Сапа мен сақтық – басты назарда
Жақында аудан орталығында халық денсаулығын қорғау және тұтынушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау басқармасының мамандары бірқатар сауда орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шараның негізгі мақсаты – санитариялық талаптардың сақталуын қадағалап, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру.Атап айтқанда, орталықтағы дүкендер, «Үміт» дүкені және балмұздақ сатып тұрған дүңгіршектер, «Дәмді» мейрамханасының алдындағы балмұздақ сату орындары, «Сәт», «Жан» сондай-ақ базар ішіндегі сауда нүктелері толық қамтылды. Әрбір нысанда кәсіпкерлермен жеке түсіндіру жүргізіліп, өнім сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты талаптар жан-жақты айтылды.
Тексеру барысында сауда орындарына келіп түсетін өнімдердің жарамдылық мерзімін қатаң сақтау, тауарлардың сәйкестік сертификаттарын тұрақты түрде тексеру, мерзімі өтіп кеткен өнімдерді сатуға жол бермеу қажеттігі ерекше назарға алынды. Сонымен қатар санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау, техникалық регламенттер нормаларын бұзбау жөнінде нақты ескертулер берілді.
Жүргізілген жұмыстар алдын алу шаралары ретінде ұйымдастырылып, кәсіпкерлерге заң талаптарын түсіндіру арқылы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға басымдық берілді. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар кәсіп иелерінің жауапкершілігін арттырып, тұтынушыға сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Аталған шараға санитариялық-гигиеналық бақылау және техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Назерке Елтайқызы, жетекші маман Әлихан Дәнекер, сондай-ақ аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Гүлнәр Дүйсебаева қатысып, сауда орындарының жұмысымен танысты. Назерке Елтайқызының айтуынша, түсіндіру жұмыстары халық денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады.
– Негізгі мақсат – кәсіпкерлерді жазалау емес, керісінше, алдын алу арқылы қауіптің жолын кесу. Өнім сапасы мен қауіпсіздігі әрбір тұрғынның денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір сауда иесі өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс, – деді ол.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірде сапа мен қауіпсіздікке деген талап күшейіп, тұтынушылар сенімі нығая түсері анық.
«Өскен өңір» ақпарат







