Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейрамбек Маханбетжанов: Негізгі бағдар – Заңдылық пен Тәртіп

Мейрамбек Маханбетжанов: Негізгі бағдар – Заңдылық пен Тәртіп

Қоғам өмірінің барлық саласында заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокуратура органдарының рөлі айрықша. Мемлекеттің құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы болып табылатын прокуратураның бар күш-жігері заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған.
Жуырда Шиелі ауданының прокуроры ­Мейрамбек Маханбетжанов өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде және құқықбұзушылық профилактикасы, әлеуметтік-экономикалық даму жағдайында құқықтық қамтамасыз ету шаралары бойынша брифинг өткізді. Оған жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуде аудан прокуроры алдымен қадағалау аумағындағы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық бұзушылық профилактикасы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ қауіпсіз қоғам қалыптастыру, құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік принциптерінің мақсаты мен маңыздылығын түсіндірді.
– Былтыр аудан көлеміндегі қылмыстылық 2024 жылмен салыстырғанда 5 пайызға яғни 155/163 өскен. Оның ішінде, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру 7-ден 22-ге, мал ұрлығы 4-тен 6-ға, бұзақылық 4-тен 6-ға, есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар 17-ден 19-ға, жол көлік қылмыстары 7-ден 15-ке, қоғамдық орында жасалған қылмыстар 21-ден 24-ке, жұмыссыздар жасаған қылмыстар 98-ден 113-ке, тұрмыстық жағдайда жасалған қылмыстар 21-ден 26-ға, бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстар 52-ден 61-ге, топпен жасалған қылмыстар 12-ден 18-ге, жол -көлік оқиғалары 63-тен 123-ке өсім алған, – дейді прокурор.
Аудан прокурорының сөзінше, аталған қылмыс түрлерінің өсу мәселелері аудан прокуратурасының бастамасымен өткен ведомствоаралық мәжілістерде және аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық комиссияда бірнеше рет қаралып, тиісті іс-шаралар белгіленген.
Бүгінде аудан көлемінде қылмысқа бейім 800-ге жуық адамдардың тізімі жасақталып, тәуекел топтарына жіктеліп, олар негізінен үш санатқа бөлінген және тәуекел дәрежесіне қарай тиісті жұмыстар қолға алынған. Сонымен қатар алаяқтық, мал ұрлығы, есірткінің заңсыз айналымы қылмыстарының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарды қылмыстық құқықбұзушылықтан қорғау мақсатында аудан көшелерінде билбордтар ілініп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– Өткен жыл көлемінде прокуратура органдарының бастамасымен «Қылмыссыз өңір-кемел келешек кепілі», «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ», «Нашақорлыққа жол жоқ», «ІТ тергеу» жобалары бойынша белсенді шаралар атқарылды. Аталған жобалар аясында аудандағы алкоголь өнімдерін сататын кәсіпкерлермен меморандумдар жасалып, әрбір елді мекендерде жұмыс топтары құрылып, бақылау шаралары жүргізілді.
Қазіргі уақытта ауданда бір ауыл арақсыз ауыл ретінде жарияланса, бұл санатқа тағы 4 ауылды қосу жоспарлануда. Соңғы жылы 4 ауылда қылмыс тіркелмеген. Бұндай санаттағы ауылдарды көбейтіп, тиісті нәтижеге қол жеткізу үшін барлық шара жүргізілетін болады.
Өмірде аяғын шалыс басқан жандардың қоғамға қайта қалыптастырудағы жұмыстарды жандандыру мақсатында аудандық прокуратураның бастауымен бірқатар іс-шара жүзеге асырылуда. Яғни жұмысқа орналастыру, медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсету, спорттык іс-шараларға тарту және түрлі тренинг пен кездесу өткізу жұмыстар жүргізілуде. Елімізде жазасын өтеп шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек беру ісі жолға қойылған. Ол – пробацияның есебінде тұрған адамдарды әлеуметтендіруге бағытталған жеке бағдарламалар негізінде іске асырылатын шаралар кешені. Негізгі бағыттарға пробацияның есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық көмек беру және өзге де әлеуметтік-құқықтар жатады. Сотталғандардың қайта қылмыс жасауына олардың түзу жолға түсуге деген ниетінің жоқтығы, көп жағдайда тұрақты жұмыс орнының болмауы, ішімдікке салынуы түрткі болады. Сондай-ақ қылмысқа барудағы алғашқы салдарды анықтап қарағанда, көбіне сотталғандардың әлеуметтік бағыттан алшақтауынан, яғни тұрмыстық проблемаларының дұрыс жолға қойылмағандығынан қайта қылмыс жасау орын алады. Сол себепті оларды жұмысқа орналастыру, құқықтық қолдау білдіруге ұдайы әзірміз, – деді Мейрамбек Жанбырбайұлы.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы бағытта бойынша аудан прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, оларды жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу, қылмыстың құрбаны болудан сақтандыру шараларын жүйелі жүргізіп келеді. Бұл саладағы шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында электронды жүйелер мен қосымшалар кеңінен пайдаланылуда.
Осындай жаңа жобалардың бірі облыстық прокуратураның бастамасымен білім беру ұйымдарындағы оқушылар үшін қол жетімді «Adalbala» қосымшасының қолданысқа енгізілуі. Аталған қосымшада ұялы телефондағы тиісті сайтқа кіру арқылы, кез келген құқықбұзушылық, балаға төнген қауіп туралы хабарлама жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Аудан көлемінде «Adalbala» жобасының тиісті деңгейде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында аудандық прокуратура қызметкерлерімен барлық білім беру ұйымының басшылары мен жауапты қызметкерлерінің қатысуымен мәжіліс өткізген. Жиында қосымшаны пайдалану ережесі егжей-тегжейлі түсіндірілген. Аудан прокурорының сөзінше, аудандағы барлық мектепте аталған қосымша жөнінде нұсқаулық ілініп, оқушыларды толық тіркеу жұмыстары атқарылуда.
Бүгінде аудандық прокуратураның қызметкерлері қадағалау ісін жолға қойған деуге толық негіз бар. Себебі соның нәтижесінде қылмыстық фактілер анықталып, бейберекетсіз істер қалпына келтірілуде. Қылмыстың алдын алу бағыты бойынша жаңа жобаларды іске қосып, тиімділігін арттыруда.
– Қылмыстық істерді тергеп-тексеру бағытында соңғы үлгідегі бағдарламаларды пайдаланып, қылмыстарды жедел ашу, электронды құрылғылар, интернет, әлеуметтік желі арқылы жасалған қылмыстармен оның ішінде интернет алаяқтықпен күресуді тиімді жүргізу үшін облыстық прокуратураның бастамасымен 2024 жылдан бастап «ІТ тергеу» жобасы жүзеге асуда. Жобаның мақсаты соңғы кезде көп болып жатқан интернет қылмыстары бойынша қылмыскерлер туралы жедел мәліметтер жинақтап, қылмыстың жедел ашылуын қамтамасыз етіп, жәбірленушінің құқығын қорғау.
Осы бағытта арнайы топ құрылып, жұмыс істеуде. Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен оңды тәжірибе ретінде республика бойынша қолданысқа енгізілген «Электронды браслет» жобасы аясында жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, смарт білезіктерді сатып алу жоспарлануда. Осы арқылы пробация есебіндегі азаматтарды электронды бақылау жүзеге асырылатын болады, – дейді прокурор.
Брифингте мәлім болғандай, өткен жылы аудандық прокуратураның қадағалауында болған қылмыстық істердің тергеп-тексеру әрекеттері 100 пайыз электронды нысанда жүргізілген. Нәтижесінде барынша ашықтықты қамтамасыз етіп, тергеушінің, прокурордың және соттың жұмысын бағалауға мүмкіндік бере отырып, дәлелдемелерді бұрмалау, заңсыз шешімдер шығару мүмкіндігін болдырмауға мол мүмкіндік берген.
Бұдан бөлек, қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер ­бойынша сот актілерінің, атқарушылық өндірістер, пробация, жедел іздестіру қызметіндегі жұмыстарды жүзеге асыруда заңдылықты қадағалау салалары бойынша аудандық прокуратурада атқарылған шаралар және оның нәтижелері туралы ақпарат берді. Кездесу барысында аудан прокуроры Бас прокуратура белгілеген басым бағыттар мен жүктелген міндеттерге, оның маңыздылығы мен себептеріне тоқталды.
Брифинг соңында Мейрамбек Маханбетжанов баспасөз өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап беріп, алдағы уақытта тығыз байланыста жұмыс жүргізетінін жеткізді.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
21 қаңтар 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (9372)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (9371)

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (9370)

13 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031