Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл дамыса, ахуал жақсарады

Ауыл дамыса, ахуал жақсарады

Қазір облыс аумағындағы халық саны 845 мың адам құраса, оның жартысы ауылда тұрады. Ауылдарды дамыту – мемлекеттің, «AMANAT» партиясының да маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы қол қойған Жарлығы «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» болды.
Сондай-ақ Президент Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық қолдауды тиімді және мақсатты пайдаланып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу міндетін қойды. Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында да мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру мәселесіне баса мән берді. Атап айтқанда, алдағы уақытта аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады. Бұл бағытта аймақта ауыл әкімдерінің сайлауы нәтижелі жүргізілуде. Екі аудан әкімі, 145 қала, кент және ауылдық округ әкімдері сайланды. Мемлекет басшысы атап өткендей, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері және жастар қатарынан шыққан көптеген әкімдер қазір ел басқару бойынша тәжірибе жинауда. Өткен аптада облыс орталығында AMANAT партиясының бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ауыл әкімдерінің форумы өтті. Жиын барысында сөз алған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қабылданған шаралар халықтың қажеттілігі мен талап-тілегіне сай жұмыс жүргізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өтіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. – Қазір халық сайлады деп, арқаны кеңге салып қол қусыратын уақыт емес. Мемлекет басшысы «бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда» деген болатын. Халыққа берген уәдені орындап, Президентіміздің Әділетті қоғам қалыптастырудағы реформалары мен саясатын өздеріңіз басқаратын аумақта жүзеге асыру қажет. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасын тиімді іске асырыңыздар. Кәсіпкерлікті дамытуда жұртшылыққа мемлекеттік қолдауларды түсіндіріп, кәсібін ұйымдастыруға көмектесу қажет. Әрбір әкім өзі басқаратын елді мекендегі жұмыссыздар санын азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табыс көзін арттыру, салық базасын ұлғайту секілді негізгі міндеттерге баса назар аударуы керек. Жер телімдері мақсатына сай пайдаланылуы, заңсыз немесе пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс, – деді Нұрлыбек Нәлібаев. Бүгінде облыс бюджеті 744 млрд теңгеден асқан. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалып отыр. Облыс халқын табиғи газбен қамту деңгейі – 75 пайыз. Қалалар мен аудан орталықтары және 29 ауылдық елді мекен газға қосылған. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражатқа 306 шақырым газ желісі салынды. Бұл 20 мыңнан астам халқы бар 17 елді мекенге «көгілдір отын» қосуға мүмкіндік береді. Басқосуда AMANAT партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, сенатор Наурызбай Байқадамов, Ұлттық экономика министрлігі өңірлік даму департаментінің директоры Нұрлан Мақсұтов, партияның Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов сөз сөйледі. – Сыр өңірінде агроөнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағыттары қарқынды дамып келеді. Күріш өндірісінің басым бөлігі де осы аймаққа тиесілі. Жаңа әуежай терминалы мен автовокзал, оқушылар үйі, музыкалық колледж, үстел теннис орталығы, физикаматематикалық мектеп-интернаты, 10 мың орындық стадион сынды нысандарға қарап-ақ құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқанын байқауға болады. Халқымызда «Ауылына қарап азаматын таны» деген керемет сөз бар. Қай кезде де ауылдағы мәселенің барлығын әкімімен байланыстырамыз» деді партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев.
Форум аясында оқыту сессиялары да ұйымдастырылды. Онда ауыл әкімдері «AMANAT» партиясы құндылықтарын партиялық жобаларды іске асыру арқылы ілгерілету, тұтынушыға бағдарлану, қызметті кәсібилендіруге негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа принциптері, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік сатып алуды іске асыру, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың қолжетімді тетіктерін қалыптастыру, кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету және инвестиция тарту шаралары, бұқарамен жұмыс істеу, IV бюджет деңгейі, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың жаңа қадамдары секілді түрлі бағыттарда арнайы мамандардан дәріс алды. Жиын соңында өңірдің әлеуметтікэкономикалық дамуына қосқан үлесі, ел мүддесі жолында атқарған еңбегі үшін аудан әкімдері, сала басшылары мен мамандары президент алғыс хатымен марапатталды.
ЖЕРГЕ – ТЫНЫС, ЕЛГЕ – ЫРЫС БЕРГЕН ЖОБА
Ауылды дамытудың тиімді тетігінің бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бұл – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азықтүлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаның бірі. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы Жарлығы негізінде бастау алды. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/ шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады. Бағдарлама аясында ауданда 75 жоба жүзеге асты. Ол үшін мемлекеттен 548 млн теңге көлемінде қаржыландырылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, асыл тұқымды мал және құс шаруашылығы бойынша 8 жоба, балық пен омарта шаруашылығы бойынша 16 жоба, егін шаруашылығы бойынша 16 жоба, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бағытында 4 жоба және басқа да бағыттар бойынша 31 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл облыс бойынша 1 млрд теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда 4 жоба қолдау тауып отыр. Тағы да 29 жобаны бақылау кеңесіне ұсыну жоспарлануда. Айта кетейік, былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста 3 млрд теңгеге 406 жоба несиелендіріп, 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл құны 4 млрд 600 млн теңгені құрайтын 575 жоба жүзеге асырылуда.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
06 қараша 2024 ж. 63 0