Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ!

ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ!

Қазақ әуелден «Келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан аттаған жас жанның тәрбиесі мен көрген-түйгеніне мән берген. Ғасырдан бері келе жатқан осы үрдіс бүгінде өз маңызын жойған жоқ. Міне, осындай мақсатта жуырда «Еңбекші» ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаеваның 100 жылдығына арналған «Ұлбала анамыздың келіндері өнерлі, білімді өздері» атты ауылдық келіндер сайысы өтті.
Қазақы салт-дәстүрді жаңғыртып, қарапайым ауыл келіндерінің өмірі мен өнерін дәріптейтін бұл сайыстың ­басты мақсаты – келіндердің ізеттілігін, инабаттылығын, салт-дәстүрді ұстануын, отбасы құндылықтарын насихаттау болып табылады.
Сайысқа әдептен озбай, инабат пен ибалылықты қатар алып жүрген 5 келін 5 кезең бойынша өзара додаға түсті. «Шаңырақ» деп аталатын І кезеңде олар өздерін, келін болып түскен әулетін таныстырса, ІІ кезеңде келіндер ұлттық нақыштағы қолдан тігілген киімдерін, қолөнер бұйымдарын кеңінен насихаттап өз өнерлерін көрсетті. Ал ІІІ кезең «Тапқырлық» деп аталатын бөлімнен тұрды. Бұл сайыста келіндер реттік нөмір бойынша қораптың ішінен қағазды алып сонда жазылған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы жөніндегі және тосын сұрақтарға жауап берді. Ал төртінші кезеңде келіндерге Ұ.Алтайбаеваның өмір жолынан сұрақтар қойылды. Бесінші кезеңде додаға түскен 5 келін үйден, жолдасының, ата-енесінің сүйікті асын дайындап, оны бейнеролик арқылы қалың көпшілікке көрсетті. Ақтық мәреде қатысушылар бірінен-бірі асып түсуге ­тырысты. Өнерлерімен ғана емес, асқан шапшаңдықтарымен, шеберліктерімен, өз ойларын анық жеткізді. Жалпы додаға түскен барлық келін әртүрлі тәтті тағамдар пісірді. Ақтық кезеңнен сүрінбей өткендер, көрермен көзайымына айналып, ел ықыласына бөленді. Аталған сайыста барлық келін әр кезең бойынша ерекшеленіп, көзге түскені үшін номинацияларға ие болды. Атап айтар болсақ, «Шаңырақ» атты таныстыру кезеңінде Айдана Тәліп биязылығымен, еркелігімен, инаббатылығымен озық шапса, «Өнерлі өрге жүзер» атты кезеңде Ақгүлім Әсемханқызы өз өнерімен көрермендерді тәнті етті. «Тапқырлық» деп аталатын 3-кезеңде Жазира Қыдырбай «Ат тергеу» салты бойынша абысын, қайын аға, қайын іні, қайын сіңілі есімдерін атамай, оларға қандай ат қойғанын айтып берді. Ақтық кезеңде Тәжен Нәзік «Бүрме қарын» асын дайындап, ерекше номинацияны қанжығасына байлады. Сайысқа қатысқан барлық қатысушыларға арнайы сый-сияпаттар табысталып, ақшалай сыйлықтар берілді.
Айта кетейік, аталған байқауға ­Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаеваның немересі Ринат Төрениязов демеушілік жасады.

Сымбат СҰЛТАН
27 ақпан 2023 ж. 507 0