ТАЗА ҚОҒАМ, ТАЗА АЙМАҚ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ел көлемінде қанат жайып отыр. Осы акция аясында облысымызда ағымдағы жылдың мамыр айының 4-6 күндері аралығында «Тазақ қоғам, таза аймақ» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.Осыған байланысты аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы әр сенбі сайын аудан көлемінде, елді мекендерде сенбілік өткізіп, халықты тазалық сатауға бастап келеді. Жоғарыдағы профилактикалық іс-шараның мақсаты да – қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, аумақты абаттандыруға тұрғындарды жұмылдыру болып табылады.
Сондықтан әр азамат төмендегіні білуі тиіс. Үй, подъезд, аула маңын қоқыстан тазартып, ағаш егіп көгалдандыруға атсалысуы керек. Осы жұмыстар барысында олар қоқысты сұрыптап тастауға, табиғатқа зиян келтірмеуге, сенбілікке шын ниетімен қатысуға, басқаға үлгі болуға талпынып, өздерінің қоғамға деген сүйіспеншіліктерін аңғартып жатса, аймағымыз гүлдене түсері анық. Сонымен қатар іс-шара барысында мынандай кемшіліктерге жол беруге болмайды.
Рұқсат етілмеген жерге күл-қоқыс тастамау, көшеге, аялдамаға, сая баққа түкіру, дәрет сындыру, ағаштарды ретсіз отау, көгалды таптап бүлдіру іс әрекеттеріне ҚР ӘҚБ тК-нің 605 бабы және 434-2 бабының жауапкершілігі қарастырылған.
«Тәрбие – тал бесіктен баталады» деген қазақ даналығы осы акция барысында да байқалады. Осыған орай Шиелі аудандық полиция бөлімі қызметкерлері аудан көлеміндегі Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі студенттері мен мектеп оқушылары арасында қоршаған ортаны таза ұстау жайлы дәрістер өткізді.
Жалпы табиғатқа жанашырлық – болашаққа жауапкершілік деп түсінуіміз орынды. «Таза қоғам, таза аймақ» іс-шарасы барысында «аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің» басшыларымен де хабарласып, көңілге қонымды сандарды естіп қуанып қалдық. Шиелі өңірінде 17 гектар аумақта уақытша тұқым бағы бар екен. Мұнда тал, қарағаш, терек, үйеңкі, айлант,тальпа секілді ағаш көшеттері өсірілетін көрінеді. Стандартқа сай 188 мың бар дейді. Бұл дегеніңіз сырттан қымбатқа көшет сатып алмаудың жолын кесу деген сөз. Бұл көшеттер бүгінде сенбі сайын ауданды көгалдандыру жұмыстарына кеңінен пайдаланылғаны, сондай-ақ тұрғындарға таратылып берілгені белгілі.
Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау, қоғам тазалығы, көгалдандыру, ауламызды, аймағымызды абаттандыру баршамызға ортақ міндет. Туған жердің ажарын келтіретін ағаш. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» деп, бабаларымыз бекер айтпаған. Оған облысымызда өтіп жатқан «Таза қоғам, таза аймақ» профилактикалық іс-шара да көпшілікке ой салады деп ойлаймын. Шиеліміз көріктене берсін деймін!
Дарын Әзімхан,
Шиелі аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің қару айналымы және табиғат қорғау полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры






