Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Супер Кубок – 2026: күлкі, креатив, жеңіс

Супер Кубок – 2026: күлкі, креатив, жеңіс

Шиелі сахнасы тағы бір мәрте шаттық пен шабыттың ордасына айналды. Көңілділер мен тапқырлар алаңы – жайдарман супер кубогы – 2026 бұл жолы да көрерменді күлкіге қарық қылып, өнер мен ойдың үйлескен шынайы мерекесін сыйлады. Әзіл мен астарлы ой, сахналық мәдениет пен заманауи тақырыптар тоғысқан бұл кеш көптің есінде ұзақ сақталары анық.
Ауқымды шара Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қолдауымен, Жайдарман филиалының ұйымдастыруымен және Nomad Go такси желісінің демеушілігімен жоғары деңгейде өтті. Супер кубок бәсекесінде соңғы екі жылдың чемпион атанған үздік командалары бас қосып, мәртебелі кубоктың иесін анықтау үшін бар өнерлерін ортаға салды.
Ойын басталған сәттен-ақ залды ерекше аураға баурап алды. Әр команда өзіне тән стильмен, идеялармен, өткір әзілдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахнадағы әрбір көрініс үлкен дайындықтың, үздіксіз еңбектің нәтижесі екені анық сезілді. Қазылар алқасы да оңай шешім қабылдай қоймады.
Дегенмен, тартысқа толы сайыс нәтижесінде «47 қырандары» құрамасы шеберлігімен дараланып, қарсыластарынан оза шауып, «Супер кубок – 2026» жеңімпазы атанды. Жеңімпаздарға кубокпен қатар 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай жүлде табысталып, еңбектің өтеуі лайықты бағаланды.
Кеш барысында көрермендерге арналған тосынсыйлар да көп болды. Демеуші Nomad Go такси желісі билет алып келген көрермендер арасында арнайы ұтыс ойынын ұйымдастырып, бір бақытты жанға екі адамға арналған Түркия еліне жолдама табыстады. Бұл қуанышты сәт залдағы шаттықты еселей түсті.
Сонымен қатар ойынның көркін қыздырған ерекше сәттің бірі – IN-YAN барбершопы тағайындаған «Үздік ойыншы» аталымының иегерін анықтау болды. Өзінің сахнадағы белсенділігімен, шынайы эмоциясымен, ойлы да өткір әзілдерімен көптің көңілінен шыққан Кәмшат Табиғатқызы бұл мәртебелі марапатқа лайық деп танылды. Ол арнайы сыйлық топтамасы мен сертификатқа ие болды.
Марапаттау сәтінде үздік ойыншы өз әсерімен бөлісті:
– Жайдарман – мен үшін тек ойын емес, үлкен өмір мектебі. Бұл сахна бізді еркін ойлауға, өз пікірімізді ашық айтуға үйретеді. Бүгінгі супер кубок – командалардың ғана емес, күллі жайдарман қозғалысының жеңісі деп білемін. Бізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен ұйымдастырушылар мен демеушілерге, сондай-ақ әрбір әзілге шынайы күлкі сыйлаған көрермендерге алғысым шексіз, – деді ол қуана.
Жайдарман – жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, сөз мәдениетін қалыптастыратын, бірлік пен ұйымшылдыққа тәрбиелейтін үлкен алаң. Осындай мазмұнды жобаның дамуына үлес қосып, жан-жақты қолдау көрсетіп отырған барлық демеушілер мен ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Қатысушы командаларға алдағы уақытта да шығармашылық табыс, тың идеялар мен жарқын жеңістер тілейміз.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
19 қаңтар 2026 ж. 43 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№4 (9371)

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (9370)

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (9369).

10 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031