Қоғам дамуының көрсеткіштерін қалыптастырған азамат
Әрбір мемлекеттің дамуы нақты дерек пен дәл есепке сүйенеді. Ел экономикасының ахуалы, халықтың әл-ауқаты, өндіріс пен ауыл шаруашылығының өркендеуі, демографиялық өзгерістер мен әлеуметтік көрсеткіштердің барлығы статистикалық мәліметтер арқылы айқындалады. Сондықтан статистика саласы – мемлекеттің стратегиялық шешім қабылдауына негіз болатын маңызды бағыттардың бірі.Осы жауапты саланың дамуына ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан білікті мамандардың қатарында Шиелі ауданының статистика бөлімінің бас маманы Абай Батаевтың есімі ерекше құрметпен аталады.
Абай Мұханбетұлы 1974 жылдың 13 қарашасында күріштің атасы атанған даңқты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың есімімен аталатын қасиетті ауылда дүниеге келді. Еңбек пен берекенің, ынтымақ пен табандылықтың үлгісіндей болған осы өңірде тәрбиеленген ол жастайынан адал еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырды.
Туған ауылындағы мектепті аяқтаған соң еңбек жолын 1991 жылы Ы.Жақаев ұжымшарында колхозшы болып бастады. Бұл кезең жас азаматтың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, маңдай тердің қадірін ұғындырған алғашқы еңбек мектебі болды.
Білім мен кәсіби даярлықтың маңызын терең түсінген ол 1992 жылы Қызылорда политехникалық институтына түсіп, агроөнеркәсіп саласындағы экономист-менеджер мамандығын меңгерді. Студенттік жылдары экономика мен басқару жүйесінің қыр-сырын жан-жақты игеріп, болашақ қызметіне қажетті білім қорын қалыптастырды.
Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін туған ауылына оралып, еңбек жолын жалғастырды. Ы.Жақаев ұжымшарында машина-трактор паркі бойынша есепші болып қызмет атқарды. Кейін «Ынтымақ» және «Таным» шаруа қожалықтарында есепші болып еңбек етті. Бұл жылдар оның есеп жүргізу, талдау жасау, жауапкершілік пен тәртіпті басты қағидаға айналдыру жолындағы маңызды тәжірибе мектебіне айналды.
2001 жылы Абай Мұханбетұлы мемлекеттік қызмет қатарына қабылданып, Иіркөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметіне тағайындалды. Ауылдық округтің тыныс-тіршілігіне етене араласып, халықпен жұмыс жүргізуде іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. Мемлекеттік қызметтің басты қағидалары – адалдық, әділдік және жауапкершілікті берік ұстанып, тұрғындардың сеніміне ие болды.
Ал 2007 жылдан бастап оның өмір жолы статистика саласымен тығыз байланыса бастады. Шиелі кенті бойынша статистика қызметінің жетекші маманы болып еңбек жолын жалғастырып, кейін аудандық статистика басқармасының жетекші маманы қызметіне көтерілді. Бүгінде Шиелі ауданының статистика бөлімінің бас маманы ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәліметтердің сапалы әрі уақытылы қалыптасуына үлес қосып келеді.
Көпшілік қауым статистиканы тек сандар жиынтығы деп қабылдауы мүмкін. Алайда оның мәні бұдан әлдеқайда терең. Статистика – ел дамуының айнасы. Әрбір санның артында адамның тағдыры, халықтың тұрмысы, өңірдің өркендеуі мен мемлекеттің болашағы тұр.
Мәселен, жаңа мектептің қажеттілігі қаншалықты екендігін, халық санының өсу қарқынын, жұмыссыздық деңгейін, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін немесе кәсіпкерліктің даму барысын анықтауда статистикалық деректер басты рөл атқарады. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі де осы нақты көрсеткіштер арқылы бағаланады.
Сондықтан статистика мамандарының еңбегі – көзге көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды қызмет. Олар жинаған әрбір мәлімет пен өңделген әрбір көрсеткіш елдің әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыруға негіз болады.
Осы жауапты міндетті атқаруда Абай Мұханбетұлы әрдайым кәсібилік пен ұқыптылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Оның басты ерекшелігі – жұмысына деген шынайы жауапкершілік, деректердің нақтылығына деген талапшылдығы және өз ісіне деген адалдығы.
Бүгінде оның жалпы еңбек өтілі 30 жылды құраса, соның 24 жылы мемлекеттік қызмет саласында өткен. Бұл – бір адамның өмір жолындағы ұзақ уақыт қана емес, ел мүддесіне арналған қажырлы еңбектің жарқын көрінісі.
Әріптестері арасында сыйлы, жастарға тәлімгер, өз ісінің шебері атанған Абай Мұханбетұлы уақыт талабына сай білімін жетілдіріп, статистика саласының жаңашылдықтарын тәжірибесіне енгізіп келеді. Ол еңбекқорлық пен қарапайымдылықты, кәсіби біліктілік пен азаматтық жауапкершілікті қатар ұстанған маман ретінде құрметке ие.
Қазақ халқы «Еңбек ер атандырады» дейді. Осы сөздің шынайы мәнін өзінің саналы ғұмырымен дәлелдеп келе жатқан азаматтардың бірі – Батаев Абай Мұханбетұлы. Оның өмір жолы адал еңбек пен табандылықтың, туған жерге деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік қызметке деген беріктіктің жарқын үлгісі.
Туған елінің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген осындай азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өйткені мемлекет дамуының берік іргетасы – өз ісіне адал, ел сенімін ақтай білетін мамандардың маңдай терімен қаланады.
Алтынкүл Қожамжарова,
Шиелі ауданының
статистика бөлімінің басшысы
Шиелі ауданының
статистика бөлімінің басшысы








