ДИЗАЙНЕР ДАТКЕНОВ ШИЕЛІДЕ БІРЕУ ҒАНА

Дизайндық безендіру жұмысы – бүгінгі баспасөздің ерекше назар аударатын мәселесі. Қазіргідей нарық заманында кейбір газет өз бәсекелестерінің алдына шығу үшін өнімдерінің дизайнына – сыртқы визуальды келбетіне айрықша мән беруде.
Дизайн қызметінің ерекшелігі – әсем әрі көркем жасалған тұтыну заттары мен бұйымдарының қоршаған ортаға лайық үйлесімін жүзеге асырып, ұдайы олардың жаңа үлгілерін ойлап табумен айшықталады. Ал баспасөздегі дизайн басылымның сыртқы визуалды көрінісі мен ішкі элементтерінің динамикалық үйлесімін қамтитын баспагерлік өнердің бір саласына айналып отыр.
Жақсы беттелген газет оқырманның өзіне қажетті материалды оңай тауып алуына жәрдемдеседі. Осы орайда 85 жылдық тарихы бар «Өскен өңір» газетінің беттеуші-дизайнері Ерұлан Даткеновтің есімін ерекше атап өткенді жөн санадық.
Ерұлан Балтабайұлы – Шиелінің тумасы. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған, атақты диқан Ыбырай Жақаев ауылында дүниеге келген. Мамандығы – филолог. Өзі шығармашылыққа жақын.
Алғашқы еңбек жолын «Өскен өңір» газетінде тілші болып бастаған Ерұлан, бөлім басшысы, жауапты хатшы қызметтерін де абыроймен атқарды. Түрлі тақырыпты мақала жаза жүріп, сол мақалаға сай мәтін мен көз тартатын дүниелерді ерекше таңдап, әдемі безендірулерді жасай бастады. Басқа да марапаттарды айтпағанда 2021 жылы ауданда «Жылдың үздік тілшісі» номинациясымен марапатталса, 2023 жылы облыста «Ізденімпаз журналист» номинациясының иегері атанды.
Газеттің оқырман қолына әдемі түрде тиюі үшін беттеуші-дизайнердің мықты болғаны жөн. Жақсы дизайн жылтырақ безендіруден гөрі шығармашылық жұмысқа анағұрлым жақын. Осы тұста Ерұланның еңбегін барша әріптестері қолдай отырып, оны газет беттеуші-дизайнерлік қызметке ауыстырады.
Дизайнерлік қызметке келген Даткенов қиялға ерік беріп, сан түрлі тың идея ойлап табады. Күннен-күнге газеттің безендіруі ерекше сипат алып, оқырмандар тарапынан жақсы пікір қалыптасты.
Тіпті облысқа қарасты жеті ауданның арасындағы газет безендіру байқауында «Өскен өңірдің» дизайны оқ бойы оза шауып, Ерұлан Балтабайұлы бірнеше мәрте «Үздің дизайнер» атанған. Бүкіл облыс мойындаған. Дизайн деген өнім емес, ол – ой еңбегінің жемісі. Ал ой еңбегі өз қарапайымдылығын жоғалтпауға тиіс. Мұндағы беттеуші-дизайншының еңбегін ел білген маңызды.
Дизайн сапасының жоғары болуына ақпаратты тартымды бере білу мен өзге де ақпарат үндестігі себепкер болды.
Қарапайымдылығы бір төбе, адамгершілігі мен имандылығы өз алдына Ерұлан – баспа саласында «Adobe InDesign» бағдарламасын мықты меңгерген газет беттеуші маман.
Ерұланның тағы бір қыры кәсіби фототілші десем, артық болмас. Оның қырағы көзіне іліккен кадрлар бірден әлеуметтік желіде хит болады. Ол фото түсіру кәсібінің білікті маманына айналғанын бірі білсе, бірі білмес.
Өзіндік креативті ойы бар Ерұлан жаңашылдықты жаны қалайды. Әр газеттің форматы әртүрлі. Оның республикалық «Ақмешіт жастары» газетінде де қолтаңбасы қалған. Мереке қарсаңында әріптесіміз Ерұланға шалқар шабыт, толағай табыс, тың идеялар тілейміз. Қиялында түрлі формат пен дизайнерлік туынды өрістей бергей.
Айнұр НАЗАРОВА