Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САЛТ-ДӘСТҮР ЖАҢҒЫРҒАН КҮН

САЛТ-ДӘСТҮР ЖАҢҒЫРҒАН КҮН

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының мүшелері бір күндік сапарын Әбділда Тәжібаев ауылына арнады. Ұлттық киім киіп, кимешек таққан меймандарды ауыл әкімі Әлібек Сәрсенбаев бастаған «Береке» әжелер ансамблі ақ дәмін ұсынып, күтіп алды.
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасы аясында ұйымдастырылған ісшараның мақсаты – жастар арасында ұлттық салт-дәстүрді насихаттау. Сондайақ белсенді аналардың басын қосып, қазақ әдет-ғұрпындағы кәделердің бірі – жөн-жоралғы дәстүрін ұлықтауға шақыру. Іс-шара барысында ауылдағы аналардың қолдарынан шыққан алаша, төсеніш, ұлттық оюмен өрнектелген көрпелер, қазақша көйлектер, моншақпен безендірілген бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Жүн сабау, келі түю көріністері де көрсетілді.
Әрмен қарай облыстық филиалдың төрайымы Алтынай Мырқықызы сөз сөйлеп, салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, қыз баланың тәрбиесі мен отбасы сыйластығы жайлы айтты.
– «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 3 жыл болды. Біздің қатарымыз күн өткен сайын артып келеді. Бүгінде еліміз бойынша 25 мыңнан астам мүшесі бар бірлестіктің Қызылорда облыстық филиалы 1000-нан астам адамды қамтиды. Көпшілігі – зейнет жасындағы аналар, белсенді қызкеліншектер. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді қолымыздан келгенше дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңіре беруіміз керек. Бала тәрбиесін, ең алдымен, ата-ана қадағалауға тиіс. Ата-ана баланың қызығушылығын анықтап, мәдени орындарға бірге бару керек. Сонда ғана баланың білімге деген құштарлығы артады және шығармашылық қабілеті дами түседі, – деді.
Рухани кеште Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Өркен Исмаил, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов пен алқа билер төрағасы Тұрмат Баймағанбетов ортаға шығып, асыл аналарға жылы лебіздерін білдірді. Айта кетейік, іс-шараға аталған қоғамдық бірлестіктің аудандық төрайымы Тұрсынай Әбдісадық мұрындық болды.
Бұдан кейін сахна төрінде ауылдың жас өнерпаздары ән шырқап, мың бұрала биледі. Ең әсерлісі, ауылдық клуб үйінің бірлесіп сахналаған «Қарттар үйі» атты қойылымы еді. Залда отырған көпшіліктің жүрегіне жеткен болу керек. Қойылымды көрген әрбір көрермен көздеріне еріксіз жас алды. Бұл күні күй де күмбірледі. ҚР Мәдениет саласының үздігі – Әділбек Тәшімов қара домбырасын қолына алып, «Ақсақ құлан» күйін тамылжыта орындады.
Салтанатты кештің соңында бірлестіктің Қызылорда облысы бойынша төрайымы А.Былаева сапардың мақсатымен таныстырып, алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыс жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ бірлестіктің тағы бірі Телікөл ауылдық округінде ашылып, оның жетекшісі ретінде Мейрамкүл Бейсенбаева сайланды. Ал кеңесшілері болып Дана Жолдас пен Жайна Жақыпова тағайындалды.

Айнұр ИБРАШЕВА
02 сәуір 2024 ж. 197 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031