АУЫЛҒА АРҚАУ БОЛҒАН АМАНАТ
Ауыл – ұлттың тамыры, елдің тірегі. Ал сол ауылдың еңсесін тіктеп, тұрмысын түзеу – бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі. Осы жауапкершілікті терең сезінген мемлекет пен партияның ортақ бастамасы ретінде жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл өміріне жаңа серпін, жаңа сенім әкелуде. Жоба – жай ғана қаржылай қолдау емес, адал еңбекке негізделген тұрақты дамудың айқын көрінісі.Осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесін көрсету мақсатында Шиелі ауданында «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында ауыл кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова мен сала мамандары ауыл кәсіпкерлерімен жүздесіп, «Адал азамат – Адал еңбек – Адал бизнес» қағидатын басты тақырып етіп алды. Кездесудің мәні – адал еңбекті дәріптеу, кәсіпкерлікке деген жауапкершілікті арттыру және ауылды дамытудың нақты тетіктерін түсіндіру.
Іс-шара барысында делегация «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жұмысын бастаған жаңа кәсіпкерлік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Кондитер өнімдерін өндіретін, бірреттік қағаз бұйымдарын шығаратын, қолдан тігілген ұлттық нақыштағы қуыршақтар жасау секілді шағын өндірістердің жолға қойылуы – ауыл кәсіпкерлігінің жаңа бейнесін айқындайды. «Еңбек етсең, елге де, өзіңе де пайда» дегендей, бұл кәсіпорындар жергілікті тұрғындар үшін үмітке айналды.
Соңғы үш жыл ішінде Шиелі ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 968,1 миллион теңгені құрайтын 135 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл экономикасы жанданып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсара түсті.
Сапар аясында Бәйтерек ауылдық округіндегі тәулігіне 2 тонна қызанақ пастасын өндіретін цехтың жұмысы ерекше назар аудартты. Бұл – «Ауыл аманаты» жобасының әлеуетін айқын көрсететін ірі өндірістік нысан. Жалпы құны 48 миллион теңгені құрайтын жобаны іске асырып отырған «Барлыбай и K» өндірістік кооперативі, жеке кәсіпкер Қанат Мұсаевтың жетекшілігімен, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы 27,6 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау алған. Қазіргі таңда мұнда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, ал жаз айларында жұмысшылар санын 20 адамға дейін арттыру жоспарлануда.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» жобасының негізгі бағыттары, жеңілдетілген несиелеу шарттары, ауыл шаруашылығы мен шағын бизнесті дамыту жолдары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар заң талаптарын сақтау, салықтық мәдениет, әлеуметтік жауапкершілік және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтудың маңызы да назардан тыс қалмады.
Еркін форматта өткен кездесуде кәсіпкерлер өз ойларын ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бұл – мемлекет пен кәсіпкер арасындағы сенімді нығайтатын, өзара әріптестікті күшейтетін маңызды қадам. Осындай диалогтар арқылы ауылда адал әрі тұрақты кәсіпкерлік ортаның қалыптасатыны анық.
Сұлушаш МАДИЯРОВА








