Әзіл алаңындағы тартыс
Сенбі күні Салтанат сарайында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің тапсырысымен аудандық Жайдарман лигасының ұйымдастыруымен аудан әкімінің кубогы үшін облыстық жайдарманшылар сайысы өтті.
Жайдарман ойындарының деңгейі жылдан жылға дамып келеді. Шараның мақсаты – жастар арасында мәдени құндылықтарды насихаттап, тапқырлық пен ой ұшқырлығын дамыту. Кешті арнайы «Қызылорда жайдарман» филиалының директоры Әліби Басаров жүргізді.
Жайдарман ойындарының деңгейі жылдан жылға дамып келеді. Шараның мақсаты – жастар арасында мәдени құндылықтарды насихаттап, тапқырлық пен ой ұшқырлығын дамыту. Кешті арнайы «Қызылорда жайдарман» филиалының директоры Әліби Басаров жүргізді.
Аталған жарысқа облыстан және ауданнан барлығы 12 команда қатысып, бақ сынады. Ойыншылар қоғамда болып жатқан жағымды жаңалықтар мен ерсі қылықтарды өздерінің әзіл-шыны аралас көріністерімен айшықтады. Еркін әрі қызықты өткен жарыс көрермендерге де қуаныш ұялатты. Көңілді кешке «Қорқыт жастары» командасының ойыншысы Мағжан Мырзағұлов, «Шиелі біз біргеміз» қайырымдылық қорының төрағасы Жасұлан Рысбек, Шиелі жайдарман лигасының директоры Мақсат Әбу, жас кәсіпкер Балдәурен Жұманазарұлы және Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің маманы, жастар жанашыры Біржан Бақтыбайұлы қазылық етіп, сайыс соңында пікірлерін айтты.
Тартысқа толы ойындардың қорытындысы бойынша аудан әкімінің кубогіне Қызылорда қаласынан келген «Q құрамасы» ие болды. Шиелілік «47 қырандары» құрамасы екінші орынды иеленсе, Қызылорда қаласының «Мәншүк құрамасы» үшінші орынды жеңіп алды. «Үздік ойыншы» аталымына Кәусар Сералхан, ал «Үздік әзіл» номинацияға Жаңақорған ауданынан келген «Кейден құрамасы» лайық деп танылды.
Сонымен қатар сайыс жеңімпаздарына аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев кубок пен қаржылай сыйлық табыстады. Ойын соңында қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы алғыс хат беріліп, жайдарманшылар естелік үшін суретке түсті.
Айнұр ИБРАШЕВА