Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың арқа сүйері – «Ауыл аманаты»

Ауылдың арқа сүйері – «Ауыл аманаты»

Ауылды дамытудың тиімді тетігінің бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бұл – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаның бірі. Бағдарлама Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы Жарлығы негізінде бастау алды. «Ауыл аманаты» жобасының бас­ты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру.

Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі.

Әл-ауқатты арттыруға бағытталған
«Ауыл аманаты» жобасы негізінен халықтың табысын арттыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге бағытталған.
2023 жылдан бастап ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауқымды жұмыстар басталды. Мақсат – ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту, оларды өз ісін бастауға ынталандыру және ауыл экономикасын жандандыру.
Нәтиже көп күттірмеді. Аталған бағдарлама аясында 2023 жылдан бері ауданға 968,1 млн теңге көлемінде қаржы тартылып, жүзден аса жоба қолдау тапты. Алайда көпшілігі жеке кәсіпкерлік мақсатында жүзеге асқан болатын. Енді кооперативтерді қолдауға басымдық берілмек. Осылайша шикізаттан гөрі дайын өнім өндіру қолға алынады.
Иә, енді ауылдағы ұсақ шаруашылықтар кооперативке бірігу арқылы табысын арттыруға басымдық беріліп отыр. Бар мүмкіндікті бір арнаға тоғыстыру нәтижесінде ауылда өндіріс орындары көптеп ашылмақ. Бау-бақша алқаптарының аумағы да ұлғайды. Нәтижесінде тұрғындар тұрмысын түзеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады.
Биыл аудан бойынша Майлытоғай, Тартоғай, Жиделіарық пен Бестам ауылдарында кооперативтік жобалар қолға алынбақ. Қазір нақты жүзеге аспағанымен, мемлекеттен көмек алып, кәсібін дөңгелеткісі келетін ағайын белін бекем буып отыр.
Жалпы ауыл халқының өз жерінде тұрақтап, еңсесін тіктеуі үшін «Ауыл аманаты» – таптырмас мүмкіндік. Аудан тұрғындары бүгінде бұл жобаның берерін ұғынып, кәсіпке бет бұра бастады. Ал алда – ауқымды істер мен жаңа бастамалар кезеңі.

«Ауыл аманаты» әл берген сала
Елдің экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтерудің бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығын өркендету. Осы бағытта жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы талай ауыл тұрғынына серпін беріп, еңбекке ынталандыруда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл бағдарлама шын мәнінде ауылға жан бітіріп, кәсіпкерлікке жол ашып отыр.
Бұған дейін жоба аясында «Шиелі құс еті» және «Барлыбай и K» өндірістік кооперативтері құрылған болатын. Мемлекет тарапынан қолдау тауып әрқайсысына 27,6 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінде ісі өрге домалаған кооперативтердің өнімдері аймаққа ғана емес, республика көлемінде сұранысқа ие.
Одан бөлек «HONEYMOOD» нан-тоқаш және кондитерлік цехының, тәулігіне 600-700 кг өнім шығаратын «Шұжық цехы», наубайхана, жиһаз жасау, күріш ақтау цехтарының табыс­ты қадамдары аудан экономикасын арттыруға септігін тигізуде. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған бизнес-инкубатор да бар. Онда кәсібін жаңадан бастаған 5 адам ісін дөңгелетіп отыр.
Қысқасы, «Ауыл аманаты» жобасы – тек қаржылай көмек емес, ауыл халқының өз кәсібін бастауына мүмкіндік, ертеңге сенім.

Гүлхан ЯХИЯ
28 тамыз 2025 ж. 52 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (9331)

26 тамыз 2025 ж.

№63 (9330)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (9329)

19 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031