Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «АБЫСЫН» БЕЛГІЛІ, «АЖЫН» КІМ?

«АБЫСЫН» БЕЛГІЛІ, «АЖЫН» КІМ?

Қазақта «абысын-ажын», «дос-жаран», «жекжат-жұрағат», «бала-шаға» деп қосарлана айтылатын туыстық атаулар көп. Осы сөздердің екінші тіркесі кейде ұйқас үшін айтылғанымен, көбіне біз білмейтін белгілі бір мағынаны білдіріп жатады.
Мәселен, абысын-ажын – туыстық қатынасты білдіретін ұғым. Ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне aбысын-ажын болады. Көбінесе aбысын-ажындар өзара сырлас, мұңдас, тату тұрады. «Ағайын тату болса — ат көп, абысын тату болса — ас көп» деген мақал oсыған орай айтылған. Келін қайын ағаның әйелін «абысын», ал қайын інінің әйелін «ажын» деп атайды.
Ал «Ер Төстік» ертегісінде ежелгі замандарда бір отбасында қанша ер бала болса, екінші бір отбасында сонша қыз бала табылғанда ғана құдалық жасайтын дәстүр болғандығы аңғарылады. Еске түсірсек, ­Ерназар балаларына қалыңдық іздеп жүргенде бір үйде ілулі тұрған сегіз сырғаны көріп, жылай бастайды. Бәйбіше: «Не болды?» деп сұрағанда: «Тоғыз ұлым бар еді, бір сырға жетпей тұр» деп жауап береді. Сонда бәйбіше: «Сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» деп басқа бір жерден тоғызыншы сырғаны алып көрсетеді. Содан кейін ғана құдаласады. Осылайша бір отбасына келін болып түскен апалы-сіңлілі қыздар «абысын-ажын» болған деген тұжырым жасалады. Кейін келе бір аталықтан, тіпті бір рудан апалы-сіңлілі қыздарды алғанда да бұл қос сөз өз мәнін жоймағанға ұқсайды. Сонымен біздің заманымыздағы «апалы-сіңлілі әйелдер» ұғымы көне тілде «абысын-ажын» тұлғасында айтылып, қазірге дейін жетіп отырғандығы туралы деректер бар.
Тіл мамандары сондай-ақ, орыс тіліндегі «жена» сөзінің көне түркілік «ажын» сөзімен дауыссыз дыбыстары бірдейлігінде бір сыр бар екендігін айтады.
Сол секілді күнделікті қолданып жүрген «шаға» сөзін «бала» сөзінен әйтеуір алыс емес, мағыналас жалғасы деп ұғамыз. Түркімен, Әзербайжан сияқты бауырлас елдер шаға – сөзін бала – сөзінің орнына да қолдана беретін көрінеді. Ал бізде міндетті түрде бала-шаға болып қолданылады. «Көне түркі тілінде шаға – сөзі, бала деген мағынаны білдірсе, тіліміздегі шақалақ – сөзі де, шаға сөзінен – шыққан» дейді дерек көздері. Бала-шағаға қатысты аңыз да бар.
Бір кездері Түркістан маңында бір хан билік құрыпты. Оның бірнеше әйелі болыпты. Өзі сондай сұңғыла, дәстүрге берік болса керек, бәйбішеден туған балаларын сарайда ұстап, бағып-қағып ер жеткізіпті. Ал тоқалдарынан өрбіген ұрпақтарын Шаға ауы­лында асырапты. Барлығын өзі қадағалап отырған. Өйткені ел басқаруға нағыз лайықты мұрагер тоқалдан да тууы мүмкін ғой. Оның үстіне ұрпақтарын тасбауырлықтан, өзара араздықтан сақтағысы келген болса керек. Содан бастап әлгі ханның бәйбішеден туған сарайда тұратын балалары – бала, ал, тоқалдарынан өрбіген Шаға ауылында жасайтын ұрпақтары – шаға деп аталып кетіпті. Бұл әрине «әркім өз тегін, өз орнын білсін» деген, патшаның көрегендігі болар. Содан бастап бала – сөзіне, шаға – сөзі қосарлана, бала-шаға болып қолданысқа еніп кеткен екен. Өйткені, бөлек жерде өссе де, түбі бір ғой, яғни, әкесі бір. Ал халық осыдан бас­тап, бала – кім, шаға – кім біліп отыратын болыпты.
«Рухани жаңғырудың» бір тетігі тарихқа үңілу болса керек. Ендеше күнделікті қолданып жүрген тіркестердің түп-төркініне қарап, зерделеп жүру артықтық етпес.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ

22 тамыз 2022 ж. 5 331 0