Даңғайыр диқан немесе еңбекпен келген бақыт
Егер менен «жер шарындағы ең бақытты адам кім?» десе, ойланбастан Ыбырай Жақаев дер едім. Әлемдегі миллионерлер мен миллиардерлер де ондай бақытқа кенелмес. Себебі, олардың бақыты уақытша. Бір сәтте бақытсыздыққа ұшырауы мүмкін. Адам баласы бақытқа жету жолында үш қуанышты бастан кешіруі керек екен.
Ол алдымен халықтың, көпшіліктің, ақсақал-үлкендердің алғысын алуы, еңбегіңмен болса да, не адами жақсы қасиеттеріңмен айналаңа ұнап, өзіңді көптің іздеуі, үшіншіден, елге сіңірген еңбегіңнің немесе ісіңнің өшпеуі тиіс көрінеді. Міне, Ыбырай атамыз осы үш қуанышты басынан өткізіп, бақыт құшағында болды. Қарапайым қазақтың қара шалы еңбек арқылы адам айтқысыз биікке көтерілді. Ол колхоз бастығы болған жоқ, атқару комитеті төрағасының немесе партия комитетінің бірінші хатшысының орынтағында отырған жоқ, әкім де, министр де болмады, бірақ құдіретті темір кетпенімен, маңдай терімен, Шиелінің қасиетті, киелі жерімен, қол еңбегімен жаһанға мәшһүр болды. Ол күріштің әр гектарынан 172 центнерден өнім алған жерін ағаш томарларынан кетпенімен қопарып тазартты, аршыды. Күріштің бабын тауып, баласындай мәпелеп, дүниежүзілік рекорд жасады. Сол замандағы кинохроникаларға көз салсақ, Ыбырай атамыз жер жыртып соқада, су кешіп, дән сеуіп, атыз басында жүр. Ол өзі сушы, өзі звено жетекшісі болып, күріш егу әдісін ғылыми негізде жүзеге асыруды ғалым-агроном інісі Әнес Алтынбековке тапсырады. Екеуі қол ұстасып, арман шыңына бірге аттанған еді. Ол жасампаз еңбегімен өсті, өнді, көгерді, дарақ жайды, жайқалды. Ол өз бақытын өзі жасады. Бақытқа қол созды. Бақыт оны іздеп өзі келді. Оның бақыты еңбекте. Бейнеті зейнетке айналған адал еңбек. Ауылдың аңғал ақсақалын шыңға көтерген бейнеті көп таза еңбек, шын еңбек. Қоспасы жоқ. Қос қолымен, дерт көрмегір алақанымен, салалы, мықты саусақтарымен келген еңбек ырысы. Оның ырысы – күріші. Аялаған қастерлі, қасиетті жері “Жер жомарт, екінші мәрт демекші, сен болмасаң егінші де болмас еді. Диқан сен арқылы диқан” деген де осы Ыбырай атамыздың өзі емес пе? Оның дәлелі белгілі жазушы-драматург, жерлесіміз Оразбек Бодықовтың өңдеуімен шыққан “Өмір жолдары”, “Менің Бақытым” кітаптары мен журналист-қаламгер Қалқабай Әбенов пен кәсіподақ қызметкері Марат Когут екеуі жазған “Күріш туралы ой” атты қойын кітап, ол туралы жырлаған қазақтың көрнекті ақындары Әбділда Тәжібаев пен Асқар Тоқмағанбетовтердің арнау өлеңдері, ұлты кәріс, сазгер Цойдың шығарған “Жақаевшылар маршы” әні т.б. шығармалар, қалам тербеулер дүниеге келді. 1964 жылдары басталған жақаевшылар қозғалысы неге тұрады. Әлемдегі екінші космонавт, Кеңестер Одағының Батыры Герман Титов қатысқан жас жақаевшылардың слеті Қызылорда қаласында өтіп, онда Г.Титов сөйлеп, даңғайыр диқанның мәртебесін көтерді. Жастар жаппай күріш егуге үндеу тастады. Солардың бірі – №50 Абай атындағы орта мектептің Мырзахан Қойлыбаев ағамыз жетекшілік жасайтын бітіруші сынып оқушылары болатын. Мал шаруашылығымен айналысатын ауылдың қыз-жігіттері күріш еге отырып, мал азығын молайтуды алдарына мақсат етіп қояды. Бұған Ыбырай атамыз қуанбаса, қабақ шытпады. Үндеу көтерген оқушылар түгелдей “Өскен өңір” газетіне суреттерімен шығып, ауданды бір дүр сілкіндірген еді. Сол жылдары жақаевшылар саны көбейіп, оның қатарында ел аузына ілінген Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары жарқырап шығып жатты. Мысалы, Зәһира Ержанова – “Қызыл Ту” колхозының звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері, Қасен Бөдеев – Тереңөзек ауданы, ХХІ партсъезд атындағы совхоздың звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазына Жүсіпова – Жалағаш ауданы, “Аққұм” совхозының звено жетекшісі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қамар Үсенбаева – Жаңақорған ауданы, “Задария” совхозының звено жетекшісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Райкүл Жалғасбаева – “Тереңөзек” совхозының звеноводы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Шырынкүл Қазанбаева – Шиелі ауданы, “Коммунизм” колхозының звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері, Жақсылық Шайманов – Жалағаш ауданы, “Мәдениет” совхозының күрішшісі, Ұзақ Қаймағанбетов – Қазалы ауданы, Энгельс атындағы совхоздың күрішшісі, Жаңақорған ауданы, “Түгіскен” совхозынан Керімхан Матқанов, ХХІІІ партсъезд атындағы совхоздан Арапбек Әбиев – Социалистік Еңбек Ері, Шиелі ауданы “Коммунизм” колхозының күрішшісі Ұлбала Алтайбаева – Социалистік Еңбек Ері атанса, “Қазақстанның ХХХ жылдығы” совхозында Үндеу көтерушілер қатарында жас жақаевшы Күлшат Абаділдаеваның мерейі үстем болды. Олар күріш өнімінен тау тұрғызып, ауылының, ауданының, облыстың атын шығарып жатты. Жұрттың, ғалымдардың күріш дақылына деген оң назары, көзқарасы артып, Ы.Жақаевтың даңқы құлаш жайды. Жастардың бойында болашаққа сенім артты. Біздің аға-апаларымыз үшін, біздер үшін де бір қызықты заман болатын – сол кез. Жас та үлкен де құлшынып, серпіліспен еңбек ететін. Оларға мақтау да, марапаттау да аянбай, молынан жасалынатын. Сонан ба, ешкім еңбек етуден қашпайтын. Осындай еңбек мектебін ашып, соңынан мыңдаған шәкірттерін ертті. Аудан орталығынан күрішшілердің Ы.Жақаев атындағы республикалық мектебі ашылды. Онда облыс күрішшілерінен басқа күріш егумен айналысатын өзге өңірлерден де адамдар келіп, күріш егудің қыр-сырын үйреніп, Ы.Жақаевтың мол тәжірибесінен білім алып, ауылдарына шаттана оралатын.
Әкем Исмаил Әзімхан Бәкірұлы Ыбырай Жақаевпен аға-інілі тығыз қатынаста болды. Әкемнің отбасында Ыбырай атамызды талай көріп, құрыштай қолын алып, амандасатынбыз. Оның себебі де бар болатын. Ыбырай Жақаев өзінің “Өмір жолдары” кітабында замандас досы, “Ащықұдық” колхозының бастығы Бәкір Палымбетов жайлы жылы лебіздер білдіреді. Оның ауданда бірінші болып бидай дақылын егіп, мол өнім алғандығын жазады. 17 жыл колхоз басқарып, 1950 жылы ауырып қайтыс болған әріптесін еске ала отырып, енді оның баласы Әзімхан Исмаилов та Бәкір әкесіндей Ленин атындағы колхозды 17 жыл басқарды деп, кітабында бет арнағаны бар. Екеуі бір-біріне қайда жүрсе де тілеулес, жанашыр болды. 1969 жылы Мәскеу қаласында колхозшылардың Бүкілодақтық ІІІ-ші съезі өтті. Оған Қызылорда облысынан Социалистік Еңбек Ері, “Қызыл Ту” колхозының звено жетекшісі Ыбырай Жақаев, Ленин атындағы колхоздың председателі Әзімхан Исмаилов және Қармақшы ауданынан атақты шопан Рабиға Іздіқұловалар делегат болып қатысты. Суреттегі үшеуіне Мәскеуде оқып жатқан жерлесіміз Болат Қарғабаев жұбайы екеуі келіп, қосылады. Тарихи сурет әкемнің отбасылық альбомынан алынды. Сол тұстағы колхоз бастықтары мен совхоз директорларының әрқайсысы біз үшін тұлға болып көрінетін. Қазір басымызды шайқаймыз, шіркін, олар қандай кісілер еді. Ол басшыларда бір-ақ мақсат болды, еліне адал қызмет жасау, ауылының жаман атын шығармау, партияға, халыққа адал болу, өзінің беделі мен абыройын сақтау. Олардың жаны да, қолдары да, істері де адал, таза көрінетін. Аудан басшылары да, ауыл басшылары да өздерін жақаевшылармыз деп санады. Санада тек еңбек ету, егістен мол өнім алу, социалистік жарыстың жеңімпазы атану тұрды. Бір-бірімен жарыстырып қойған колхоз, совхоздар, өндірістік бригадалар мен жеке-жеке күріш звено жетекшілеріне дейін мәреде дайын отыратын. Оларда артық әңгіме айтуға уақыт болмайтын, еңбектен қолдары босамайтын. Түрегеп тұрып шәйларын ішіп, тамақтарын көлік ішінде, егіс басында, дала қосында, малшылардың көктеуінде, жайлауында ішіп жүре беретін басшыларды өзімізде талай көрдік. Олардың бәрі өздерін Ы.Жақаевтың шәкіртіміз деп санады, оны заңғар аға тұтып, еңбек даласындағы ұстаздары деп білді, дала академигі, даңғайыр диқан ретінде құрметтеп, мақтаныш ететін. Олар қарапайым еңбек адамы Ыбырай атамызға арнайы барып сәлем беріп тұратын Шиелінің сол кездегі жайсаң жандары Рахмет Нұрекеев, Сәттібай Алпамышев, Әзімхан Исмаилов, Бәкір Тоқбаулин, Қазбек Оспанов, Жағыпбар Рысманов, Әбдіғаппар Молдабаев, Өмірхан Жәрімбетов, Жолдыбай Ақмолдаев, Леонтий Хан, Әнуарбек Сапахов, Әнсары Әбдіхалықов, Арысбай Тоқсанбаев, Киікбай Смайылов, Константин Хван, Смайыл Жандарбеков, Сәдуақас Рсымбетов, Сәмедин Қазкенов, Мұхит Смайылов, Әнуар Кенбаев, Жолдасбек Ердешбаев, Нағымет Қозайдаров, Жақсылық Ахметов, Төлес Апбасов, Емел Бәкіров, Қырықбай Дәуренбеков, Нұрмахан Қасымов, Асанхан Смайлов, Әбіласан Халықовтар мен басқа да ағаларымызды еске алып, атамыздың 125 жылдық мерейтойында бір марқайып қаламыз. Олар күріш екті, мал бақты, жермен жұмыс істеді. Олар Ыбекеңмен дәмдес болған, сырлас болған, ағасына іні бола білген, оған қолдау білдірген, ауданымыздың ауыл шаруашылығының майталман басшылары санатында ел жүрегінен орын алды. Күріш маршалы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев абырой-атақтан, құрмет-қастерден кенде емес. Бұрынғы “Қызыл Ту” колхозы Ыбырай Жақаев атымен аталады. Қызылорда қаласында алаңы және көше иеленген. Шиелі кентінде жастардың демалыс паркі аталып, даңқты диқанға зәулім ескерткіш орнатылды. Алматы қаласында, Шиелі кентінде, ауылдарда оған көше аттары берілген, кенттің батыс бөлігінде Ыбырай Жақаев атындағы №244 мектеп бой көтеріп, ұжым болашақ ұрпақтарымызға білім беруде. Туған ауылында жаңадан музей үйі салынып, мереке қарсаңында ашылмақшы. Бұл диқан атамыздың, ең бақытты адамның ортамызға қайта оралған бақыты деп санасақ, жаңылыспаймыз.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.