Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төртінші жұртым – Өскен өңір

Төртінші жұртым – Өскен өңір


Ұлылардың ұлағаты, тағылымды өсиеттерінен ана – қоғамдағы қозғаушы күш, бірлік пен тірлік негізі, ел бейнесін айқындайтын өмір айнасы, ел тұтқасы саналған. Әйел – ананың бейнесі қандай болса, сол елдің бейнесі, салт-дәстүрі сонымен өлшенеді. Айналасына шуақ шашып, әріптестеріне сыйлы сырлас болған, газет бейнесінің аудан айнасына айналуына өзіндік сүбелі үлес қосқан, ардагер корректор Айнагүл Байдаулетованың еңбегі еселі.
Аудан айнасы саналған «Өскен өңір» газетінде талай тарландар мен нәзік жандылардың естеліктері сақтаулы. Сондай ыстық естеліктері мен ең қызықты күндерінің куәсіне айналған Өскен өңір редакциясының ардагері Айнагүл Байдәулетова. Ол 1960 жылы Бестам ауылында дүниеге келген. Өскен өңір редакциясына корректор болып 1985 жылы жұмысқа орналасады. Бұл жылдары газет аптасына 3 рет шыққан. Күнделікті жаңалық пен газеттің қатесіз жарық көруі Айнагүл апайға жүктелген. Аракідік өлең шығарып, қалам ұстап әртүрлі тақырыпта мақала жазған. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген мақалдай Айнагүл апайды газеттен бөліп жарып қарау мүмкін емес. Себебі редакция Айнагүл апайдың екінші үйі саналған. Адам баласының 3 жұрты болса, Айнагүл апайдың 4 жұрты болған. 1985-2018 жылдар аралығында газет беттерінде оның маңдай тері мен қолтаңбасы бар. 34 жылын газетке арнаған Айнагүл Өрікбайқызы бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған еңбек ардагері, немеренің иісіне қанып отырған ардақты әже.
Корректор – орфография мен пунктуациялық қатеге ғана жауап бермейді. Тұла бойы тұңғышы сияқты газеттің барлық бетіне жауапкершілікпен қарап, журналистің ойы мен сөзі сәйкес келмей жатқанда сөйлемдерді байланыстырып, мақаланың тиянақты әрі сауатты жазылуын қадағалайды. Осындай күнделікті айналып келетін газет қатесіне, сауатты шығуына жауап беретін қажыр-қайрат пен шыдамдылықты, табандылықты қажет ететін қасиеттер Айнагүл апайдың бойынан табылады. Сонысымен де редакцияда 34 жыл қызмет етіп, бейнеттің зейнетіне жетті.

Ақбота БАЯНБАЙ
10 наурыз 2021 ж. 525 0