Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғабастағы келіндер сайысы

Алғабастағы келіндер сайысы

Сәрсенбі күні Алғабас ауылдық мәдениет үйінде қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, сәні мен салтанаты жарасқан қазақ келіндерін насихаттау мақсатында «Ұлықтап салтын, жасайды халқым» атты аймақтық келіндер сайысы өтті. Алғабас ауылдық мәдениет үйі ұйымдастырған шарада Төңкеріс, Тартоғай, Жиделіарық және Алғабас ауылдарының ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған келіндері қатысып, өзара сынға түсті.

Қатысушылар байқау шарттары бойынша алдымен киім үтіктеуден жарысқа түсті. Одан әрі шұлық жамау, ас әзірлеу шартын орындауға көшті. Соңғы бөлім сұрақ-жауап түрінде өтті. Яғни қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы бойынша сауалдар қойылды. Осылайша үйдегі шаруасын ұршықша иіріп қана қоймай, ұрпақ өсіріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған келіндер өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің көңілінен шыға білді.
Тағы да айта кететін жайт, қара қылды қақ жаратын әділ қазы мүшелерін Үміткүл Боранбайқызы, Дариха Үргенішбаева, Бибіхадиша Ысқақова сынды ақ жаулықты әжелер құрады. Бәсеке соңында Алғабас ауылының әкімдігі мен мәдениет үйінің атынан грамоталар мен сый-сияпаттар табысталды. Атап айтар болсақ, үздік деп танылған тартоғайлық Алмагүл Нұрабаева бас жүлдені иемденді. I орын тәлім-тәрбиесі мол аңыз-әңгімелерді көп біліп, салт-дәстүрді жетік меңгеруімен ерекше көзге түскен Жиделіарық ауылының келіні Нүргүл Төлегеноваға, II орын қазақы нақыштағы ұлттық киімімен көзге түскен Алғабас ауылының келіні ­Индира Бөлегеноваға бұйырды. Ал III орынды Төңкеріс ауылының ару келіні ­Эльвира Жаңашева қанжығасына байлады.

Фариза КЕНЖЕШОВА

15 ақпан 2020 ж. 2 526 0