Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өркенді өңірдегі өрлеу

Өркенді өңірдегі өрлеу

«Біз барлық азаматқа соның ішінде қоғамның ардагерлері мен зейнеткерлерінің әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік саясатты одан әрі күшейтеміз». Президент 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саланы дамытуға, халықтың өмір сапасын арттыруға басымдық берілгенін айтып, осындай қағиданы білдірді. Осы қағидаға сүйеніп, өңірдің жан-жақты дамуына үлесін қосып келе жатқан қоғамдық ұйымдардың қатарында біздің де аудандық ардагерлердің, ардагерлер кеңесінің қызметі орасан. Қайбір істің басында бір нұсқаушы болады. Сондай бір білімінің, қамқорлығының, табандылығының арқасында аудандағы 9697 ардагер мен зейнеткердің басын қосқан білікті басшы, заңгер, журналист, сазгер, әнші, бата берудің шебері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаилдың жүріп өткен жолы ғибратқа толы.
Өркен төбеге шықса төредей, төрге шықса төбедей болып байлық пен мансапты аңсамай ел-халықтың қамын ойлаған, қоғам қайраткері, ардақты азамат Әзімхан Исмаилдың бел баласы.
«Ата көрген оқ жонар» демекші әкеден көрген ептілік, қанмен келген тектілік алға жетелеген Өркеннің алған асулары мен жеткен жетістіктері бірнеше кітапқа азық болардай. Жоғары оқу орнын бітіргеннен соң, қызметке араласқан оның қолы тимеген сала аз. Бір қолында қаламы, екінші қолынан кілт түспеген азамат.
Алғашкы еңбек жолын №50 мектепте мұғалім болып бастаған. Бойындағы өнері оны балалар әуез мектебіне алып келді. Іскерлігімен көзге түсіп, аудандык пионерлер үйінің директоры болып тағайындалды. Мұнымен тоқтап калмады. Шиелі, Жанақорған аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси тәрбие жөніндегі орынбасары, Шиелі аудандық паспорт столының бастығы, милиция подполковнигі, Балаби ЖШС-нің төрағасы, аудан әкімінің әлеуметтік салалар бойынша орынбасары, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, кезінде аудандық комсомол комитетінің 2 сайлауында бюро мүшесі, Шиелі, Жаңақорған поселкелік, Керделі ауылдык кеңестеріне депутат болып сайланған.
Еңбегінің өтеуі кеудесі жарқыраған төсбелгілерге, құшағы толы мадақтаулармен айшықталды. Марапаттарын тізе берсек, бір газеттің бетіне сыймас. Әсіресе өнер майданындағы еңбегі туған жер туралы «Шиелім», «Сыр ұланы» әндері Шиелінің гиміне айналды. Республикада тұңғыш милиция қызметкерлерінің «Жалын» атты ансамблін құрды. Оның әндері мен өмірбаяны «Қайталанбас дауыстар» атты сыр саңлақтарының антологиясына енді. Осыншама еңбектің көрігін қыздырған Өркен зейнеткерлікке шықса да, қол қусырып отырмады. 2021 жылдан бастап Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде көптеген қоғамдық жұмысқа мұрындық болып келеді.
Енді ардагерлер ұйымының жұмысына кезек берсек. Ардагерлер тарапынан тәрбиелік мәні бар қаншама іс-шара, кездесу, дөңгелек үстел өткізілді. 2025 жылдың желтоқсан айындағы мәлімет бойынша аудандағы 50 бастауыш ардагерлер ұйымында 9697 ардагер есепте тұрады. Оның 3714-і ер кісі болса, 5983-і әйелдерді құрайды. 175 тыл ардагері бар. Аудандык ардагерлер кеңесі жылына екі рет пленум, 4 мәрте алқа мәжілістерін өткізіп отырды (2021 жылы – 28 іс-шара, 2022 жылы – 29, 2023 жылы – 29, 2024 жылы – 30 іс-шара). Ал өткен жылы 30 рет іс-шара өткізіп, есеп беру кезеңінде оның саны 146 болса, оған 7030 адам қатысты. Пленумдар мен алқа мәжілістерінде Президенттің халыққа Жолдауы, «Ардагерлер ұйымы», республикалық қоғамдық бірлестігі, орталық кеңестің шешімдері, облыстық ардагерлер кеңесінің қаулылары, жастар тәрбиесі күн тәртібінен түспеді. Денсаулық сақтау, білім беру саласы ардагерлер ұйымдарының, Шиелі кенті, Бәйгеқұм, Алғабас, Ақмая, Тартоғай ауылдық ардагерлер кеңестерінің ардагерлер қозғалысын дамыту, ардагерлерді қоғамнан тыс қалдырмау, яғни мәдени көпшілік, спорттық сауықтыру шараларына тарту мақсатында атқарылған жұмыстар қаралды. Сонымен қатар кеңес аудандык кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінен, Ұлы Отан соғысы кезінде үлкендермен бірдей тылдағы жанкешті жұмыстарға қатысып, жеңісті жақындатуға үлестерін қосқан, жасы егде тартқан ардагердердің, асыраушысынан айырылған мүгедек қарттардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын, өмір сүру деңгейін жақсарту үшін, ынтымақтас туралы меморандум өтті. 8 ардагерге бөлім басшысы Жомарт Ақбергенов жомарттық жасап, әрдайым көмегін аямауда. Оның 5-еуі қазақ ұлтынан болса, 1-еуі кәріс, 2-еуі орыс ұлтының өкілдері.
Ардагерлер аудан намысын қорғауда белсене атсалысудан аянған емес. 2024 жылдың шілде айында өткен винтовка мылтығымен көздеу жарысына қатысқан Тартоғай ардагерлер кенесінің төрағасы Басаман Пірімбетов пен ішкі істер бөлімінің ардагері Қабыланбек Шалбаевтар жеңіс тұғырынан көрінді.
Ән салудан Тұрсынбай Датқа ауылынан Рақия Қожахметова бас жүлдені иеленсе, Байсын ауылынан Диляра Оразымбетова, Шиелі кентінен Исабек Байкенжеевтер өнер дипломанттары атанды. 2025 жылдың тамызында өткізілген «Күй керуені» сайысына қарияларымыз Тынысбек Дүйсебеков, ­Батырхан Махан, Ермахан Ембергеновтер қатысып, нәтижесінде күйші Ермахан Ембергенов бас жүлдені жеңіп, ауданның мерейін үстем етті. 2024 жылдың желтоқсан айында спорттық бильярд пен шахматтан өткен облыстық жарысқа Ақтай Ақбергенов, Серік Жаңабаев, Тлеубек Бабасов, Бағила Ағыбаевалар қатысып, марқұм Ақтай Ақберген алғашкы бестікке ілінсе, шахмат ойыны жарысында Бағила Ағыбаева жүлделі ІІІ орынмен оралды.
2025 жылдың 26 қараша күні облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырумен Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл және казақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Қазақ вальсінің королі Шәмші» тақырыбында ардагерлер арасында ән байқауы болып өтті. Оған Сұлутөбе ауылдық округінен Сарагүл Телешқызы қатысып, Шәмшінің «Арқаның Ақ таңы» әнін (сөзін жазған Мұхтар Шаханов) және «Қызылорда вальсі» (әні Т.Қалауовтікі, сөзі М.Әміреұлынікі) шырқап, байқаудың бас жүлдесін иеленді.
Бидайкөл ауылынан қатысқан ардагер Әбу Серікбай Мүсиұлы Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» және Өркен Исмаилдың «Шиелім» әнін баянмен орындап, дипломмен марапатталып шебер әнші ретінде есімі аталды. Байқауға 20 өнерпаз қатысқанын еске алсақ, біздің Сарагүл мен Серікбай өнер биігінен көрініп, ауданның атын тағы көтеріп тастады. 2022 жылы 22 ауылдық округ пен Шиелі кенті ардагерлер ұйымдарында алқа мүшесі Т.Баймағамбетов және орынбасар Т.Бабасов, Өркен Исмаил жиналыс өткізіп, аралап шықты. Есеп беру кезеңінде 18 бастауыш ардагер ұйымы құрылды. Осы кезеңде Өркен облыстык ардагер кеңесінің алқа мәжілісінде бір рет аудан ардагерлерінің жұмысы туралы есеп беріп, бір рет облыстық семинар кеңесте баяндама жасады.
Аудан көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық жалпыұлттық акциясы қанат жайды. Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлының бастамасымен тазалық және көгалдандыру шаралары көтеріліп, Шиелі кенті мен ауылдар жасыл желекке бөленіп, елді мекендер тазалыққа ден койды. Аудандық ардагерлер кеңесі 2023 жылы аспалы көпір маңында «Ардагерлер аллеясын» ашып, оған 300 көшет отырғызды. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына орай аудан әкімі А.Насриддинұлы аудандағы 175 тыл ардагерлерін кесте бойынша аралап, мерекелік марапатын жасап шықты. Оның құрамында аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдармалар бөлімінің басшысы А.Төлегенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудандық Халық ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы И.Байкенжеевтер бірге болып, Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтады.
Аудан әкімдігі осы салаға жылына 3 миллиондай каражат бөліп келеді. Соның арқасында 2025 жылдың 12-19 қыркүйек күндері Түркістан қаласына 72 ардагер саяхаттап қайтса, сол жылдың қарашасында Қорқыт ата кешеніне 15 ардагер экскурсия жасады.
2025 жылдың қыркүйек айында Ұлы Абайдың 180 жылдық мерей тойына орай Семей қаласына Шиелі ауданынан Әбдімомын Алияров, Рысбек Мұхтаров, Серікбай Мұратов есімді ардагерлер қатысып, облыс ардагерлерінің мерейін үстем етті.
Өткен жылы 25 қыркүйекте Бәйгеқұм ауылдық округіне қарасты «Ханқожа» көлінің жағасында Шиелі аудандық ардагерлерінің «Балық аулау – 2025» жарысы ұйымдастырылды. Аудан әкімідігінің демеушілігімен өткен іс-шараға 23 ардагер қатысып, 8 ардагер балық аулауға ниет білдірді. Оларды сағат 07:00-де алқа мүшесі Б.Күлімбет қармақтарын, жемдерін даярлап, көл жағасына алып кетті. Бұрынғы «Ардагерлер үйі» алдына жиналған ардагерлерді аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов пен аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаев сәттілік тілеп шығарып салды.
Жарыстың қорытындысын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Төлегенов, ардагерлер төрағасы Ө.Исмаил, балықшыларға төрелік жасаған Б.Күлімбеттер шығарды. Сайыстың ІІІ орны бәйгеқұмдық балықшы С.Байжановқа, ІІ орын байсындық Ш.Әбдімомынға бұйырса, жүлделі І орынды бидайкөлдік қарт балыкшы М.Таубаев жеңіп алды. Оларға аудан әкімінің құттықтау дипломдары мен сыйлықтар табыстады. 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орайластырылған жыл сайынғы ауқымды акция әлеуметтік колдау айлықтары сөз жоқ ардагерлер ұйымдарының еңбегі болып табылады. Бұл жерде Шиелі кенті, Бидайкөл, Бәйгеқұм, Ақмая, Ш.Қодаманов, Алғабас, Еңбекші ауыл әкімдерімен шаруа қожалықтарының төрағалары қамқорлық жасап, материалдық көмектерін беріп келеді. Бұл мерекеге аудан әкімдігі, мемлекеттік мекемелер, жұмыспен қамту және әлеметтік бағдарламалар бөлімі де айрықша мән беруде. Қарттарды құрметтеу, үлгі тұту, қарт адамдардың сіңірген еңбектерін мемлекеттің, ауданның дамуына қосқан үлестерін мойындау белгісі ретінде Қазақстанда жыл сайын Халықаралық қарттар күні салтанатты түрде аталып өтуде.
2024 жылы 15 мамыр күні өткен 3 пленумға ардагерлер ұйымы Орталық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтар қатысты. 2024 жылы облыстық ардагерлер кеңесімен 17 ардагерге «Мерке» шипажайына жолдама берілсе, аудан әкімдігінен 10 ардагерге «Сарыағаш» шипажайына жолдама беріліп, демалып қайтты. Бір ардагеріміз жолдамамен «Бурабай» санаторийінде демалса, есепті мерзімде 32 ардагер жолдамаға қол жеткізді.
2025 жылы Т.Сырымбетов «Батагөй қария» болса, Қ.Әлтай «Кеменгер», Б.Құлтаев «Қазыналы», С.Омаров «Қажырлы», Б.Күлімбет «Ақылгөй», Б.Пірімбетов «Байсалды», А.Жұмаділов «Сабырлы», М.Әбілдаева «Мейірімді әже», Ұ.Назарбекова «Бауырмал әже», Б.Аманқұлова «Қамқоршы әже» атанып, осы номинацияларды салтанатты жиында аудан әкімі А.Жандарбековтің қолынан табыс етілді. Бұл деген қарияларға жасалған құрметтің керемет белгісі болса керек. Біз аудан ардагерлері аудан басшысының ізгі бастамаларын үнемі қолдап келеміз. Қолдай да береміз. Мұншалықты кыруар жұмысты бір адамның бітіруі мүмкін емес. Ол халықтың, әкімдіктің, қоғамдық дамудың ақжүректі демеушілермен тіл табыса, ынтымақтаса жұмыс істеуінің арқасында осындай табыстарға жетіп отыр.
Санап болмайтын марапаттарын айтпағанда Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР мәдениет саласының қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі, Қызылорда облысының «Құрметті ардагері», ҚР Ішкі Істер органдарының «Құрметті ардагері» Өркеннің шыққан биігі еді.
Ардагер деген құрметті аттың иелері, ақыл берер ағалар, бата берер аталар, тілекші әжелер, ұрпак өрбітер аналар, әрқайсыңыз патшаның тағына лайық жансыздар. Өңірдің өркендеуіне теңізге тамған тамшыдай болса да үлесін қосқан ардагерлердің әрбірінің өнегелі ісі ұрпаққа мұра. Елі үшін туған ердің аты өшпейді. Елім деп еміренген азаматтар бір-бірімізге деген құрметіміз азаймай, әр күннің қадіріне жетейік. «Елге қызмет – абыройлы міндет» деген осы.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
газеттің штаттан тыс тілшісі
12 қаңтар 2026 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№2 (9369).

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (9368)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031