1 мамыр – татулықтың тамыры, елдіктің тұғыры
Көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін 1 мамыр – Қазақстан халқы үшін ерекше мәнге ие мереке. Бұл күн – тек күнтізбедегі дата ғана емес, ол – жүректерді жақындастыратын, сан түрлі ұлт пен ұлыстың тағдырын тоғыстырған татулықтың символы. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтың бірлігі мен ынтымағы – елдігіміздің ең асыл қазынасы.Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жері талай тағдырдың тоғысқан мекені болды. Әртүрлі кезеңдерде түрлі этнос өкілдері осы қасиетті топыраққа қоныс аударып, қазақ халқымен бірге өмір сүріп, бір тағдырды бөлісті. Сол сәттен бастап олардың қуанышы да, қайғысы да ортақ, үміті мен арманы бір арнаға тоғысты. Бүгінде сол бірліктің арқасында Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің ордасына айналып отыр.
Қазақтай ұлттың айналасына түрлі этнос өкілдері ұйысып отырған киелі мекеннің бірі – Шиелі. Ықылым заманда ата-бабасы ту тіккен туған жерден қиындықпен ұзап, қоныс аударған олардың қайқайсысына да қазақ халқы жылы құшағын айқара ашты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында тұрақтап қалды, өсті-өнді.
Байтақ даламыз – бүгінде қазақпен бірге 130-дан астам этностың да ортақ Отаны. Қазіргі таңда Қызылорда облысы көлемінде 96 пайыз қазақ, 4 пайызға жуық өзге этнос өкілі тұрады. Яғни, облыста 30 мыңның үстінде өзге этнос өкілі өмір сүріп жатыр. Ал Шиелі ауданында 2 808 өзге этнос өкілі ғұмыр кешуде. Атап айтқанда, орыстар – 1 283, кәрістер – 800, шешендер – 89, татарлар – 144, өзбектер – 130, украиндер – 88, әзірбайжандар – 48, немістер – 65, қырғыздар – 21, беларустар – 26, ұйғырлар – 11, чуваштар – 7, қытайлар – 3, тағы басқа этнос өкілдері ауданның тұрғылықты тұрғынына айналған.
Саралап қарасақ, өңірде өмір сүретін этностардың ең көбі – орыстар мен кәрістер. Олар Шиелі кенті, Ақмая, Бәйгеқұм, Бәйтерек ауылдық округтерінде мекендейді. Олар өңірдегі атомөнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларында, ірі кәсіпорындарда, еңбек ұжымдарында қызмет атқарып, қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік өмірге белсене араласады.
Бірлік – жай ғана ұғым емес, ол – елдің еңсесін тіктейтін күш. Ынтымақ бар жерде ырыс бар, татулық бар жерде тұрақтылық бар. Халықтың бірлігі – мемлекетіміздің дамуының кепілі, болашақтың берік іргетасы. Әр ұлттың тілі мен мәдениеті сақталып, құрметтелетін қоғам – нағыз өркениетті елдің белгісі.
1 мамыр – адамдарды ұлтына, тіліне, дініне қарап бөлмей, керісінше, бір мақсатқа жұмылдыратын мереке. Бұл күні әрбір азамат жүрегінде достықтың жылуын сезініп, бейбіт өмірдің қадірін ұғына түседі. Әр шаңырақта береке, әр жүректе сенім ұяласа, елдің ертеңі де еңселі болары сөзсіз.
Бірлік – біздің басты байлығымыз. Оны сақтау – әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз. Өйткені татулықтың туы биік елдің болашағы әрдайым жарқын болмақ.
Г.Әбдіхани








