Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕК ДАҢҚЫН ДӘРІПТЕГЕН КӨРМЕ

ЕҢБЕК ДАҢҚЫН ДӘРІПТЕГЕН КӨРМЕ

Қазақ даласында еңбегімен елге танылып, маңдай терімен тарихта із қалдырған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Нұрмолда Алдабергенов. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған, Қазақстандағы колхоз құрылысын алғаш ұйымдастырушылардың бірі, қоғам қайраткері ретінде оның есімі ел жадында мәңгілік сақталады.
Жуырда Жетісу өңіріндегі Нұрмолда Алдабергенов атындағы мемориалды музейдің «Еңбекпен ер атанған Нұрмолда» атты көшпелі көрмесі Шиелі жеріне табан тіреді. Тағылымы мол шарада дала академигінің өмір жолы, еңбек майданындағы ерен жетістіктері мен адами болмысы кеңінен насихатталды.
Көрменің ашылу салтанатына ауданның зиялы қауым өкілдері мен бірқатар мекеме басшылары, оқушылар қатысты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жантас Қасымов алғы сөз сөйлеп, Н.Алдабергенов музейінің меңгерушісі Гүлшат Шаймұхамедоваға аудан әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйын табыс етті. Жиында Ы.Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақаев әкесі мен Нұрмолданың достығы, әріптестік қарым-қатынасы жайлы естелігімен бөлісті. Әрі қарай жиналғандар көрме залына қадам басты.

Колхоз құрылысын ұйымдастырған қайраткер
Нұрмолда Алдабергенов – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Бүгінде өзі еңбек етіп, маңдай тері сіңген Жетісу облысы, Ескелді ауданындағы ауыл ­Алдабергенов ауылы деп аталады. Ал қос қабатты тұрғын үйі мемориалды музейге айналған. Қоғам қайраткерінің өмір жолы мен жетістіктері жайлы экскурсия жетекшісі Жанар Ахатаева таныстырды.
Н.Алдабергенов басшылық жасаған тұста қант қызылшасын өсіру ісі қарқынды дамыды. Ұйымдастырушылық қабілеті, еңбекке деген адалдығы мен табандылығы арқасында колхоз құрылысы нығайып, шаруашылықтың әлеуеті артты.
Ел ішінде Нұрмолда Алдабергеновті «дала академигі» атауы бекер емес. Өйткені ол агротехникалық тәсілдерді жетік меңгерген, тәжірибені ғылыммен ұштастыра білген жаңашыл тұлға болды. Әр гектар жердің өнімін арттыру жолында тынымсыз ізденіп, еңбек адамдарын жігерлендіріп отырды.

Үш таған – ортақ мұрат
Нұрмолда Алдабергеновтің өмір жолы оның замандас, ниеттес достарымен тығыз байланысты. Солардың қатарында күріш өсірудің хас шебері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері ­Ыбырай Жақаев және қой шаруашылығын өркендеткен даңқты шопан, Социалистік Еңбек Ері ­Жазылбек Қуанышбаев бар. Алдабергеновтің көшпелі көрмесі Жақаев атындағы музейге табан тіреуінің де ­басты себебі осыда болса керек.
Үшеуі әр өңірде еңбек етсе де, мақсат-мұраттары бір болды. Нұрмолда – қызылша өсіруден, Ыбырай – күріштен, Жазылбек – қой шаруашылығынан жоғары көрсеткішке жетіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор серпін берді. Олар өзара тәжірибе алмасып, кездесіп, пікір бөлісіп отырған. Бұл достық – бәсекелестік емес, керісінше бірін-бірі қолдап, жігерлендірудің үлгісі еді.
Көшпелі көрмеде батыр тұлғаның фотосуреттері, құжаттары, марапаттары мен замандастарының естеліктері көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе, оның хат алмасулары, достарымен қатарластыра орналастырған фотоколлаждары сол дәуірдің рухын сезіндіріп, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Бүгінгі ұрпақ үшін Нұрмолда Алдабергеновтің өмірі – табандылық пен жауапкершіліктің, елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол өз заманының ғана емес, кейінгі буынның да рухани темірқазығына айналған тұлға.
Екі күнге созылған бұл көрме – үш алыптың достығы мен еңбегін ұлықтаған, тарихқа тағзым жасаған тағылымды шара болды. Еңбекпен ер атанған – Нұрмолда, күріштің атасы атанған – Ыбырай, төрт түліктің құтын арттырған – Жазылбек қазақ даласының маңдайына біткен жарық жұлдыздар.
Олардың өмір – тұтас ұлттың еңбекке деген құрметінің айғағы.

Г.ЯХИЯ
02 наурыз 2026 ж. 24 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031