НӘЗІК БОЛМЫС ПЕН БЕРІК МІНЕЗ
Иығына погон таққан әрбір жанның артында үлкен жауапкершілік пен халық алдындағы аманат жатады. Ал сол жауапты міндетті нәзік болмысымен қатар алып жүрген әйел азаматтардың еңбегі қашанда ерекше құрметке лайық. Өйткені әйел затына тән мейірім мен полиция қызметіне тән талапшылдықты бір бойына тоғыстыру – кез келген адамның қолынан келе бермейтін қасиет.Осындай абыройлы қызметті атқарып жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Шиелі аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасы – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Фарида Досболова.
Шиелі жерінде 1980 жылдың 31 шілдесінде дүниеге келген Фарида Қуандыққызы бүгінде туған топырағының тыныштығы мен тұрғындарының қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2015 жылы бастаған Фарида Қуандыққызы осы уақыт ішінде халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, қиын тағдырлармен бетпе-бет келіп, талай жанға қорған бола білді.
Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласы – аса күрделі әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін бағыттардың бірі. Мұнда тек заңды білу жеткіліксіз. Адам жанын түсіну, психологиялық ахуалды бағамдау, кейде сабырға шақырып, кейде нақты шешім қабылдай білу қажет. Осындай сәттерде Фарида Қуандыққызының әйел затына тән байыптылығы мен аналық мейірімі көп мәселеге оң шешім табуға септігін тигізіп келеді.
Ол күн сайын сан түрлі тағдырмен кездеседі. Бір шаңырақтың шайқалуына жол бермеу, жанжалдың ушығуын тоқтату, жәбір көрген жандарға заң аясында көмек көрсету – оның қызметінің ажырамас бөлігі.
Полиция қызметі – уақытпен санаспайтын мамандық. Ел тыныштығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, кез келген шақыртуға дайын тұру тәртіп сақшыларының күнделікті өмір салтына айналған. Осындай жауапты міндеттердің бел ортасында жүрген Фарида Қуандыққызы да қоғам қауіпсіздігі жолындағы еңбегін үнсіз атқарып келеді.
Оның еңбек жолы – қызметке адалдықтың, адамға жанашырлықтың және кәсіби жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Нәзік болмыстың астарында қайсар рух жатқанын дәлелдеп жүрген осындай азаматтар қоғамның сенімі мен құрметіне әбден лайық. Өйткені ел тыныштығы жолындағы әрбір адал еңбек – мемлекет тұрақтылығының берік іргетасы.
Г.ДҮЙСЕБАЙ








