Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім мен арман тоғысқан белес

Білім мен арман тоғысқан белес


Аудан аспанында жұлдыздай жарқырап келе жатқан жас дарындар бар. Олар – білімге құштар, арманы асқақ, еңбегімен биікті бағындырған өрендер. Сыныптағы қарапайым сабақтан басталған қызығушылық үлкен сахналарда жалғасып, аудан мерейін асқақтатып келеді.
№45 «Ақ орда» мектеп гимназиясының 5-сынып оқушысы Айсезім Исабекова – ізденісті серік еткен зерек қыз. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап-ақ білімге деген құштарлығын дәлелдеп келеді. Сыныптастары арасында үздік атанып қана қоймай, түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып, мектеп абыройын асқақтатып жүр.
Оның ғылымға деген алғашқы қадамы «Зерде» ғылыми жобалар байқауынан басталды. Әр жыл сайын шыңдала түскен Айсезім ауданнан озып, облысты бағындырып, ақыры республикалық деңгейге жол тартты. Жуырда Бурабайдың баурайында өткен байқауда «Этномәдениеттану» бағытындағы жобасы жоғары бағаланып, жүлделі екінші орынмен оралуы – талмай ізденген еңбектің жеңісі еді.
Бұл жолда оған бағыт-бағдар берген ұстазы – Сәнімкүл Каукенова – көркем еңбек пәні және «кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәне мұғалімі. Ұстаз бен шәкірттің үндестігі, сенім мен еңбектің үйлесімі Айсезімнің қанатын қатайтып, ғылым көгіне самғауына жол ашты.


Айару Бахытқызы №45 «Ақ орда» мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы. Алға ұмтылған әр қадамы нық, арманы айқын ол білім бәйгесінде өзін әлденеше рет дәлелдеп, аудандық, облыстық деңгейдегі сайыстарда топ жарып келеді.
Тіл мен әдебиетке деген сүйіспеншілігі оны көркем сөз додаларында жеңіске жетелесе, химияға деген қызығушылығы ғылыми жобаларда жаңа белестерді бағындыруға жол ашты. Жақында жалпы білім беретін пәндер бойынша 8-11 сынып оқушыларына арналған республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Химия» секциясы бойынша жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Одан бөлек «Табиғатты аяла» жас экологтар жобасының аудандық кезеңінде топ жарған Айаруға ғылым жолында шамшырақ болған ұстазы – Жанерке Жанайдарова. Ұстаздың сенімі мен шәкірттің талпынысы ұштасқанда алынбайтын асу болмайтыны анық. Ізденіс пен еңбекті, арман мен мақсатты тоғыстыра білген білім ордасында әлі талай ғалымдар шығары сөсіз.

Гүлхан ЯХИЯ
27 сәуір 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9397).

25 сәуір 2026 ж.

№29 (9396)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (9395)

18 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930