РЕДАКЦИЯНЫҢ РЕҢДІ АРУЫ
Газет – қоғамның айнасы, оның беті тек мәтіндерден ғана емес, оны көркемдеп безендіретін дизайнерлердің өнерінен де тұрады. Осындай маңызды және шығармашылық жұмысқа бүкіл ғұмырын арнаған Ұлзада Идаятқызы «Өскен өңір» редакциясының біртуар дизайнері, тәжірибесі мол, шебер маман. Ол көптеген жылдар бойы газет бетінің ажарын кіргізіп, әрбір мақаланы көркем әрі тартымды етіп шығаруға өз үлесін қосты. 87 жылдық тарихы бар басылымда ұзақ жыл жұмыс істеген Ұлзада апай шын мәнінде «Өскен өңірдің» реңді аруы аталатын.Ұзын бойлы, ақ құба келген, қимылы ширақ, жанары жылы бойжеткен жастайынан осы қара шаңырақта еңбек жолын бастады. Ол газетпен бірге өсіп, басылымның талай белесін бірге өткерді. Қаншама жылдар бойы газет бетінің көркем безендірілуіне жауап беріп, әр нөмірдің ажарын ашты. Ұлзада апай «Өскен өңір» редакциясында газет беттеуші болып қызмет атқарды. Сол күннен бастап оның өмірі әріп пен өрнектің, мәтін мен макеттің әлемімен біте қайнасты. Ол кезде газет беттеу ісі әлі қолмен жасалатын, әр жол, әр сурет ерекше ұқыптылықты талап ететін.
Еңбек жолын дизайнер ретінде бастаған ол газет көркін келтіруге бар күш-жігерін салды. Әр мақаланың мазмұнына сай безендіру жасап, әр беттің үйлесімін сақтауға тырысатын. «Газеттің келбеті – оның айнасы» деген қағиданы берік ұстанды. Уақытпен бірге технология да өзгерді: қолмен макет жасаудан компьютерлік бағдарламаларға көшті. Бірақ ол қандай жаңалық болса да, тез меңгеріп, заман ағымынан қалмай отырды.
Редакция өмірі – бірде қарбалас, бірде тыныш. Газеттің уақытылы шығуы, материалдардың сапалы әзірленуі – үлкен еңбекті талап етеді. Түнге дейін қалып, шұғыл материалдарды беттеп, қатесін түзеп, кейде демалыссыз жұмыс істейтін күндер де болатын. Соның бәрінде сабырын сақтап, сапаға мән берді. Оның қолынан шыққан әрбір бетте талғам, жинақылық, кәсіби шеберлік сезіліп тұратын.
Бойжеткен шағында редакцияға келген Ұлзада апай осы ұжымда есейді, тәжірибе жинады, талай жас маманға бағыт-бағдар берді. Әріптестері оны жауапкершілігі мен қарапайымдылығы үшін сыйлады. Ол үшін редакция – жай ғана жұмыс орны емес, екінші үйі еді. Себебі газет шығатын күні, Ұлзада апай түнімен жұмыс істеді. Ол газет нөмірлерінің көркемдік шешімін соңғы сәтке дейін пысықтап, уақытпен санаспай, таңға жақын ғана жұмысын аяқтайтын. Әрбір беттеудің артында қаншама тер төгіледі. Оны бірі білсе, бірі білмейтін.
Ұлзада апайдың жұмысынан нағыз шығармашылық көрініс табатын. Газет шығармашылығы, онда беттеуші болу – бұл апайдың өмірінің бөлігіне айналды. Ұлзада апай тек дизайнер ғана емес, ұжымның рухани тірегі еді. Әріптестеріне ақылын айтып, жылы сөзін аямайтын. Қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі, жүрегіндегі мейірім мен махаббат оны бәріне жақын етті. Ұжымдағы кішіпейілділік, адалдық, әйелге тән сұлулық, анаға тән мейірім дегеннің тамыры осындай жандар барда үзілмейтін шығар. Ұлзада апайымыздың өзгермейтін болмысынан өнеге ала білсек, өркениеттің көкжиегінде қазақылықтың қуатты құндылықтары кең өріс ала берері даусыз. Сондай-ақ Ұлзада апай жүзі жылы, жанары әдемі, жалпы алғанда редакциядағы реңді аруы атанды. Оның жанарының әдемілігі, мейірімді күлкісі әрбір адамды баурап алатын.
Бүгінде Ұлзада апай зейнет демалысында болғанымен, редакция ұжымы үшін ол әрдайым қадірлі. Оның маңдай терімен жасалған әр нөмір, әр бет – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Осындай адал еңбегімен ел құрметіне бөленген жанға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Редакцияның ыстық-суығын бірге өткерген ардақты жанның еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.
Айнұр НАЗАРОВА







