Таза орта – тұрақты даму кепілі
«Таза Қазақстан» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан, ел болашағына тікелей әсер ететін ауқымды экологиялық жоба. Президент бұл бастаманың бір реттік шара емес екенін бірнеше рет атап өтіп, 2026 жылы да «Таза Қазақстан» идеясы жүйелі түрде жалғасын табуы тиіс екенін айтқан. Бұл – экология мәселесінің мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие екенін көрсетеді.Жоба қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендерді абаттандыруға, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Президенттің айтуынша, табиғатқа жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Осы орайда қоқысты сұрыптау, жасыл желекті көбейту, су мен жер ресурстарын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
«Таза Қазақстан» бастамасы арқылы қоғамда тазалық пен тәртіпке деген көзқарас өзгереді, әсіресе жастар арасында экологиялық сана қалыптасады. Әр адам өзінен бастап, айналасын таза ұстауға үлес қосса, 2026 жылы да, одан кейін де таза, көрікті және өмір сүруге қолайлы Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз.
Осы орайда Шиелі ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков экология мен санитарлық тазалық мәселелерін әрдайым назарда ұстап, бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше екпін қоюда. Ауданның көрікті келбетін кірлетпей, таза орта қалыптастыру жолында жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Бұл әрине барша аудан тұрғындарына ортақ іс. Өйткені тазалық бар жерде тәртіп те, дені сау ұлт та болады.
Өткен сенбілікке аудан орталығы мен барлық ауылдық округ, дербес бөлімдер, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, жастар ұйымдары мен еріктілер белсене қатысты. Олар көшелер мен қоғамдық орындарды күл-қоқыстан тазартты. Аталған сенбілік тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, аудан келбетін жақсартуға, сондай-ақ тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Г.Әбдіхани








