АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА...
Айтар ойын астарлап, пікірін мақал-мәтелмен көркемдеп жеткізу дана қазақтың қанында бар қасиет қой. Біле білген адамға үлкен сөздің түйіні һәм тәрбиесі жатыр. Бір мақалдың өзінен жіктеп-жіліктеп бір роман, тіпті, бір кітап жазуға да болады. Айталық, «абысын тату болса – ас көп, ағайын тату болса – ат көп» деген қанатты сөзде қаншама мән-мағына бар. Расымен де солай…
Абысын – ағайынды бауырлардың келіншектері екенін жақсы білеміз. Олардың отбасындағы береке-бірлікті сақтауда рөлі зор. Демек, бауырлар арасындағы сыйластық пен ынтымақты арттырып, туған-туыспен қарым-қатынастың мықты болуына дәл осы арулар дәнекер екені сөзсіз. Әлбетте, ағайынның арасындағы татулық көбінесе әйел адамға байланысты.
Қазіргі таңда «отбасы» сөзінің маңыздылығын түсінетін де, түсіндіретін де жандар азайып барады. Өйткені, қоғамда болып жатқан отбасы төңірігінде орын алатын екі жас арасындағы жағдайларға күн өткен сайын үреймен қарайтын болдық. Екі жастың бір-бірімен келісімге келе алмауы, ене мен келін арасындағы келіспеушіліктер көптеген шаңырақтың шырқын бұзуда. Десек те, өмірдің ақ пен қарасы сынды кейінгіге үлгі болар пайым-парасаты мол, өнегелі отбасылар да аз емес. Бір үйде бірнеше келін тұру былай тұрсын, бір келінмен сыйысып тұрудың өзі мұңға айналған заман болды. Керісінше, түскен әулетіне «тастай батып, судай сіңіп», сол шаңырақтың тіршілігін дөңгелетіп әкететін саналы келіндер де жоқ емес. Ал сіз бір үйде тұратын Сейтжановтар әулетінің жеті келіні жайлы естіп пе едіңіз?
Шиелі ауданы, Ақтоған ауылында осындай бірлігі бекем, тірлігі келісті шаңырақтың астында жеті бірдей келін тұрады. Әңгіме арқауына айналып отырған бұл шаңырақтың өз ерекшелігі бар. Мұнда әулеттің тоғыз ұлы, келіндері, бала-шағасымен бірге бір үйде бақытты өмір сүріп жатыр. Татулығы жарасқан Сейтжановтар әулетінің келіндері өзара құрбы, әрі бір үйдің қыздарындай болып кеткен. Тәтті тағамдар әзірлеп, қонақ күту олардың күнделікті жұмысына айналған. Тіпті, олар үйдің тірлігінен бөлек, мал шаруашылығымен де айналыса береді. Кезек-кезек шаруашылықтың басына барып, сиыр сауып, сондағы адамдардың ас-ауқатын дайындап та үлгереді. Нағыз бейнетпен келетін мұндай іс оларға еш қиындық туғызбайды. Жалпы бұл әулеттің келіндерімен әңгіме айтып, сырласу адамды жалықтырмайды. Олар «келін» деген киелі сөзге ешбір шаң жуытпаған. Есіктен кіріп келгеннен-ақ, қонақ күтулері, үлкенді сыйлауы тәрбиенің белгісін көрсетеді.
– Жеті келін бір үйдің қыздарындай тату-тәттіміз. Бізді тәрбиелеген ата-енеміз алтын адамдар. Қашан да өнегелі отбасы болуға жетеледі. «Келінім» деп емес, қыздарындай аялайды, дейді.
Сірә, бұл қарапайымдылық пен ізгілік ұстанымдарын ту етіп, өздерінен өрбіген тоғыз ұл мен екі қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеп өсірген Ақтоған ауылының тұрғындары Әбдімәлік атамыз мен Бақтыгүл апамыздың тәлім-тәрбиесі болса керек. Қазақта «Келін ененің топырағынан» деген жақсы сөз бар.
– Келіндеріме келетін болсам, шаңырақтың босағасынан аттағалы бері бір-бірімен ренжісіп, сөзге келгендерін көрмедім. Бұл да аналарынан алған тәрбиенің жемісі болар. Ұрпақ қуанышына бөленіп отырған бақытты отбасымыз, – дейді Бақтыгүл апа.
Бүгінде өзгелер қызыға да, қызғана да қарайтын жарасымды бұл әулеттен үйренер тұстарымыз көп.
«Келін қызындай бола алмайды», «Ене мен келін сыйыспайды» деген әңгіме бұл отбасы үшін жат. Көпке үлгі болатын осындай отбасылар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ағайынның арасындағы бітімді біріктіретін абысынды-келіндердің ауызбіршілігі ажырамаса екен дейміз.
Сымбат Серікқызы