Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз де келін болғанбыз

Біз де келін болғанбыз

Қоғамда енелер мен келіндердің бір-бірін әсте жақтырмай, даттауға құмар жағдайлар жиі кездеседі. Дегенмен отбасында болып жатқан сол ұрыс-керіс, дау-дамай неден туындағанына ешкім мән бермейді. Қазақта «Келін қайын ененің топырағынан жаралған» деген керемет теңеу бар. Бұл жерден келіннің жақсы болуы әуелі өзін жарық дүниеге әкелген анасына, кейін барған жеріндегі енесіне байланысты екені анық. Сондықтан әрбір ене өзінің келінін туған қызындай көріп, бар тәлім-тәрбиесін беріп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырғаны абзал. Бірақ қазіргі қоғам келін тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлуде? Ата-бабадан жеткен салт-дәстүрлер бұзылған жоқ па? Келінге өсиет айтып жүрміз бе? Отбасылық бақыттың құпиясы неде? Міне, осы секілді сан түрлі сұрақтарға жауап беретін сайыс «Біз де келін болғанбыз» деп аталды.

Аталған шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында өткен аптада Алғабас ауылдық мәдениет үйінде өтті. Оған ауыл тұрғындары белсене қатысты. Тіпті сайысты тамашалауға келген көпшіліктің қарасы қалың болды. Айта кету керек, бұған дейін Алғабас ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері «Енем де келін еді ғой», «Қар үстіндегі қансонар», «Елу ердің жасы», «Ұлықтап салтын, жасайды халқым» атты т.б. көптеген ауылдық, аудандық сайыстарды ұйымдастырған болатын.
Сәні мен салтанаты жарасқан шарада қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Сайыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар мәдениет үйінің қызметкерлері дайындап қойған ситуациялық сұрақтарға жауап берді. Одан кейін ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер тұрғысында білетіндерін ортаға салды. Ал соңғы кезең көпшіліктің ерекше қошеметіне бөленді. Өйткені, ол сәтте енелер келіндеріне тағылымды өсиет айтты. Олар өз кезегінде бүгінгі келін ертеңгі ана, ұрпақ тәрбиелеушісі екенін түсіндіріп қана қоймай, отбасында кездесетін қиындықтар мен ауыртпалықтарға төтеп беру, ер-азаматты құрметтеу жайлы сөз етті. Сөз арасында кеше келін, бүгін ене болған аналар қазіргі кезде келіндер үшін барлық жағдай жасалғанын айтып, еңбекке бас июден жалықпауды насихаттады. Қуаныштысы сол, қатысушылар сайыстың қай тапсырмасы болмасын мүдірмей өтіп, асқан шеберлікпен, ыждағаттылықпен жауап берді.
Бәсеке соңында көрерменнің көңілінен шығу үшін барын салған қатысушыларға ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Кенжебай Жүсіп пен ардагер-ұстаз Рашай Баймырзаева сәттілік тілеп, ененің берер тәрбиесінің келін үшін қаншалықты маңыздылығы жайлы айтып өтті. Сайыс соңында қатысушылар түрлі номинация бойынша марапатталып, сыйлықтар табыс етілді.

Фариза КЕНЖЕШОВА


21 қаңтар 2020 ж. 944 0