенде аналар ұйымы белсенді жұмыс жүргізуде. Байқауға қатысқан абысын-ажындар мен аналарға арнайы төсбелгілер тағылып, алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – тек құрмет емес, ұлттық дәстүрді ұлықтауға қосқан үлестің нақты бағасы. Ұлттың ұйытқысы саналатын аналардың еңбегі осылайша ел алдында еленіп, рухани мұрамыздың бүгінгі жалғастырушысы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото автордікі
фото автордікі