Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сыр медиа» ұжымы экологиялық науқанға үлес қосуда

«Сыр медиа» ұжымы экологиялық науқанға үлес қосуда

Бүгін Сыр өңірінде «Таза Қазақстан» экологиялық науқанының «Жасыл аймақ» апталығы аясында іс-шара ұйымдастырылды. Оған аймақ жұртшылығы белсенді түрде атсалысып жатыр. 


Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Осыған сәйкес, еліміздің барлық аймағында сенбілік өткізілуде. Жалпы, сенбілік – әртүрлі елде, соның ішінде Қазақстанда да өткізілетін ерікті тазалық шарасы. Қазақстанда сенбіліктер қоғамдық орындарды абаттандыру, аумақтарды абаттандыру, қоқыс пен басқа да қалдықтарды шығару мақсатында да өткізілуде. Бұл дәстүрдің тамыры тереңде және қоғамдық сана мен азаматтық жауапкершіліктің маңызды элементі болып табылады. Дегенмен, бүгінгі ән бұрынғыдан өзгеше демекші, осы жылғы тазалық маусымының ауқымы кең. Бұл тұста Қызылордалық журналистер де аянып қалмады. Таза Қазақстан» экологиялық науқанының «Жасыл аймақ» апталығы аясында ұйымдастырылған шараға «Сыр медиа» ЖШС ұжымы да белсенді қатысты.
Ел Президентінің қолдауымен жүзеге асып жатқан экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, ұйымдар үй мен ғимарат аумағына тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деген атау алған екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшет отырғызылып, ағашқа күтім жоспарланса, төртінші аптада ардагерлер мен қарттар үйінің аумағын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтың арнасы қоқыстан тазартылады. Бұл – республикаға ортақ бағыт. Міне, осы межеден “Сыр Медиа” қызметкерлері де алыс емес. Сенбілікке белсене қатысқан қызметкерлер өзі тыныс алатын аймақтың таза болуы баршамызға парыз деп есептеп, ҚР Президенттінің шешімін қолдайтынын жеткізді. 
Мекеме қызметкерлері, журналистер мен дизайнерлер, сондай-ақ баспахана жұмысшылары мекеме айналасын тазартып, қоқысын шығарды. Бұдан бөлек 50 түп ағаш көшеттерін отырғызып, жасыл желек егу жұмыстары жүргізілді. Бір сәт болса да қаламын күрек пен сыпырғыға айырбастаған журналистер қауымына ардагер қаламгерлер алғыс айтып, ізгі тілектерін білдірді.
Айта кетейік, 8 сәуір мен 11 мамыр аралығында  «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жарияланды.
8-13 сәуір «Таза өлке» деген атпен өтеді. Тұрғындар, қоғам қайраткерлері, ұйымдар, кәсіпорындар өз аумақтарын, аулаларын тазалайды;
15-20 сәуір – «Киелі мекен» -тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады;
22-27 сәуір – «Жасыл аймақ» күні ағаш көшеттерін отырғызу, екпелерді әктеу ұйымдастырылады;
29 сәуір-4 мамыр – «Өнегелі ұрпақ» күні ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын жинау және абаттандыру ұйымдастырылады;
6-11 мамыр – «Мөлдір бұлақ» деп аталатын күні су айдындарының айналасын қоқыстан тазарту ұйымдастырылады.
27 сәуір 2024 ж. 537 0