Жақсының шарапаты
Сыр бойының шырайлы да құнарлы өңірлерінің бірі – Шиелі ауданы. Негізгі байлығы күріш, төскейі маңыраған малға толы. Қазір, өндірісі өркендеген, келбеті де келісті өңірге айналды. Шиелі ауданы күрішті алғашқы болып өсіруде, одан мол өнім алуда Сыр өлкесінің басқа аудандарына үлгі, өнеге көрсетіп келгені әлі күнге дейін көз алдымызда.
«Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» демекші, бар ғұмырын ұрпақтарға ұлағат етуді мұрат тұтып, елі үшін еңбек еткен, жаны ізгілік шуағымен жадыраған жандар артында өшпес із бен өлмейтұғын мұра қалдырады. Заманында топ бастаған осындай текті тұлғалар ешқашан тасада қалған емес.
Жақаевшылар – Ыбырай Жақаевтың жолын қуып, күріш егіншілігінің тиімділігін, еңбек өнімділігін арттыру жолында елеулі табыстарға жеткен диқандар қозғалысы. 1964 жылы 5 наурызда Ы.Жақаев баспасөз бетінде «Жас ұрпаққа сәлем хат» жолдағаннан кейін, жақаевшылар қозғалысы Сыр бойында кең етек алды. Жақаевшылардың саны ХХ ғасырдың 80 жылдары мыңнан асты. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері А.Ахметов, А.Әбиев, С.Жұмабекова, Б.Мұстафаева, т.б. болды. Жақаевшылар үнемі бас қосып, күріш егісінің өнімділігін арттыру, жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану жолындағы қол жеткен табыстарын ортаға салып, тәжірибе алмасты. Ы.Жақаевтың ізбасарлары ең жоғары нәтижелерге жете отырып, Сыр өңірінің жергілікті жағдайына бейімделген күріштің жаңа сорттарын өсірді, озық технологиялар қолданды. Жыл сайын өтетін жас күрішшілердің дәстүрлі слетінде «Ыбырай Жақаевтың еңбек аттестаты» тапсырылды.
Шиелі ауданында республикалық Жақаевшылар мектебі жұмыс істеді. Онда жақаевшыларға теориялық және практикалық сабақтар берілді. 1963 жылдың басында облысқа басшы – бірінші хатшы болып Мұстақым Біләлұлы Ықсанов келеді. Ол елмен танысу алғашқы сапарын Ыбырай ақсақалға сәлем беруден, егісі бірыңғай суармалы облыстың күріш шаруашылығын өркендету бағыттары туралы даңғайыр диқанмен ойласудан бастайды. Бұл Ыбекеңе Алладан тілегені алдына келгендей әсер еткен екен. Диқан мен партия қайраткерінің ойы бір жерден шығады. Өйткені Ықсанов ауыл, су шаруашылығы маманы, шаруашылық басқарудан өскен, кең ауқымда ойлайтын басшы еді. Осылайша облыста күріш егістігін инженерлік жүйеге келтіріп тегістелген алқаптарға орналастыру, Сырдың сол жағалау бетінен жаңа алқаптарды игеру, жаңа арналар тарту, жолдар салу қызу қолға алынады. Іргелі жоспарды жүзеге асыру үшін Одақ республика тарапынан қомақты қаржы бөлініп, жаңадан ондаған совхоз ашылады, құрылыс трестері құрылады. Шымкенттегі республикалық күріш ғылыми – зерттеу институты Қызылордаға көшіріледі. Осы атқарылып жатқан алапат жұмыстардың түпкі мақсаты – күріш егістігін ұлғайту, өнімін молайту, сол арқылы елді көтеру, гүлдендіру. Бұл үшін Сыр диқандарының шоғырын көбейту, күріштен мол өнім алуды тұрақтандыру қажет. 1964 жылы наурызда Ыбырай Жақаевтың «Жас ұрпаққа сәлем хат» деген жастарға арналған жолдауы облыстық газеттерге жарияланып, радиодан берілді.
«Қымбатты жастар! Сыр жері күріш өсіруде дүниежүзілік рекордтың туын тіккен жер. Біз сол туды қолдан шығармауға тиіспіз. Жастар, күріш егуге көптеп келіңдер, онан жоғары өнім алуға дайындалыңдар. Ғылым мен техниканың жетістіктерін бай тәжірибемен байланыстыра және агротехникалық білімді жетік меңгере отырып, біз алмаған асуды алатын болыңдар. Еңбек эстафетасын біз сендерге беріп отырмыз. Келешек рекорд иесі сендер боласыңдар, мен сендерді сол биіктен көргім келеді» деп түйіндеді даңқты диқан Ыбырай ата. Іздегені табылған облыстың басшы органдары Жақаевтың осы тарихи хатын қолдап, оны ұйымдастыру, насихат, жұмылдару жұмыстарының өзегіне айналдырды. «Жақаевшылар қозғалысы» деген атқа ие болған үлкен еңбек өрлеуі осылай бастаған еді. Жастарға ұран болған Ыбекеңнің өзі де қарап қалмады. Ол қолына кетпенін ұстап, соңғы рет 1966 жылы күріш екті. Бұл кезде Ыбырай 75 жаста. Ол әлі қуатты, ширақ. Сол жылы әр гектардан 91 центнерден өнім алып, тікелей диқандық өмір кезеңін үлкен жетістікпен қорытындылады. Бұл сол жылы Қызылорда облысындағы ең жоғарғы көрсеткіш болды.
Осы алғашқы жетістік қорытындыланып, 1965 жылы көктемде облыста алғаш жақаевшылар жиыны – слет өткізілді, оған екінші ғарышкер Герман Титовтың арнайы келіп қатысуы мәселенің маңызын аша түсті. Даңқы аспандап тұрған ғарышкердің «Ыбырай Жақаевқа таңғала отырып, алдында басымды иемін. Одан ғибрат алған жастардың өмір-бақи қартаймай өтуінің сыры еңбекте екеніне көздері жетсін» деп зор құрмет білдіретіні осы кез. Осындай слеттерде Ыбекеңнің ізбасар жастарға «Еңбек аттестатын» тапсырып отыру дәстүрі қалыптасты, ниет білдіргеннің бәрі емес, әр гектардан кемінде 40 центнерден өнім ала алған күрішші ғана «жақаевшы» атанды. Сол үшін Шиеліде Ы.Жақаев атындағы республикалық күрішшілер мектебі ұйымдастырылып, жас диқандар білімін көтерді. Сыр бойында даңқты күрішшінің мыңдаған шәкірттері бар. Жақаевтың жастарға хаты талай жастарға жігер, күш-қайрат беріп, ел байлығын еселеу жолында өнегелі өміршеңдігін танытты.
1964 жылы жас күрішшілердің облыстық слеті болып өтті. Міне, осы жылдан бастап бүкіл облыста, жас жақаевшылар қозғалысы етек алды. Осы қозғалыстың да ақылман-кеңесшісі ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев еді. Облыста, ауданда Жақаевшылар қозғалысы кең қанат жайды. Жас күрішшілер Қ.Манатбаева, Қ.Абайділдаева, Цой Магельс, О.Тәукеевтер күріштің әр гектарынан 50-80 центнерден өнім алса, ал Ш.Қазанбаева, С.Жұмабекова, Ұ.Алтайбаева, З.Ержанова, Б. Оразовтардың «Еңбек Ері» атанып, толағай табыстарға қол жеткізуі жақаевшылар қозғалысының шарапаты еді.
«Адам да бір, аспанда ұшқан құс та бір». Ол құсты шырқау биікке алып баратын талап бар. Құстың көкірегіндегі арманы аспаннан құйылатын әсем ән болып төгіледі. Жүрегіндегі сыры айлы түнгі аспандағы жұлдыз болып жарқырайды. Сол әннің айтылмай жатып таусылғаны қиын. Жұлдыздың мезгіліне жетпей сөнгені қиын. Көрікті елдің базары тым ерте тарқаса сол қиын. Бұл Ыбырай атаның өмірі жайлы айтқан өрнекті ойы. Ұрпағының талаптанып, арман қанатында шырқау биікке ұмтылуын тілеген көңіл сыры. Тәуелсіз еліміздің базары таусылмай, жұлдызы көкте жарқырағай.
С.Сағындықова,
Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалының ғылыми қызметкері
Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалының ғылыми қызметкері