Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерзімі өткен тауар адам өміріне қауіпті

Мерзімі өткен тауар адам өміріне қауіпті




Бірнеше апта бұрын редакциямызға тұрғындар тарапынан азық-түлік сапасына байланысты  арыз-шағым келіп түсті. Дәлірек айтар болсақ, олар кейбір дүкен сөрелеріндегі мерзімі өткен азық-түліктердің сатылып жатқанын айтып, тұтынушылық құқығын қалай қорғауға болатынын анықтап беруді өтінді.

Тұрғындардың талап-тілегіне біз де бей-жай қарай алмадық. «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, маңызды мәселені көзбен көрмекке бекіндік. Сөйттік те, журналисттік жұмысымызға кірісіп, аудан айналасындағы бірнеше азық-түлік дүкендерін бір шолып, зерттеу жұмыстарына кірісіп кеттік. Бұл жолы тауардың бағасына емес, сапасы мен жарамдылық мерзіміне аса назар аудардық. Ең әуелі зерттеуімізді қара халықтың көп баратын көтерме (оптовый) дүкендерінен бастадық. «Арзан», «Арсен», «Нұр», «Аян» сынды сауда орындарында әзірге ахуал тұрақты болып шықты. Көзбен көргеніміздей, аталған дүкендерден жарамдылық мерзімі өткен азық-түліктерді кездестірмедік. Демек, дүкен иелері азақ-түліктің сапасына да жарамдылық мерзіміне де жіті қадағалау жүргізетін болып тұр. Өйтпеске лаж жоқ. Себебі, дәл қазір азық-түлік дүкендері арасында бәсеке артып келеді. Сондықтан сапаның сын көтеруі шарт. Хош. Зерттеуді мұнымен аяқтағанымыз жарамайды. Ендігі кезек – базар маңындағы кішігірім дүкендер мен дүңгіршектерде. 

Айналадағы барлық сауда-саттық орындарына шолу жасап көрген едік, нәтижесі көңіл қуантпады. Біз барған бірнеше дүкендердің өзінде жарамдылық мерзімі өткен азық-түліктер тайға таңба басқандай менмұндалап тұрды. Әсіресе, күнделікті тұтынатын сүт, айран, йогурт, сары май сынды тауарлардың сапасы сын көтермейді. Олай деумізге таңғы асқа тұтынатын сары майдың көкшіл рең беріп тұрғаны себеп болды.

Тіпті, әлгі өнімдің жарамдылық мерзімі 2022 жылы өтіп кеткендігін аңғардық. Дәл осылай оннан аса дүкенге журналисттік зерттеу жүргізіп көрген едік, көпшілігінде жағдай мәз емес болып шықты. Әсіресе, сатушылар консервідегі балық өнімдерін жарамдылық мерзімі өтсе де сата беретінге ұқсайды. Ол ол ма, тізімде қоқыс жәшігіне әлдеқашан кетуі керек тауарлар да табылды. Кешірім сұраймыз, әрине. Дегенмен, 2019 жылы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен құрғақ сүт пен бөтелкедегі суларды көргенде тіпті жүрек айниды... Сондықтан көзімізбен көргенді дүкен иелеріне айтуды біз де өзімізге міндет деп санадық. Кейбір сатушылар ұялудың орнына өзімізге жекіп, қойған сауалымызға жауап беруден бас тартты. Ал кейбірі «Мұндай жағдай енді қайталанбайды» деп жауапкершіліктен оңай құтылудың амалын тапты.

Саудагерлердің сөзінше, азық-түліктің сапасын ешкім де, тіпті ешқандай мекеме де тексермейтін көрінеді... Хош. Тексермеді делік. Бірақ олай болды екен деп сапасыз азық-түлік пен жарамдылық мерзімі өткен тауарларды сатуға бола ма? Біздің ойымызша, бұған әуелі кәсіпкердің өзі жауап беруі тиіс. Бұл нәпақасын саудадан айырып отырған саудагердің қателігі. Айналып келгенде бәрі заң мен арға келіп тіреледі. 

Қалам ұшына іліккен түйіткілді мәселеге жан-жақты жауап іздеуге тырыстық. Бұл мәселеге қатысты Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен байланысып көрген едік. Олар «бұл мәселеге біз жауап бермейміз, себебі дүкендер эпидемиологиялық мәні болмашы объектілер тізбесіне енгізілген. Сол үшін біз азық-түліктерге тексеру жүргізбейміз» деп қысқа қайырды. 

– Бізге қазіргі таңда азық-түліктің сапасын қадағалап, тексеру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берілмеген. Тек өнімдердің қауіпсіздігін мониторинг шеңберінде бекітілген кестеге сәйкес ғана өнімдерді сатып алу жұмыстары жүргізіледі. Былтырғы жылы 236 сатып алу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарды азық-түлікті сатып алмас бұрын жарамдылық мерзіміне қарауға шақырамыз. Әрбір тұтынушының оған толықтай құқығы бар. Біз тек тамақтан, азық-түліктен уланған жағдайда ғана дүкендерге тексеру жұмыстарын жүргізе аламыз. Оның өзінде арнайы түбіртек болғаны маңызды. Біз дүкендерге кез келген уақытта кіріп бара алмаймыз, алдын ала ескертіп қана тексеру жұмыстарын жүргіземіз, – деді Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары. 

Иә, еліміз бойынша азық-түлік сапасы мен жарамдылық мерзімін қадағалауға Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті тікелей жауапты. Алайда аталған комитет мамандары тұтынушылар тарапынан арыз шағым келіп түскен кезде ғана жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізеді екен. Ереже солай. Біздің ойымызша, ең әуелі дам құқығы мен денсаулығы басты орында тұрғандықтан, дүкен сөрелеріндегі тағамның сапасы да жіті қадағалануы қажет. 

Денсаулық сақтау ұйымының мамандарының да айтары сол. Себебі, жарамдылық мерзімі өткен әрбір өнім адам денсаулығына аса қауіпті. Тіпті, тамақтан улану – адам өліміне әкеліп соқтыруы ғажап емес. Әсіресе қаптамадағы өнімдерді тұтыну – аса қауіпті. Мамандар жарамдылық мерзімі тіпті бір күн өткен тауарды тұтынбауға кеңес береді. Сапасы сын көтөрмейтін азық-түліктер керек десеңіз, асқазан жарасы мен түрлі ішек ауруларына душар етеді. Сол үшін әр адам тұтынатын өнімін өзі қадағалап, қаптаманың сыртын оқып, тауардың сапасына сақ болуы тиіс. Бастысы әркімнің өмірі өз қолында екенін ұғынсақ игі.
03 мамыр 2023 ж. 300 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930