Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА...

АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА...

Отбасының шырайын кіргізіп, айрандай ұйытып отыратын әйелдер қауымы екені белгілі. Қонағы үзілмей, берекесі асып-тасып отыратын шаңырақтағы әйелдің көпшіл, дастарханы қашан да астан арылмайтынын аңғаруға болады. Ал тұтас әулеттің келіндері бір-бірмен татутәтті өмір сүрсе, онда бұл олардың енелері мен өмірлік серіктерінің абыройын одан сайын асқақтата түседі. Тіпті ауыл-аймақ, досжаранның алдында да қадірі артады. Осындайда «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» дейтініміз бекер емес. Бір шаңырақтың астында бір-бірімен сөзге келмей өмір сүретін келіндер қазіргі қоғамға нағыз үлгі-өнеге деп есептейміз. Ұлттық ұстанымды ұрпақтың бойына сіңіріп, салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында жақында «Қазақ аналары-дəстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің және Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйінің бірлесе ұйымдастыруымен «Татулықтың тұғыры» атты абысын-ажын байқауының іріктеуі өтті. Іс-шара басталмас бұрын ауылдың тамаша көріністеріне қанық болдық. Зерлі кимешегі жарасқан әжелеріміз «Сыр сұлуы» әнін тамылжытып орындаса, ізінен ілескен жас келіндер өздерінің жасаған қолөнерін таныстырды. Қазан мен қаламын тең ұстап, қара өлеңге жүйрік келіндер жүректен шыққан жырларын оқып, өнерлерін көрсетіп, көптің қошеметіне бөленді. Сонымен байқаудың шымылдығын Иіркөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлнар Қожаназарова мен  «Қазақ аналары-дəстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының  төрайымы Алтынай Былаева ашып берді. – Отбасының бірлігін бекемдеп, әулеттің берекесін арттыратын – әйел. Абысын келіндердің өзара татулығы, жарасымды әзілқалжыңы да шаңырақтың ажарын келтіреді. Демек, бұл байқаудың тағылымдық-тәрбиелік мәні зор. Әр шанырақтың ынтымағы артып, бірлігі нығая беруін тілеймін. Отбасы құндылығын насихаттайтын осындай шараларымыз көп болсын, – деді А.Мырқықызы. Байқауға Ержановтар және Әбілдаевтар отбасының абысын-ажындары қатысып бақ сынасты. Сайыс 5 бөлімнен тұрды. Әр кезеңге берілетін уақыт шектеулі болды. Алғашқы бөлімде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші бөлімде абысындар ескіден келе жатқан қазақтың дәстүрлі өнерін көрсетті. Ал үшінші бөлімде келіндер өз өнерлерін ортаға салды. Бірі ән шырқаса, бірі монолог оқыды. Келесі бөлімдерде интернеттің пайдасы мен зияны жайлы және отбасыға байланысты қойылымдар қойылып, көпшілікті тамсандырды. Аталған жарысқа Қазақ аналарыдəстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас төрайымы А.Мырқықызы және бірлестіктің аудандағы төрайымының кеңесшісі Д.Мұсабаева, сондай-ақ Ыбырай Жақаев ауылының әйелдер кеңесінің төрайымы А.Жарқынбекова төрелік етті. Сонымен байқау қорытындысы бойынша II орын Әбілдаевтар отбасына бұйырды. Ал жүлделі I орынды Ержановтар отбасы иеленіп, аудандық кезеңге жолдама алды. Сайысқа қатысушыларға арнайы дипломдар және сыйлықтар табыс етілді. Айта кетейік, шараның жоғары деңгейде өтуіне «Қазақ аналары-дəстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының Шиелі аудандық төрайымы Рауза Байсалбайқызының еңбегі зор.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
15 тамыз 2024 ж. 164 0