Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚАЕВТЫҢ ЖАЛЫНДЫ ІЗБАСАРЛАРЫ

ЖАҚАЕВТЫҢ ЖАЛЫНДЫ ІЗБАСАРЛАРЫ

1964 жылдың ақпанында Қазақстанның жас егіншілеріне «Жастар, сендерді ақ күрішті алқаптар күтуде» деген үндеу тастады. Бұдан кейін республикада «Жақаевшылар қозғалысы» кеңінен өрістеді.
Әлемдегі екінші космонавт, Кеңестер Одағының Батыры Герман Титов қатысқан жас жақаевшылардың слеті Қызылорда қаласында өтіп, онда Г.Титов сөйлеп, даңғайыр диқанның мәртебесін көтерді. Сөйтіп жастар жаппай күріш егуге қызыға бастады. Солардың бірі – Абай атындағы №50 орта мектептің Мырзахан Қойлыбаев жетекшілік жасайтын бітіруші сынып оқушылары болатын. Мал шаруашылығымен айналысатын ауылдың қыз-жігіттері күріш еге отырып, мал азығын молайтуды алдарына мақсат етіп қояды. Бұған Ыбырай атамыз қуанбаса, қабақ шытпады. Үндеу көтерген оқушылар түгелдей «Өскен өңір» газетіне суреттерімен шығып, ауданды бір дүр сілкіндірген еді. Сол жылдары жақаевшылар саны көбейіп, оның қатарында ел аузына ілінген Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары жарқырап шығып жатты. Мысалы, Зәһира Ержанова – «Қызыл Ту» колхозының звено жетекшісі, Социалистік Еңбек ері, Қасен Бөдеев – Тереңөзек ауданы, ХХІ партсъезд атындағы совхоздың звено жетекшісі, Социалистік Еңбек ері, Қазына Жүсіпова – Жалағаш ауданы, «Аққұм»совхозының звено жетекшісі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қамар Үсенбаева – Жаңақорған ауданы «Задария» совхозының звено жетекшісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Райкүл Жалғасбаева – «Тереңөзек» совхозының звеноводы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Шырынкүл Қазанбаева – Шиелі ауданы «Коммунизм» колхозының звено жетекшісі, Социалистік Еңбек ері, Жақсылық Шайманов – Жалағаш ауданы «Мәдениет» совхозының күрішшісі, Ұзақ Қаймағанбетов – Қазалы ауданы Энгельс атындағы совхоздың күрішшісі, Жаңақорған ауданы «Түгіскен» совхозынан Керімхан Матқанов, ХХІІІ партсъезд атындағы совхоздан Арапбек Әбиев – Социалистік Еңбек ері, Шиелі ауданы «Коммунизм» колхозының күрішшісі Ұлбала Алтайбаева – Социалистік Еңбек ері атанса, «Қазақстанның ХХХ жылдығы» совхозында Үндеу көтерушілер қатарында жас жақаевшы Күлшат Абаділдаеваның мерейі үстем болды. Олар күріш өнімінен тау тұрғызып, ауылының, ауданының, облыстың атын шығарып жатты. Жұрттың, ғалымдардың күріш дақылына деген оң көзқарасы артып, Ы.Жақаевтың даңқы құлаш жайды. Жастардың бойында болашаққа сенім артты. Осындай еңбек мектебін ашып, соңынан мыңдаған шәкіртін ертті.
Жақаевтың мыңдаған ізбасары болды. Шиелі ауданының Ы.Жақаев атындағы колхозында күрішшілердің республикалық «Жақаевшылар мектебі» жұмыс істеді. Онда облыс күрішшілерінен басқа күріш егумен айналысатын өзге өңірлерден де адамдар келіп, күріш егудің қыр-сырын үйреніп, Ы.Жақаевтың мол тәжірибесінен білім алып, ауылдарына шаттана оралатын. Еңбек майданының ең алғы шептегі жауынгері атанған Ы.Жақаев 1-4-ші сайланған Қаз ССР Жоғарғы Советінің депутаты болды. 1947-1955 жылдары ҚАЗ ССР Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі болған. Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы бұрынғы «Қызыл Ту» ұжымшары, орта мектеп, Қызылорда қаласындағы бір көше, облыс емдеу сауықтыру профилакторийі Жақаев есімімен аталады. Сондай-ақ 1982 жылы Шиелі ауданында Жақаев атында күріш өсіру тарихи мұражайы ашылды. Бүгінде Қызылорда қаласының орталығында Ыбырай Жақаевқа ескерткіш орнатылған. Оның тас тұғырдағы таудай тұлғасы еңбек даңқын паш етіп тұр. Биыл осы «Ақ күріштің атасы» атанған атақты диқан, Социалистік егін шаруашылығының даңқты шебері, колхоз құрылысының ардагері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, екі мәрте Социалистік Еңбек ері, 4 мәрте Ленин орденінің, Еңбек Қызыл Ту орденінің, Халықтар Достығы орденінің және Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы және Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмелерінің алтын медальдарының иегері Ыбырай Жақаевтың туғанына биыл 133 жыл, ал жақаевшылар қозғалысына 60 жыл толып отыр.

Гүлнар ҚИТАНБАЕВА
30 қыркүйек 2024 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930