Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғабастағы аламан

Алғабастағы аламан


Өткен аптада елорда күніне орай «Алғабас» ауылдық мәдениет үйінің ауласында «Күш атасын танымас» атты аудандық жігіт сұлтаны өтті. Шараны аталған ауылдың мәдениет қызметкерлері ұйымдастырып, демеуші болды. Жыл сайын ұйымдастырылып тұратын байқауға Алғабас, Бидайкөл, Бестам, Төңкеріс ауылының жігіттері қатысты. Ләңгі тебу, қой көтеру, көлік тарту, көже ішіп жарысу сияқты бөлімдерден тұратын жарыста әрбір үміткер бар күш-жігерін салды. Шаршы топтың алдында тосылмаған сайыпқырандар сайыстың шартын түгел орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Доданың мақсаты өскелең ұрпақты батырлыққа, жылдамдыққа, тапқырлыққа жан-жақты баулу болды. Шараға ауыл белсендісі, көптеген спорттық жарыста топ жарып жүрген Азат Аханбек пен Алғабас ауылдық «Машрап ата» атындағы спорт кешенінің жаттықтырушысы Рахат Советов қазылық етті. Ақтық сынға сүрінбей өткен қатысушылар марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Кіл мықтылар бақ сынаған жарыстың қорытындысы бойынша 2,5 тонналық автокөлікті орнынан қозғалту мен 50 рет қой көтеру бойынша ерекшеленген Алғабас ауылының азаматы Мағжан Есен I орынды жеңіп алды. Ал ләңгі тебуден қарсыластарын шаң қаптырған бидайкөлдік Ерболат Іргебаев II орынды қанжығасына байлады. Көже ішу бөлімі бойынша жоғары жылдамдықпен шаршы топты таңғалдырған Бестам ауылының қатысушысы Жанұзақ Мұстафаевқа III орын бұйырды. Осылайша қатысушы серілер «Жігіт сұлтаны» деген атқа лайық екендерін дәлелдеді.

Ф.НЫШАНБЕКҚЫЗЫ
10 шілде 2019 ж. 1 720 0