Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДӘСТҮРЛІ ШАРА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

ДӘСТҮРЛІ ШАРА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық бірлікті сақтаудың бірден-бір жолы – салт-дәстүрді насихаттап, жас ұрпақтың бойына сіңіру. Жаңғырудың қайнар көзі ұлттық кодымызда екенін терең жеткізген «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі әдет-ғұрпымызды ұлықтауға өзіндік үлес қосып келеді. Бүгінде бұл ұйымның еліміздің барлық өңірінде филиалдары ашылып, өз жұмысын қарқынмен жүргізуде. Соның қатарына Қызылорда облыстық филиалын ерекше атап өткен жөн. Жұмыс бабымен екінші рет келген ұжым бұл жолы №46 А.С.Пушкин атындағы мектеплицейіне табан тіреді.


Аталған шараның барысы қаладан келген қонақтарды күтіп алудан басталды. Мектептің фойесінде мұғалімдер мен ұстаздар қаз-қатар тізіліп, ұлттық киіммен қонақжайлықтарын көрсетті. Бұдан соң «Ел іші өнер кеніші» атты көрме таныстырылды. Көрмеден соң үлкен мерекелік бағдарлама қойылды. Салтанатты кешті ашып беру үшін сахна төріне ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил мен «Қазақ аналарыдәстүрге жол» облыстық қоғамдық бірлестік төрайымы А.Мырқықызы шақырылды. Тағылымы мол басқосуда шешендік өнердің маңыздылығы, салт-дәстүрлер кеңінен айтылды. Мәселен, шешендік өнердің төрелері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің ел аузында жүрген сөздерін ақ жаулықты аналар дәріптеп, насихаттады. Расында, көпті көрген қазақ қариялары көкейге тоқығанын құймақұлақ жастарға үйретуден жалықпаған. Сондай көріністі дәл осы іс-шарада байқаған едік. Рухани жиында аппақ кимешек киген әжелеріміз бен қос етек көйлек пен оюлы камзол, үкілі тақия киген қыз-келіншектерді көргенде көңіліміз марқайып қалғаны да жасырын емес. «Қазақтың барлық арулары осылай жүрсе ғой» деген ой түйдік. Расында керемет емес пе? Өскелең ұрпақтың ­бойына салт-дәстүрді санаға сіңіре отырып тәрбиелеу, түзу жолға салу – аналардың тәлім-тәрбиесі. Сөз соңында №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің мектеп-директоры Орынкүл Шорабаева: – Алтын уақыттарыңыздың қадірлі бөлшегі бола білдік деп ойлаймыз. Құндылықты ұлықтап, төл дәстүрді дәріптеу мақсатындағы жүзеге асқан жобаның тамыры тереңге жайылсын деген жылы лебізім бар, – деді. Кез келген шараның жоғары деңгейде болуы жүргізушілерге тікелей байланысты. Дәл сол тізгінді ұстаған Ақбөпе Тұрлыбаева мен Дариха Мұсабаеваның еңбегі орасан зор. Айта кетейік, аталған мектеп ұжымы көпке үлгі. Киелі шаңырақ өрендерді тереңдете оқытып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, қоғамға бейімдейді. Түрлі деңгейдегі мәдени-рухани іс-шараларға белсене атсалысу істеріне де дағдыландырады. Аналар рухын көтерген ізгілікті шараны өнерпаздар әуезді әнмен, әсем биімен әрлеуге тырысты. «Ақылды қария, ағып жатқан дария» деп тегін айтпаса керек. Әжелеріміз ұлы бәйтерек болса, біз оның бүршігіміз. Қыңырды жөнге, қисықты жолға салған аналарымыз бастаған дара жол өз жалғасын таба берсін.

Айнұр ИБРАШЕВА

05 ақпан 2024 ж. 449 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031