Келіндер кереметі
Ақ босағаға бас сұққан сәттен бастап, бүтін бір әулеттің міндетін өзіне жүктеп алатын келіннің жауапкершілігі орасан. Қазақта «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөзі содан қалса керек. Жас келіндер ауылдағы үлкен ақ жаулықты апалардың сынынан өтіп тұрғаны да дұрыс. Әрбір жас келін үшін білмегенін үйреніп, ақ жаулықтылардың ақ батасын алу үлкен мәртебе. Өткен сенбіде Алғабас ауылдық мәдениет үйі ауласында аудандық мәдениет бөлімі мен Жуантөбе ауылдық округі әкімі аппаратының сол ауылдың мәдениет үйімен бірлесе ұйымдастырған «Ұлықтап салтын, жасайды халқым» атты аудандық келіндер сайысы келіндерге үлкен мүмкіндік бергендей.
Байқау Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, ата бабамыздан мұра болып қалған әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді кеңінен насихаттау, қазақ келініне тән инабаттылық, ізеттілік, тапқырлық, ақылдылық, жауапкершілік, пысықтық қасиеттерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған. Жарыс барысында 35 жасқа дейін қатысқан келіндер күбі пісу, табаға нан жабу, самаурынға шәй қою, қамыр жаю секілді күнделікті өмірден қалыс қалып жатқан шаруаларды жасап көрсетті. Ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған, әрбір ісі қыздың жиған жүгіндей өте тиянақты келіндер қатысқан сайысты тамашалауға келген көрермен қарасы қалың болды. Алғабас ауылдық мәдениет үйінің ауласы береке-бірлігі, ырыс-ынтымағы, бақ-дәулеті тасыған бейне бір қазақ ауылының көрінісін көз алдымызға елестетсе, қатысушы келіндер де өте белсенділік танытып, өздерін көрсете білді.
Сәні мен салтанаты жарасқан келіндер додасының қазылар алқасын ақ жаулықты аналар құрады. Олардың шешімімен Ақмаялық Алтынай Әйтенова үздік деп танылып, бас жүлдені жеңіп алса, I орынды Алғабас ауылының келіні Индира Бөлегенова алды. II орынмен Еңбекші ауылынан Гүлжайна Баймұратова мен Тартоғай ауылынан Алмагүл Нұрабаева марапатталса, III орын Тұрсынбай датқа ауылының келіні Жадыра Мырзахметова мен нартайлық Айнұр Байсұнға бұйырды. Жиналған көпшілік осы бастаманы қолдап, демеушілік танытқан «Ел ырысы – берекелі» шаруа қожалығының төрағасы Бақытжан Тасболатовға алғысын жеткізді. Бәсеке соңында ауылдық ұжым қызметкері Орынбай Ахметов барлық қатысушыларға түрлі сый-сияпаттар табыстады.
Фариза КЕНЖЕШОВА.